Облыс әкімі көңіл айтты

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады. Жеделхатта Шерхан Мұртазаның бақилық сапарға аттанғаны туралы қаралы хабар күллі қазақ елінің қабырғасын қайыстырғаны туралы жазылған.
  «Алатаудай айбарымен, Қаратаудай қайратымен елдің еңсесін көтеріп, рухын асқақтатқан қазақ әдебиетінің қара нары – Шер-ағаңның орны бір күнде ойсырап қалды. Шерхан ағаның қазақ әдебиетіне, қазақ журналистикасына қосқан қомақты үлесі сан ғасырлар бойы ұрпақ игілігіне жарайтыны сөзсіз. Оның мемлекет және қоғам қайраткері, Жоғары Кеңес пен Парламент Мәжілісінің депутаты санатындағы халыққа жасаған қызметі орасан зор. Әрдайым халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, жұртшылықтың көкейіндегі мәселелерді дөп басатын атпал азаматқа деген елдің ықыласы айрықша.  «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» демекші, әрбір адамның өмірінде ата-анасының алатын орыны ерекше. 
Дана халқымыз қашанда «Тас түскен жеріне ауыр» деп, қаралы үйге қамқорлық жасап, көңілін білдірген. Біз де бүгін Сіздің отбасыңызға келген ауыр қазаға ортақтасып, көңіл айтамыз.
Артында қалған ұрпақтарына, туыс-туғандарына сабырлық беріп, қазаның артын қайырлы қылғай!» – делінген жеделхатта.
 
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓