Жетістіктер жарияланған жиын
Қостанай ауданында Алқап күні өтті. Облыс диқандары, ауыл шаруашылығы мамандары және билік өкілдері Талапкер ауылы маңында бас қосты. Олар үр жаңа техника көрмесін тамашалап, дән баптаудың тың технологиясымен, бидайдың танапқа тұңғыш рет сіңірілген түрлі сұрыптарымен танысты.
Бұл ашық аспан астындағы жиында егін салу үрдісіндегі соңғы жетістіктер жария етілді. Саланы цифрландыру игілігі сөз болды. Шараның басы-қасында болған аудан әкімі Қайрат Ахметов шаруалардың соңғы жаңалықтарымен бөлісті. Алқап иесі – "Заречный" шаруа қожалығы ерекше бапталып жатқан бидайдың 30-дан астам түрімен таныстырды. Жергілікті және алыс-жақын шетелден әкелінген сан алуан сұрыптың айрықша маңызы, өнімділігі туралы жан-жақты ақпарат берілді. Айталық, қарабалықтық сұрыптардың қасиеті, сапасы ешбірінен кем емес. Бұл да болса аймақтағы ғылым мен ауыл шаруашылығының бірлесе жасаған жұмыстарының нәтижелі екенінен хабар береді.
Сондай-ақ, көпшілікке шаруашылықта бұрын-соңды пайдаланылмаған метеорологиялық құрылғы таныстырылды. Компьютермен басқарылатын бұл заманауи ғажайып аспап ауа райынан бастап, топырақтың ылғалдылық деңгейіне, өсімдіктің жай-күйіне дейін нақты мәлімет беріп отырады. Құрылғымен таныстырған "Қостанай ауыл шаруашылығын ғылыми-зерттеу институты" ЖШС бас директоры Нәбидолла Кикебаев мұның 2 млн теңгеге сатып алынғанын айтты. Диқандар қолын ұзартқан цифрлық технологияның игілігі дегеніңіз осы!
Шаруалар алаңға қойылған техника көрмесін де тамашалады. "Урал ЛТД" ЖШС теңдессіз техникаларының артықшылығы мен тиімділігін түсіндірді. Жетілдірілген машинаның қай-қайсысы да жеңіл тізгінді, жұмысты "жайпап" істейді. Комбайынның, суарғыш, дестелегіш және өзге де техниканың "соңғы ұрпақтары" көрермендерін тәнті етпей қоймады…