4 млн тонна астық жиналды
Қостанай облысында 4 млн 400 мың тонна астық дақылдары қамбаға құйылды.
Бүгінде Қостанай облысында егіс науқаны аяқталуға жақын. Тек солтүстік аудандар ораққа кеш кірісті. Себебі, күн райының қолайсыздығы шаруаларды тығырыққа тіреді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Сәлімжан Есенамановтың сөзінше, қазірдің өзінде 4 млн 400 мың тонна астық қамбаға құйылды. Оның 3,8 млн тоннасы бастырылды. Астықтың орташа шығымы гектарына 11,3 центнерден айналды. Егіс алқабының 89 пайызына жоғары сұрыпты тұқымдар себілген.
Айта кетейік, диқандар алдын-ала белгіленген жоспардан сәл кешеуілдеп келеді. Былтыр осы кезеңде 5 млн гектардың егіні орылып, бастырылған болатын.
Мамандардың айтуынша, өткен апталардағы сынап бағанасының төмендігі астық сапасына едәуір әсер етті. Егер табиғат тосын мінез танытпаса, күзгі дала жұмыстары келесі аптаға дейін аяқталуы мүмкін.
Егіс науқанына байланысты өңірге 71 мың тонна дизельдік отын бөлінді. Дала жұмыстарына барлығы 23 мыңға тарта трактор, 9,6 мың комбайн, 840 егін себетін кешенді техника, 1 мың бүріккіш, 22 мың тұқым сепкіш қатыстырылды.