Тоқта, джаз! (әңгіме)

43547683_249762032389210_2836507474427641856_n Сара Жақсылық,
Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің 4-курс студенті

 

 

 

 

 

10.04.18. 

Сәлеметсіз бе! Ғаламтордан «Ағылшын ақындары егер сен жайлы жазса…» деген бір бозбаланың жазбасын оқып, сол секілді өз нұсқамды жасайын дедім. Оқып көріңіз
 «Егер Харуки Мураками Сіз жайлы жазар болса, онда Сіз Жапонияның елге белгісіз кішкентай қаласының бірінде не үлкен мегаполисінде тұрар едіңіз. Күнделікті күйбең тірлікке қарамастан күндердің бір күні  кездейсоқ  оқиғалар тізбегіне ілініп, ғажайып әлемге сапар шегер едіңіз.
Екі жүз жыл бұрынғы Чехов романында Сіз қоғам әділетсіздігінен жеріген нәзік жанды, мөлдір сезімді бозбала болар едіңіз. Сырлы түндер құшағында ғашығыңызға хат жазып, көлдегі шағаланы тамашалауға жаныныз құмар болар еді.
Егер Сіз туралы Рэй Бредбери жазса, Марсқа ұшар алып кеменің ержүрек те батыл, фантастикалық күшке ие  капитаны болар едіңіз.
Дэниел Киздің романында Сіз адам жаны мен миының жұмбағын ашуға құмартқан журналист не психолог болар едіңіз.
Қарт Хемингуейдің шығармасында сіз дүлей күшке қарсы тұра алатын адами күштің дәлелі, шыдамдылықтың нақ суреті болар едіңіз.
Сіз Дэвид Сэлинджердің кейіпкері болсаңыз, өз өмірінен бір мән іздеген, ылғи текетірестерге ұрынып қалар тентек те ақылды бозбала болар едіңіз.
Адамзаттың Айтматовы Сізді дүниеден тек жақсылықты көре білетін, сезім мен махаббаты, адамшылықты бәрінен жоғары қояр азамат етіп бейнелер еді.
Скотт Фицжеральд Сіз туралы жазса, онда сіз қайсарлық пен адалдықты ту еткен, сүйгені үшін барын аямас ержүрек батыр болар едіңіз.
Тек… Осылардың барлығының жиынтығы бойынызда бола тұра, бір кітапқа, не тоғысқан бір тағдырға сыймайтыныныз қандай өкінішті!…
***
30.05.18.
…Сізге үнсіз болу әлемдегі  ең оңай шаруа болса да, маған ол жүзеге асуы қиын тапсырма секілді. Ол тапсырманы орындауға құлқым да жоқ, бірақ, еріксіз, өз-өзімді зорлаумен оған да қол жеткіземін. Құдды алгебрадан берілген үй тапсырмасы сияқты. Сол пәннен сабақ берген ағайым айтатын: математика адамға табиғатынан беріледі немесе аяусыз еңбекпен, күнделікті жаттығулармен санаға қонады деп.  (Мен екіншілердің қатарындамын). Сол секілді менің үнсіздігім де күнделікті жаттығумен келетін дүние екен ғой… Қоя салсам, қазір-ақ бәрін өртеп жіберемін. «Үнсіздік – мінсіз өнер». Кім айтса да, дәл айтыпты!
***
16.06.18.
«…Бәрінен бұрын жүрегімді аяймын. Кеудемнен шыр етіп ұшпақ болса да, ернімді жымқыра тістеп шыдап тұратыным оған деген сатқындық болар, бәлкім… «Аһ!» деп күңірене күрсінсем, көмейден самғап кетер ме деп қорқамын. Жанымның жарқын сәттерінің, жылы естеліктерінің, жетем бе деген армандарымның мекені.
Сені мәжбүрлегім келмейді. Сен бәрібір сүюге, сенуге, армандауға талпынасың. Тек, мына ғасыр, мына орта пышақсыз жара салып, тілгілеп жатқанына қарап отыра алмайды екем. Сені қорғау қиын болар, бірақ, қолымнан келгенше мәпелеуге сөз беремін. Сендегі атар таңның балғындығы мен сәбидей тазалықты сақтап, Құс жолында болмашы сәуледей жарқ етейікші». Күнделігіме осы сөздерді жазып отырып, сізді есіме түсірдім.
***
21.07.18.
«Жақсы дос, тек өзі жақсы жолдас бола алғанда ғана болады». Соны ойлап санам сан саққа ауып, өзімді кінәлаймын. Бұрында байқалмағанымен, біреумен араласа бастасам, оның бойынан өзімді рухани қанағаттандыратын қасиеттерді іздеймін. Шамасы, есейгенім болар. Әлі күнге мынау менің жақын досым деп айта алатын адамның жоқтығы қынжылтады. Осылардың барлығын сізге айтып отырғаным…  Мүмкін, сіз менің досым шығарсыз?! Қайырлы түн!
***
01.08.18.
«Көк теңізге мен де барармын! Жиі хабарласып тұрыңыз! Өмір ғажап!»
***
Оның джазды не себепті ұнататынын түсінгендеймін. Кеудеңізде жып-жылы боп соғып тұрған жүрегіңізді ұстап көріңізші. Қағысы жай ма? Ал, енді Луис Армстронгтың бір әнін қосыңыз. Баяу қалыппен, ауада қалқыған ән толқынына ілесіңіз… «Әлем неткен ғажап!» әнін білесіз бе? Тамаша емес пе?! Дәл қазір, ала көлеңке Бардың ішінде осы әнді тыңдап отырмын. Қарсы алдымда ол.джаз
– Сəлем! – деді.
-Сəлеметсіз бе!- дедім жымиып. Оны көргенде ерекше қуанатынымды білсің дегендей әдейі жымиятынмын, оным тым жасанды көрінсе де.
Ұялғанымнан қолымдағы кола құйылған стақанды айналдырып, қарай беремін. Стақан қырында мен білмейтін дүниелер жасырынғандай үңілемін. Көзімді көтеріп қарасам, өртенетінімді білемін.
Міне, тағы да…
Ол қобалжи беріп, шарабын аудара жаздады. Үстел шетіне жылжыта салды.
 – Жағдайың жақсы ма?
– Күнделікті күйбең тірлік, газет бетіне жарамды дүние іздеумен әлек боп… Сіздің көңіл-күйіңіз жоқ сияқты. Елге оралғалы бері хабарласпадыңыз, уайымдаттыңыз ғой?!
– Бәрі баяғыша. – Жоғарыда төне қалған ұзынша жарық шамға қарап қалды. – Мына әнді сезесің бе? Оның тіліне назар аударма, ырғағын сез. Өнер ұлтқа бөлінбейді ғой… Қазақ бол, ағылшын не Африкадағы абориген бол, бәрібір емес пе? Егер ол құдірет сені басқалай күйге бөлей алса, жеткілікті.
– Менің әнге, оның жанрына келгенде онша «қырағы» емеспін. Жаныма жайлысын тыңдай беремін  – дедім қабырғадағы суреттерге көз тастап. Ішімнен қаншалықты сағынғанымды шамалап жатырмын.
Саксофон әуені дамылдап қалды. Бірер секундтық тыныштық. Хаттарымыздағы сырлы сөздерді осында әкеп төгілте салсаңыз ғой деп армандап қоямын.  Бірақ, оған ешкімнің де батылы жетпейді.
– Алыс құрлықтан жетпей қалған хаттарымды күтуден шаршадың ба?
Құдайым-ау, ол бәрін де біледі екен ғой деп ойладым. Көкіректе атылғалы тұрған бір тығын босап кеткендей:
 -Əə, иə… Сіз жауап жазбаған соң, өзім де мазаңызды алмайын дедім. Сағынғаннан…
Ол тіпті соңына дейін тыңдамай:
– Білесің бе, мен ол жақта да жалғыздығымнан арылған емеспін. Қайда барсаң да өз-өзіңнен қашып құтыла алмайсың. О, ескі пәлсапа! Түш, маған олай жанарыңмен сұрақ жаудырта берме.  «Әлем неткен ғажап!».  «Біз білмейтін дүниелерді айтар,  сәбилердің жылаған дауысың естимін» деген жолдар есіме түсіп кетті. Сезімге ерік беріп, жүрегіңді ашар сәтті күтпей-ақ, айта салуға болар еді. Бірақ біз жылылықтан қашамыз. Бетперденің шешілуінен қорқамыз. Мен тіпті анамның мойнынан құшақтап көрмеппін.
– Махаббатты білдірудің жолдары жетіп артылады ғой. Жылы сөз айтпасаң да, жанашыр боп жүрсең, уайымдасаң, түсінуге тырыссаң ол махаббат емей немене?…  Санамдағы ескі естеліктер арасынан әжем орала кетті. Студенттік шағымдағы демалыстардың бірі еді. Ас-үйдегі ыдыс-аяқтарды жуып жүргенде әжем жанымда отырып күнделікті бітірген ісін айтып отыратын:
– Қара қошақанды ақ қошқар сүзіп тастапты. Таңертенгілік түк жем жемей қойды. Былтырғы дұға оқытылған су  бар еді, соны беріп жатырмын. Оңбағыр, сөйтіп те сүзе ме екен! Басым да сырқырап қояр емес. Күнтізбеде дәрігерге қарал деп жазылыпты. Әжем үнемі қабырға күнтізбесіне сеніп, қарап жүретін. – Онда дәрігер ем-шөп жазып береді деп айтылыпты. Құрғыр, соған да жете алмай жүрмін ғой! Әлгі судың бірнеше бөтелкесін қалағаалып кет, ауруға мың да бір ем.
Сол  кезде әжемнің соншалықты ақкөңіл иланғыштығына  күліп әрі ерекше жақсы көріп кеттім. Ішімнен  қаншалықты жақсы көріп тұрсам да ештеңе айта алмадым. Үнсіз шаруамды жалғастыра бердім. Бірақ, өле-өлгенше қарыздар екенімді есіме мықтап қондырдым. Махаббат, сезім, мәңгілік деп айғайлағанның пайдасы бар ма, жоқ па осы?!  Тек, әжеме мауқымды баса еркелей алмағаным өкінемін. Әттең, осы кісінің алдында отырып та аузымнан бір мардымды сөз шыға алмайтынын қарашы. Ол:
– Хм, біздегі сезімге ұяңдық аноу жұлдыздар тозаңынан келген бе? Мен кейде әлемнің жаратылуы жайлы ойланамын. Шегі жоқ Құс жолы осынау ғаламның тозаңы ғана екенін ойласам, миыма сыймай кетеді. Әрі қарай ойлауға шаман жетпейді, Құдай өзі бұғаттап тастағандай. Кейін әндеріме, Жерге қайта ораламын. Сиықсыз өмірімнің сәнін келтірер ән ғана. Қарашы, мен мына шарапты ұстап отырып Алатауды көз алдыма әкеле аламын. Бұл әннің тауға не қатысы бар дейсің бе? Оны өзім де білмеймін.  Жай ғана өзімді солай жайлы сезінемін.
Қаншама ай жасырынған сөздерді, айна алдында талай айтқан сөздерімді осы сәтте айта алмай қалдым. Кейде әдеттегіден ұзағырақ күтіп қалсаң ол сөздердің де дәмі кетеді ме, қалай өзі?…
Үстелін маған жақындатты. Үздіге шыққан демін сеземін.
– Мысалы, сен өз жақындарына сезіміңді қалай білдіресің?
– Үйде жақындықты білдіру үшін арнайы сөздерді қолданбаймыз. Ұялатын да секілдімін. Мен өзі көп сөзге келгенде шорқақпын.
– Сенің осы қылығын бәрін де құртады. Айту керек! Не болса да, сезгеніңді, не қобалжытатынын, не ұнамайтынын барлығын да айтып қал! Әлемді сондай сөздер мен жылылық ұстап тұр емес пе?!  Мейірім жоқ дейсіздер, сол мейірім жақсы сөзден басталады! Менің отыз бес жылдық ғұмырым осыған кеп тірелгенін қарашы.
– Сіздің соншалық ашулаңғанынызды түсінбеймін.
Екі жылда жиналған өкпе-назымның айтылғаны осы болса керек. Көзіме жас та келмей қалды. Бұл сәтті қанша көз алдыма елестетсем де, дәл бұлай болатынын ойламаппын. Мені айтпады дей ме? Оған жазған ұзын-сонар сөздердің арасынан іңкәрлікті көрмеген, сезбеген… «Менің ішімді жарып көрсең, жылағаныңды қойып, шошыр едің» . Бойымды жаман сезімдер билеп, орнымнан атып тұрдым. Баяуалата соққан ән самалын менің іс-қимылым бұзып жібергендей. «Сәлем, Долли!» шырқала кетті.
– Менің сүйкімдім, саған осы әңгімені не үшін айтып отырғанымды білмеймін. Санамдағы негатив ойлардан арылып, жаңа өмір бастағым келеді. Тек осы тартыстың соңы өлім сияқты көрінеді де тұрады. Жүрегім ұша жөнеліп, ұстай алмай қалсам, дәл сендей…
– Мен осындамын ғой!
– Жоқ,болмайды.
– Не кедергі?
– Білмеймін, сені осындай образ қалпында армандай бергім келеді. Сенің пендешілігінді көрмесем, қиналғанынды білемесем. Рұқсат па?
Осыған дейінгі қиялымдағы елесінің мінсіз емес екенін, шынайы өмірде де дәл осы қалпын қабылдайтынымның  маңызы болмай қалды. Құлағым тарс жабылып, ештеңені де естігім келмеді. Ол сөйлеп жатыр.
Шөлмектер босап, жұрт тарай бастапты.Оның «ақылды сөздерінен» гөрі, үнсіз отырғаны жаныма жағар еді. Үйге жинала бастадық, мені шығарып салғысы келді, рұқсат етпедім.
Мардымсыз әңгімеміз санамда сайрап, тамағыма жасым кептетіле шығып кеттім. Көзді қарықтырған жарыққа кеудемде аша жұлқына бастым. Біреу бақылап тұрғандай, әлде өзіме солай көрінді ме, білмедім… Артқа қарауға жүрексінгенім болмаса, бойымнан үлкен салмақ түскендей көрінді. Ендігәрі біреуді ұзақ күтпейтініңді білген қандай жақсы!

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓