Жаңбырлы күн

Аспанға біреу әкеп сұрғылт бояу құя салғандай. Күлімдеп шыққан күн сәулесін жиып алып, бұлттардың артына жасырынды. Салқын жел соғып, жаңбыр тамшылады.
Үй ішінде отырып, бір мезетте назарым аулада жүгіріп жүрген балаларға ауды. Ауа райының салқын лебіне қарамай, жаңбыр астында күлімдеп ойнап жүр. Ұяларынан енді шыққан шөжелердей жан-жаққа жүгіргені қызық…
Шіркін, табиғат деген тылсым құбылыстарға толы ғой. Ата-бабамыз қашанда жаңбырды «нұр» деп есептеген. «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер», «Жаңбыр жауса – жер ырысы» деген мақал-мәтелдер соған дәлел бола алады.
Өз басым жаңбыр жауған күнді қатты ұнатамын. Әсіресе, жаздыгүні жайлауда жауған нөсерге ешнәрсе тең келмес. Ол көңіліңді көтеріп, жаныңа үміт ұялатып, жылы сезімге бөлейді. Жауынның пайдасы мол, жерге нәр беріп, жан-жануар мен құстарға да пайдасын тигізеді. Ал жаңбырдан соң болатын кемпірқосақ ол мүлдем ерекше дүние. Бейне бір сиқырға толы құбылыс. Күлімдеген күннің көзін көмкерген бұлттардан кейін шығатын бұл ерекше «сиқырлы құбылысты» тамашалағанның өзі бір ғанибет деп білемін.
Ділназ Ізтілеуова,
журналистика мамандығының 3 курс студенті

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓