Жастар слеті өтті
Бүгін Қостанайда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті және білім басқармасының мұрындық болуымен "Адал ұрпақ" патриоттық клубтарының III облыстық слеті өтті. Осынау игі шараға облысқа қарасты аудан мен қала жастары жиналған. Слеттің басты мақсаты – жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту. Ел болашағы жастардың қолында десек, оларды осы бастан адал қызметке баулыған жөн.
Жастар слетіне департамент басшысы Салауат Мүксімов, білім басқармасының басшысы Құсайын Қаткенов және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің өкілі Арман Бердалин қатысты.
Жиын барысында Арман Бердалин сөз сөйлеп, жас ұрпақтың ел дамуындағы рөлін атап өтті.
-Бүгінгі күні Тәуелсіз Қазақстан халқының тең жартысын жастар құрайды. Сондықтан, елдің қозғаушы күші де солар. Қазақстанның дамуы үшін жастар білімді, патриот, адал болуы қажет. Сонда ғана ел де, оның азаматтары да жетістікке жете алады. Елбасы өз сөзінде үнемі жастар туралы айтып отырады. Ата-бабадан аманат болып қалған ұлан-ғайыр даланың иесі сендерсіңдер. Оны одан ары өркендетіп әкету де сендердің қолдарыңда,-деді ол.
Қостанай жастары слетте жемқорлыққа қарсы қызметтің басымдықтарын айтып, өз өнерлерін де ортаға салды.
Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.