Кешіккен үміт

Толассыз жауған жаңбыр Лондон тұрғындарының дегбірін әбден қашырды. Төбесін бұлт қаптаған тұманды Альбион жерінде күн сирек көрінеді. Жауын қала тіршілігін сәл-пәл саябыртып, ағылшындықтардың күн көріс қамы үшін алып-ұшқан жандарын кеуделерінен басып қойғандай.
Қаланың қақ ортасында жатқан басты көшенің шегі жоқ секілді. Осы көшенің бойынан оқта-текте басын қолымен көмкеріп, не болмаса дорбасымен жапқан тұрғындардың жан ұшыра жүгіріп өткенін байқайсың.
Ұзақ күндерге созылған жаңбыр туралы жергілікті арзанқол басылымдар да жарыса жазып, қала мэрінің де берекесі қашқан. Бала-бақша мен мектептерден тыйылған балақайлар үйге сыймай, тірліктері кері тартып, әр отбасыда азды-кемді ұрыс шығып, қала түгелдей бір мазасыз күйде еді. Бәріне аспан тесілгендей үздіксіз жауған жаңбыр кінәлі.
Лондон көшелерін жуып-шайған толассыз жауын тек Геккельберри мырза үшін зиянсыз еді. Тіпті, осы тамшылар сырын ұғып, оған басу айтып тұрғандай. Геккельберри мырзаның көздері кішігірім Лондон іспетті. Ол да бұл күндері тым көңілсіз. Жанарынан аққан жасты даладағы жаңбыр жасырып, «жылама» деп сүрткендей болады. Сыртқа қанша білдірмейін десе де, өзегін өртеген өксігі ішіне сыймайды. Қайғыға ортақтасып табиғат-ана да Геккельберримен бірге қайғырып жатқан болар, бәлкім.deszcz-the-droga-walk-mezczyzna-lineЖауын астында жалғыз жүрген Геккельберри мырзаның жалғыз ұлы Оскар ауыр дертке шалдыққан. Дәрігерлер қойған диагноздан бері аспан түнеріп, қабағы бір ашылмай, Гек мырзамен қосарласа қайғырып жатқандай. Өткен аптада он жасар Оскардың санаулы ғұмыры қалды деген дәрігер Геккельберридің көңіліне зілдей қайғы салып еді. Шарасыз қалған Гектің содан бері көзінен жас тоқтамады, аспанда да дәл солай. Бейшара ұлына сездірмейін деп, даладағы ауа райының қолайсыздығына қарамай, көбіне көшеде жүретін болды.
Жаратқанға кейде жалбарынып, ашынғаннан кейде жазғырып та алады. Оң мен солын аңғарып үлгермеген, бейкүнә баланың не жазығы бар екенін ұға алмай, тағдырдың бұл жазуын әділетсіз деп, кімді айыптарын білмей, жаңбыр астында барынша айғайлап, шерін шығара алмай жылаумен болатын.  
Ауру баласының күтімімен отырған әйелі ендігі тағы  бала көтеруге қабілетсіз еді. Тұңғышын да әлжуаз қып дүниеге әкелгені үшін күйеуі Геккельберри де ішімдікке сылқия тойып алып, байғұс жарына ауыр сөздер айтып, кейде ұрып та алатын.
Әйелі Герта кедей отбасынан шыққан. Жас күнінен тағдырдың теперішін көріп өскен бір байғұс еді. Бала кезінен талай қиындыққа шыдап, өмір үшін күресіп, өз жанын әрең аман алып қалған. Көрген азаптары Гертаның денсаулығына зиян келтірмей қоймады. Басынан мұң арылмайтын болды. Енді, міне, балаға жарымай, жалғызынан айырылуға шақ қалып отыр. Оскардан айырылса, Гек мырза әйелін кінәлары анық. Герта өзі үшін де, баласы үшін де көп уайымдап, үнсіз жылаумен болды.
Бір апта бойы қалыптасқан әдетінше Гек мырза үсті басы малмандай су болып үйге келді. Үй іші қараңғы. Құса қаптаған қара шаңырағына көз сүзіп шығып, үстіндегі сулығын шешіп, жерге лақтырды. Асханасын тінтіп жүріп, орта беліне тақаған ром бөтелкесін алып, тоқтаусыз жанып тұрған каминге қарсы отыра кетіп, іше бастады. Күйеуінің келгенін естіген Герта төменге түсті. Жол жөнекей қолына орамал іле кетті. Бір жақсы жаңалық күткен Герта асығыс-үсігіс астыға түсіп, күйеуі отырған қонақ бөлмеге жетіп келді. Басын сәл бұрып, көз қиығын тастап, «Гек, амансың ба?» дегендей шырай танытып, ернін жыбырлата салды. Араққа тойып алып, тағы маза алатынын сезген Гертаның көңіл-күйі түсіп, қолындағы орамалды күйеуіне ұсынып, кешкі астың қамына кіріскендей ас үйге барып әлденелерді шұқылай бастады. Бұл үйдің берекесі қашқалы қашан. Үй қызметшілер де көп тұрақтамайды. Бірі келіп, бірі кетеді.
Рюмке ұстаған қолын аузына тақап, тістене мүжіп отырған Гек дәрігердің сөздерін күбірлей қайталай берді. Уайльд әулетін жалғастырушы ұлы Оскар көз алдында солып барады. Геккельберри Уайльд өз әкесі қалдырған өсиетті орындай алар емес. Лондондағы ауқатты отбасылардың бірі Уайльд тұқымы жойылып кетуге жақын. Оскардан айырылса, әке өсиеті орындалмай, ата-бабасының рухы разы болмас деп, өзін жегідей жеп, қайғысына қайта басты.
Гекті әкесі тірі кезінде Гертаға әдейі үйлендірген. Герта осы әулетте 17 жасынан үй қызметшісі болып, қызындай жақсы көрген Уайльд мырза Гертаны сенімді адамдарының бірі санайтын. Өзі теңдес бай қыздары өжет, жөлік екенін біліп, Гекті бай-шоңжарлардың қыздарына жуытпаушы еді. Ұлы да қарсылық білдірмей, көз алдында жиі көріп жүрген Гертаға көңілі ауып, қосылған болатын. Сол кезде Гертаға ертегідей көрінген өмірі қас-қағым сәтте бұрынғы мұңды әуеніне қайта басты.    Геккельберри көп ойланып, Оскар өлсе қаумалап шығатын өсек-аяннан қорқа бастады. «Уайльд әулеті құрыды», «Геккельберри мырза Лондонның бай әулеттерінің бірін күлін көкке ұшырды», «Әкесі өлген соң отбасын ұстап тұра алмады» деген сандырақ сөздер санасын улап, састыра бастады. Оскар дүние салса, Уайльд әулетінің жалғыз тұяғы өзі болады. Бұл өлгеннен кейін бәрі құриды. Уайльд тегі енді еш жерде жазылмайды. Ал, әйелінің бедеу екенін айтып, ақтала алмайтынын түсінген Геккельберри басқа жолдарды іздестіре бастайды. Екінші әйел алып, тоқал ұстау Уайльд сияқты ақсүйектер әулетінде кездеспеген жағдай.
Геккельберри енді тірі жүрсе ұятқа қаларын біліп, түрлі жаман қылықтарды ойлай бастады. Көз алдына өзін масқаралаған жұрттан қашып, тығыларға қуыс таба алмай жүрген суретін елестетеді. Атына қара боп жабысар қаңқу сөзден құтылар жол тек өлім ғана екенін түсінгендей. Басқа біреудің емес, өзінін өлімі. Маңдайынан тер сорғалап, екі қолымен шашын жұлмалай, терін қайта-қайта сүртеді. Тамағын қысқан жейдесінің алдын ашып, бет-жүзі одан сайын қызара түсті. Кенет өздігінен «Геккельберри Уайльд жазмыштан көз жұмыпты, артында жесірі әйелі мен жалғыз ұлы қалып еді, кейіннен ол баласы да қайтыс болды» дегендей болашақ сөздерін құра бастады… Тамаша. Ешкім ешнәрсені байқамай қалады. «Гек тірі болса, Уайльд әулеті көп жасар еді. Екінші баланы да дүниеге әкелдірер еді. Байғұс бұлай болады деп ойлады ма?» деп жұрт керсінше аяныш білдіреді. Сүйікті ұлының өмірден озып, қабырғасын қайстырып кеткенін де, содан кейінгі масқаралаған жұрттың өсегін де естімейді. Иә. Бұдан өзге басқа жол көріп тұрған жоқ. Кімнің болмасын, ол мына ит тірлікте қанша жағымсыз адам болса да, өлгеннен кейін адамзат бәрін мақтайды. Атақтылар мен байлардың арасындағы осындай бір бақталастық пен күңкіл әңгіме арыстай азаматтын есін ауыстыра бастады.
Енді ол ажал түрін таңдауға кірісті. Алақ-жұлақ жан-жағына қарап, асүйде жүрген әйелінен тығыла қашып, екінші қабатқа көтерілді. Ауруы солқылдатып, қызуы көтеріліп, азаптанып жатқан ұлының қасына келіп, маңдайынан сипады.
-Ұлым, сен тартқан қасірет пен азаптың кесірі маған да әсер етті. – көзінен жасы парлап, ром толы рюмкесін сіміріп қойып, әрі жалғастырды. – Біз атақты әулеттің ұрпақтарымыз, бізді ешкім қараламауы керек. Одан да жан тапсырғаным артық,-деп ішімдіктің соңғы жұтымын қағып сап, сөредегі кітаптарды қопара бастады. Кітаптарды жан-жаққа шашып, қалың бір кітапты қолына алды. Ол мұнда ортасындағы парақтарды ойып, тапаншанасын жасырған екен. Тұла бойы мастықтан балбырап, қолдарының әлі кетіп, суық қаруды әрең көтеріп тұр. Тапанша оқтаулы екен. Өне-бойы салқын тартып, тез есін жиып алды. Ажалмен бетпе-бет келген тұсы осы. Тапаншаның шүріппесін тек бір басса болды, өзін күтіп тұрған барлық масқара мен азаптан құтылады. Жаңа өмірдің есігін ашатындай күйде тұр.
Кешкі ас та әзір боп қалды. Герта күйеуінің кейінгі уақытта тамақ ішпейтінін білсе де, дастархан басына шақыруға ниеттеніп, жоғары көтерілгені сол еді, тарс еткен тапанша үні үй ішін дүр сілкіндіргендей болды. Герта қарудың даусы екенін бірден білді. Бұрын ол естіген-тін. Тек мас болған күйеуі ұлын атып тастады ма деген жаман оймен уланып, тұла бойын қорқыныш билеп, жанұшыра жоғарыға жүгірді.
Қара-қою қан жатын бөлменің еденіне жайылып, жансыз дене жатқан жақтан кеп еденнің қуыстарына құюлуда. Құлағын екі қолымен басып, көзін тас жұмған Оскар тақта үстінде қалшылдап, дірілдеп отыр. Күйеуінің өлігін көріп, Гертаның көзіне тамшы кеп тығылды. Мәйітке қарай алмай өзін жайсыз сезінген жесір әйелдің көзі қараутып, тамағына ащы құсық кеп тірелді… Өйткені ол жүкті еді…          
 
Кенже Қонысбай

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓