Олқылық неден?
Өткен жылдың облыстың жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік қызметтің 174 түрін көрсеткен. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында Қостанай облысы әкімдігінің ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасының басшысы Азамат Кашиев баяндады.

– Биыл 481 тексеру жүргізіп, 636 бұзушылық тіркеліп отыр, – деді басқарма басшысы Азамат Кашиев.
Жер қатынастары басқармасы мен білім беру саласында құқық бұзушылық жиі кездеседі. Яғни, адамдар қызмет түрін толық түрде ала алмағандықтан, бұзушылық болып есептеледі.

– Құқық бұзушылықты жою үшін екі басқарма қандай жұмыстар атқаратын болады? Неліктен осы екі салада қызмет түрі дұрыс көрсетілмей отыр? – деген сауал қойды Құмар Ақсақалов.
Ақпараттандыру басқармасы жер қатынастары бөлімдеріне камералдық тексеру жүргізуді бастаған. Нәтижесінде көп мамандардың біліктілігі төмен екені анықталған.
– Камералдық тексеріс нәтижесінде кемшіліктердің алдын алуға мүмкіндік бар. Жер қатынастары саласы бойынша наурыз айының соңында өңірлік кәсіпкерлікті палатасының алаңында бизнес қауымдастығы өкілдерімен бірлесіп дөңгелек үстел өткізу жоспарда тұр. Білім саласы бойынша Айман Ибаревамен 6 наурызда алқа отырысын өткізуге уағдаластық. Жиын барысында семинар өткіземіз. Мамандардың біліктілігі төмен, сол себептен құқық бұзушылық орын алып отыр, – деді Азамат Кашиев.
Басқарма былтыр маман тапшылығының әсерінен тек 3 маман 10 ғана семинар өткізген.

– Мәселені егжей-тегжейлі зерттеңіздер. Мамандардың біліктілігін арттыру үшін семинар тағы басқа іс-шаралар санын арттырыңыздар, – деді Құмар Ақсақалов.

– Осы сипаттағы бұзушылықтарға Меңдіқара ауданының Федоров ауылдық округі әкімінің аппараты, жер қатынастар бөлімі, Мичурин ауылдық округі әкімінің аппараты, Тобыл қаласы әкімінің аппараты жол берген, – деді департамент басшысы Асхат Искендиров.
Осы жылы ЖАО-да жүргізілген тексерудің қорытындысы бойынша бағалауға әсер ететін 153 өрескел бұзушылық анықталған.

– Оның ішінде 18-і мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін бұзған, 2 негізсіз бас тарту дерегі анықталса, 133-і құжаттар топтамасы толық болмаған кезде мемлекеттік қызмет көрсету дерегі анықталды, – деді департамент басшысы.
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ