Талқыда – жолдау жүктеген міндеттер
Жастар сарайында Қостанай облысының қоғамдық даму басқармасы және жастар ресурстық орталығының жобаларының тұсаукесері мен қоғамдық тыңдаулары өтті. Аталмыш шарада жастар Мемлекет басшысының жолдауы туралы өз ойларын ортаға салды. Жалпы талқылауға 100-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында жастар ұйымдары, үкіметтік емес ұйымдар, волонтерлер, жоғары оқу орындары мен ООО-ның Жастар ісі жөніндегі комитеттерінің басшылары бар.
–Қазақстандықтар үшін Президент Жолдауының мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейтіні анық, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Жолдау аясында Президент үкіменттік емес ұйым өкілдеріне бірқатар міндеттер артып, мақсатқа жетудің нақты жолдарын айқындады. Қазіргі уақытта Үкіметтік емес сектор маңызды әлеуметтік мәселелерді көтеруде және олардың кешенді шешілуіне ықпал етуде. Президенттің айтуынша, реформаларды дайындау мен іске асыруға қоғамдық ұйымдар мен белсенділерді неғұрлым кеңінен тарту қажет. Кез келген мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешу кезінде, үкіметтік емес сектор өкілдері өз әлеуетін паш етіп, әлеуметтік мәселелерді шешуге белсене қатысады. Үкіметтің емес ұйымдардың мұндай реакциясы олардың дамуға, жаңа тәсілдерді сынап көруге, қоғам игілігі үшін әлеуметтік бастамаларды енгізуге дайын екендігін білдіреді. Қазіргі үкіметтік емес ұйымдар қоғамда әлемдік инновациялық тәжірибелерді енгізе бастады. Бұл қоғамның әл-ауқатын қалыптастыру процесінде өте маңызды. Жыл сайын халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен үкіметтік емес секторға инновациялық тәсілдерді енгізу мәселесі көтеріледі. Олар үкіметтік емес ұйымдарға өздерінің айрықша тиімділігін көрсетуі үшін белгілі бір желі қалыптастыратыны анық. Сонымен, мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара қатынасының негізгі мақсаты – ҚР әлеуметтік саясатты жүргізудегі қатынастардың жаңа үлгісін жасау, әлеуметтік бағытталынған үкіметтік емес ұйымдарға олармен белсенді ынтымақтасу, оларды әлеуметтік маңызды проблемаларды шешуге тарту арқылы тиімді көмек, қолдау көрсету. Біз Мемлекет басшысының ұсынған жаңа саясаты аясында өзекті болатын бастамаларды жинадық, – дейді Қостанай облысы жастар ресурстық орталығының басшысы Абай Дүйсеков.
Жиында жаңа шаралар ұсынылып, жастар мәслихатын іске асыруды жандандыру бойынша бастамалар ұсынылды. 12 сұрақ қойылып, бірқатар ұсыныстар айтылды. Мерекеден кейін ашық диалогтық алаңдар және ұсынылған қандай да бір шаралардың тиімділігі бойынша сараптамалық талқылаулар өткізілетін болады.