Озат оқу ордасы
Ұстаз – ардақты есім. Олардың айнымас міндеті – ел келешегінің тұтқасын ұстайтын ұрпақты білім, тәлім-тәрбиемен сусындату. Осы ұлағатты парызды атқару жолында жемісті еңбек етіп келе жатқан ұжымның бірі – Қостанай қаласындағы №10 орта мектеп.
Облыс орталығындағы мемлекеттік тілде білім беретін бұл мектеп елбасы Н.Назарбаевтың арнайы қатысуымен 2007 жылы ашылды. 900 оқушыға шақталған ең жас білім ошағы бүгіндері алдыңғы қатарлы, абыройлы мектептер санатында. Ерекшелігі – сабақ мұнда бір ауысымда ғана беріледі. Білікті мұғалімдерімен, талапты, дарынды оқушыларымен мақтана алады. Оқу ордасына артылған сенім де зор.
"Қазіргі таңда 4-сынып (4 "а", 4 "б", 4 "в") оқушылары жаңартылған бағдарлама аясында жаңа оқулықтарды апробациядан өткізу экспериментімен оқытылып жатыр. Яғни, біз Қазақстандағы 30 пилоттық мектептің біріміз. Сондай-ақ, биылдан бастап мұндай тәжірибеден 9-10 сынып оқулықтарын өткізу де қолға алынды. Жаңашылдықты сәтті іске асыруға әлбетте әлеуетіміз жетеді. Өйткені мамандарымыздың біліктілігі талапқа сәйкес келеді", – дейді №10 мектеп диреторының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Бірімжанова.
Ұжымда 65 мұғалім бар болса, оның 16-сы жоғары санатты. 82%-і жаңартылған жүйемен біліктіліктерін арттырған. Сонымен қатар, қазіргі кезде 10 жас маман жұмыс істеп жатыр. Басшылық олардың қабілет-қарымына жақсы баға береді. Кәсібиліктерін шыңдау үшін респулика көлемінде веб-семинарларға қатысып, сабақ беру үлгілерін сынаққа салып, ұдайы тәжірибе толықтырып отырады. "Lession study" (зерттеу-сабақ) тәжірибесін де табысты іске асырып отырған ұжым да осы. Мұның мәнісі – сабақтарды бірлесіп жүргізу, сол арқылы білім берудің тартымы мен сіңімділігін қамсыз ету. Мұғалімдердің 30%-і факультатив жұмыстарын, яғни авторлық еңбектерін оқыту барысында пайдалануды дағдыға айналдырыпты.
"Білім беру жүйесі жылдан-жылға жетіліп келеді. Әлемдік озық үлгілердің осы салаға кірігіп жатқанына бәріміз куәміз. Демек, заманауи талапқа біз секілді мұғалімдер де сай болуы қажет. Жаңаны жатырқамай, технологияның тілін меңгеру шарт. Қазіргі заманда сапалы білім, саналы тәрбие берудің ең тиімді, ықпалды жол сол деп есептеймін", – дейді эксперименттен өтіп жатқан 4-сынып мұғалімі Торғын Ибрагимова.
Заманауи талап дегеннен шығады, мектептің соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталуында мін жоқ. Кабинеттердің барлығы дерлік интербелсенді тақтамен қамтылған. "Wi-fi" үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Жоғары жылдамдықты интернет қосулы. Мұның сыртында, мектеп ұжымы жаңа үлгіде салынған спорт залымен, талай байқауда орын бермей жүрген оқушыларды тәрбиелеген "Домбыра-дастан" үйірмесімен, ауқымды асханасымен, абат ауласымен мақтанады. Міне, осы игіліктің бәрі жұмысты жемісті атқару үшін барлық мүмкіндікке жол ашқандай. Биыл, мәселен, ҰБТ-ден облыстағы оқу ошақтары ішінде үздік үштіктен көрініп, орта мектептер арасында 1-орынға ие болды. Бұған дейін қалалық рейтинг жасалып, №10 мектеп "Ең үздік мектеп ауласы" аталымына лайық болып, автокөлік ұтып алған екен.
Ашылғанына бір оқушының орта білім алу барысындағы ғұмырындай ғана уақыт өткен қазақ мектебінің бағындырар белесі, алар асуы әлі де алда екеніне шүбә жоқ.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев