Ұлттық ойындарда кім озды?
А.Байтұрсынов атындағы университеттің спорт залында қазақша күрестен жарыс өткізілді. Фестиваль бағдарламасына негізделген сайысқа ересек балуандар қатысты.
Біз фестиваль бойынша жарыстардың жеңімпаздарын ғана атауды мақсат еттік. Атап айтқанда, қазақша күрестен әулие-көлдік Талғат Жиентаев ешкімге дес бермеді.
Салмағы 120 келі, алып денелі, он тоғыз жастағы Талғат түйе балуандықты жеңіп алды. Жиентаев төрт қарсыласы – Е.Әбенов, Д.Баққараев, Д.Онжанов және Л.Дзваридзелермен белдесуде басымдық танытты.
Кілем үстіндегі айқасты қарап отырғанымызда барлық балуанның да мықты екені байқалды. Дегенмен, спортта кім шеберлік танытса, жеңіс соныкі болатыны белгілі. Осы жолы Талғат жарысқа мұқият әзірленгенін сездірді. Алып та, шалып та жығатын қара күш иесі Жиентаевтың белдесудегі жеңіске құштарлығы ерекше болды.
Командалық есепте Қостанай қаласының командасы бірінші орынды жеңіп алды. Меңдіқаралықтар екінші, алтынсариндіктер үшінші орынды місе тұтты.
Тоғызқұмалақ ойыны бойынша бес тақтада сайыс ұйымдастырылды. Бірінші тақтада қостанайлық Батырхан Әбілбеков, екінші тақтада Алтынсарин ауданының спортшысы Азамат Базарбаев, үшінші тақтада меңдіқаралық Құралай Серікбае-ва, төртінші тақтада Самал Маусымбаева, бесінші тақтада Алтынай Мұсабековалар (екеуі де Қостанай қаласынан) жеңім-паз атанды.
Асық ату ойыны да қызыққа толы болды. Асфальт үстіне қатарластыра тізілген асықтарды қолындағы сақамен көздеген сұр мергендер бірінен бірі асып түсуде. Ойынның бұл түрі "Бес табан" аталады. Қарасулық Нұртай Қуанышбаев сақамен асықтарды атудан басқаларға жол бермей, чемпион атанды. Денисов ауданынан келген Дмитрий Филатов қазақтың ұлттық ойындарын дәріптейтінімен құрметке бөленді. Жекелей сайыста оған екінші орын бұйырды.
Жарыста үшінші орынмен шектелсе де Аманжол Төлегеновке Қырғызстандағы халықаралық фестивальға баруға жолдама тиді. Себебі, Аманжол – Қостанай педагогика институтындағы спорт клубының жетекшісі. А.Төлегенов ұлттық ойындарды дамытуға үлкен үлес қосып жүр.
Жұдырықтасу спорттың тың түрі есептелсе де облысымызда қанатын кеңге жаюда. Фестиваль кезінде он бір команданың жекпе-жек айқас өнерін сүйетіндер өзара күш сынасты. Елу төрт келі салмақта Нұғман Ердәулетов чемпиондық тұғыр-ға көтерілді. Сонымен қатар, Рүстам Салықов, салмағы 75 келі, Еркебұлан Әбішев (65 келі салмақта), Амхад Джчураевтар бірінші орындарды жеңіп алды.
Ермекбай
ХАСЕНОВ
Суретте: түйе балуан Талғат Жиентаев.
Суретті түсірген автор.