Ұлттық ұландағы ұлағатты шара
Қостанайдағы 6697 әскери бөлімде «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқау – өтті. Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығы ұйымдастырған іс-шара өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген ынта-ықыласын арттыруды көздейді. Екі күнге созылған байқауға Қостанай, Ақмола, Қарағанды облыстарына орналасқан 6 әскери бөлімнен келген 10 сардар қатысты. Байқау барысында қатысушылар мемлекеттік тілдің барша қазақстандықтарды бір тудың астына ұйыстыратын біріктіруші күшке ие екендігіне тоқталды. Әр сардар қазақ тілінде ойын еркін жеткізе алады. Олар көпшілікке өздерін мемлекеттік тілде таныстырып, отбасы мен қызметі туралы баяндады. Байқаудың «Өрлеу» атты кезеңінде отан, патриотизм, отбасы, ерлік, адамгершілік туралы мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерді жатқа айтып, тарихи тақырыптарға арналған сахналық қойылымдар көрсетті.
Қазылар алқасы қатысушыларды тілді мүмкіндігінше еркін меңгергендігіне, тіл байлығына, тіл мәдениетіне, дауыс мәнеріне, сахнада өзін өзі ұстау, киіну мәдениетіне қарай бағалады. Байқау қорытындысы бойынша Қарағанды қаласындағы 5451 әскери бөлімінің 1 жедел мақсаттағы батальоны жауынгерлік қамтамасыз ету взводының аға маманы (топ бастығы) аға сержант Евгений Бердников жеңімпаз атанды. Жүлделі екінші орынға Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімінің автобронды танк қызметінің аға маманы, ефрейтор Елена Гречушникова ие болды. Ал үшінші орынға Петропавл қаласындағы 6637 әскери бөлімі медицина пунктінің маманы Наталья Исаева лайық деп танылды. Сайыс жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен және Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының арнайы дипломдарымен марапатталды.
Игі шара Қостанай облысы әкімдігінің «Тіл дарын» оқу орталығында жалғасты. Әскерилерге тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Бақыткүл Сүлейменова, «Тіл дарын» оқу орталығы директорының орынбасары Гүлнар Талапова «Латын әліпбиінің емлесі» тақырыбында дәрістер өткізді. Екінші күні әскерни салада жүрген тіл мамандары әдістемелік ашық сабақтар жүргізді.
Нұрқанат Құлабаев