????????????????????????????????????
Мәслихат депутаттарының кезектен тыс сессиясында 2018-2020 жылдарға арналған облыс бюджеті қайта қаралды. Жиында Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Елена Дерий баяндама жасады. Оның айтуынша, Мемлекеттік сатып алуға арналған бюджеттік бағдарламаларға бөлінген қаржыдан 2 млрд теңге үнемделді. Үнемделген қаржының 452,6 млн теңгесі Аманқарағай ауылына көгілдір отын тартуға жұмсалады. Облыс орталығында бой көтеріп жатқан жаңа шағын аудандарға көше салуға және қала көшелерінің ой-шұқырын жамауға 404,5 млн теңге бөлінді. Өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға 280,5 млн теңге қарастырылған. Биыл «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 101 кәсіпкерге қаржылай қолдау көрсетілмек. Сонымен қатар, биыл Таран ауданындағы Новолинов мектебіндегі күрделі жұмыстарын аяқтауға 82,2 млн теңге бөлініп отыр. Алдағы жылы Аманкелді-Үрпек-Рахмет-Әліби тас жолына орташа жөндеу жалғасады. Аманкелді кентіндегі М. Мәметова атындағы көше оңдалып, Арқалық-Торғай бағытындағы күре жолдың қос қапталын нығайтып, бекіту жұмыстары басталады. Сондай-ақ, Арқалыққа 10 мың тонна мазут жеткізу көзделген. Оған 140,6 млн теңге қаржы бөлінді. Қостанай қаласының «Юбилейный» шағын ауданындағы блокты-модульды жылу қазандығының құрылысына қосымша 100 млн теңге қаржы қарастырылған. Бұл ұсынысты депутаттар бірауыздан қолдап, мақұлдады.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, биыл облыстық бюджет қоржынында игерілмеген 782 млн теңге қаржы бар. Ол келесі жылдың бюджетіне көшеді. Биыл жоспарланған міндеттің барлығы ойдағыдай орындалды. Ендігі міндет – мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала мамандарының еңбекақысын уақтылы төлеу.
????????????????????????????????????
«Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Аманқарағайда көгілдір отын пайдалануға беріледі. Мұнда 2400-дей отбасы тұрады. Арқалыққа мазут жеткізу де маңызды мәселе. Қазір қорда 7-8 мың тонна мазут бар. 15 қазанда барлық деңгейдегі әкімдерді шақырып, өңірлердің дамуына байланысты жиын өткіземін», – деді өңір басшысы.
Нұрқанат Құлабаев