Оқы, оқы және оқы!
Қадірова Жұлдыз
ҚМПИ, филология факультетінің 1 – курс студенті.
Мектеп қабырғасында білім алып жүрген шағымда қолыма түскен газет – журналдардың беттеріне шолу жасап, өзіме қызықты деген көркем әдебиет айдарларын ғана оқып шығатынмын. Уақыт өте келе саясат, экономика және ұлттық болмыс мәселелерінің маңызын ұғынып, ізденісімнің ауқымын кеңейте түсуге кірістім. Алғашында бұл кіріспемнің басты құралы ретінде интернет, әлеуметтік желілердің жаңалықтарын қарастыратынмын.
Газет – журнал атаулыны ұмыта бастаған шағым еді. Қостанай қаласына келіп, қала тынысымен танысып жүргенімде қолыма «Қостанай таңы» газеті түсті. Сол сәттегі қызығушылығыммен «Мына газетті бүгін оқып бітіруім керек» деп шештім. Газеттің бір ғана санын оқи отырып, өзім білім алуға келген өлкенің бірқатар жаңалықтарымен таныс болдым. Сондай – ақ, Қостанай өлкесінің мемлекеттің дамуына қосып жатқан жан – жақты үлестерін жинақтап, басқа өлкелердің даму деңгейімен салыстыра бастадым.
Газетті оқи отырып, оның интернет желісінде сайты барын білдім. Сайтқа кіріп, ондағы әр түрлі айдарлар жаңалығына шолу жасадым. Газет ұжымының тарихындағы әр түрлі игі істерменен таныса отырып, іштей өте риза болдым. Менің де сол ұжымдағы іскерлер сияқты жұмыс жасағым келді. Сайтта көрсетілген әр түрлі жобаларға қызығушылығым туындады. Мысал ретінде былтырдан бері жүзеге асып келе жатқан «Домбыра-думан» жобасын атап өткім келеді. Білуімше, жобаның негізгі мақсаты – ұлттық өнеріміздің мәдениетін, қасиетін қала тұрғындарына таныта түсіп, оның ауқымының кеңеюіне үлес қосу болып табылады. Ондағы думанға қала тұрғындары өз еріктеріменен қолдарына домбырасын алып келіп, өздері құрған ортада ұлттық ән – күйден шашу шашады. Жобаның сәтті өткенін білген соң, оның келесі ұйымдастырылуын күтіп, қалай және қандай деңгейде өтетіндігін өз көзіммен көргім келді.
Жуырда сайт жаңалығына кіріп, «Домбыра-думанның» кезекті кешінің ұйымдастырылғалы жатқанын оқып, қуанып қалдым. Жоба қараша айының 26 – жұлдызында «Март» ойын – сауық орталығында өтеді екен. Бұл хабарды әлеуметтік желілерде, сондай – ақ жанымдағы құрбы – құрдастарыммен бөлістім. Ән менен жырға, қазақтың қоңыр күйіне құштар көңілге ие олар да бұл жаңалықты естіп, қуанып қалды. Бір құрбым сонда барып ән салуға асықса, бір құрбым сол кезде домбырадан төгілер сан қырлы күйлерді тыңдауға құмартты. Студенттік күндеріміздің ұлтшыл көңілімізге әсер етер думанды күні ретінде сол кешке асығып жүргенімізді жасырмаймыз!
Сондай – ақ, сайттан алда келе жатқан тәуелсіздік мейрамына қатысты жаңа мерекелік жоба ұйымдастырылып отырғанын оқыдым. Жобаға тәуелсіздік туы желбіреген жылы дүниеге келген қыз – жігіттер өз жетістіктері ретімен видеожолдау арқылы таныстырады екен. Сол арқылы біз еліміздің жетістіктеріне қосқан жастардың үлесін танып, олардан үлгі алатын боламыз деп ойлаймын.
Біз секілді жастардың рухани дамып, кемелдікке қол жеткізуіне себепкер боларлық жобалар ұйыдастырып отырғаны үшін газет ұжымына өз атымнан осындай мақаламенен алғысымды жолдағым келді. Газет ұжымының атқарып жатқан істері халыққа елеулі болып, алдағы уақытта өз жалғасын тауып, дами түссін дегім келеді.
Осы уақыттан бастап тек интернет, әлеуметтік желі жаңалықтарымен ғана емес, «Қостанай таңы» газетімен қоса, басқа да сапалы газет – журналдар жаңалығымен танысып жүретін боламын. Себебі, ондағы жаңалықтар тұлғалыққа ұмтылған әрбір адам баласы үшін өте маңызды болып табылады. Сондықтан, өз құрбы – құрдастарыма да осындай шешімге келуді ұсынамын! Ел жастары болып ізденейік, оқиық, өз – өзімізді жан – жақты дамытуға ұмтылайық!
Керемет