Берешек – 570 млн теңге

2019-2020 жылдарға арналған жылу беру маусымына дайындық мәселелері облыс әкімі  Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов өңірде кәсіпорындар мен бюджеттік ұйымдар жылу беру маусымының соңына дейін жеткілікті көмірмен қамтамасыз етілгенін айтты.
 
коммуналдык
– 2018-2019 жылдардағы жылыту маусымы аяқталуға жақын. Ауаның орташа тәуліктік температурасы +10°С жеткенде (4.02-02-2004 СН нормаларына сәйкес) тұтынушыларды жылудан ажыратуға кірісеміз. Өткен жылыту маусымының қорытындысы бойынша өңірде барлық саладағы (электр, жылу, газ және сумен жабдықтау – авт.) кәсіпорындар, әлеуметтік сала объектілері тұрақты жұмыс істеді. Бұған жылыту маусымына дайындық кезеңіндегі ауқымды жұмыс жүргізу ықпал етті. Жоспарланған 485,5 мың тонна көмір тиісті нысандарға жеткізілді. Бұл тұрғыда мәселе болған жоқ, – деп баяндады Ғауез Торсанұлы.
Оның сөзінше, жылу беру кезінде энергетика және ТКШ басқармасы энергия нысандарына күнделікті бақылау жүргізді. Қостанай облысында жылыту маусымына дайындық және оны өткізу қағидалары негізінде облыс әкімдігі «Қостанай облысының өндірістік және әлеуметтік кешенін 2019-2020 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңде жұмысқа дайындау туралы» қаулы әзірледі.
– Алдағы жылыту маусымына 105 қазандық, 736 автономды жылыту жүйесі, 2645 жылыту пештерін дайындау қажет. Сонымен қатар 734 білім беру, 488 денсаулық сақтау, 701 әлеуметтік нысандарда жылудың берілуі қамтамасыз етіледі. 88,1 шақырым сумен жабдықтау, 18,5 шақырым жылу және1442 шақырым электр желісін жөндеу жоспарланған. Алдағы жылыту маусымына дайындық басталды. Барлығы 487,1 мың тонна көмір дайындауды жоспарлаймыз. Атап айтқанда, коммуналдық кәсіпорындар үшін – 55,3 мың тонна, бюджеттік ұйымдарға – 104,3 мың тонна және тұрғындарға 327,5 мың тонна көмір жеткізіледі, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жиында коммуналдық төлемдерге берешек тұрғындардың мәселесі сөз етілді. Қалалар мен аудандарда коммуналдық қызметтер бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, қарыз көлемі азаймай тұр. 2019 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, тұрғындардың коммуналдық қызметтер қарызы 569,3 млн теңгеге жеткен.  Мәселен, Қостанай қаласы тұрғындарының берешегі 380,4 млн теңге болса, жітіқаралықтар 81,6 млн теңге қарыз.
Архимед Мұхамбетов аудан-қала әкімдеріне қарызы бар коммуналдық меншік иелерін бақылауға алуды тапсырды.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓