Халың қалай, қалалық?
Сол бір жылдары ауыл біткеннің тоз-тозы шығып, жергілікті халық қалаға қарай үдере көшкені бар. Күнкөрістің қамымен ауылдан кеткен қазақтар бүгінде не істеп жүр? Олардың тұрмыс-тіршілігі қандай? Бұл мақаламызда кешегі ауылдық, бүгінгі қалалық отбасы туралы әңгімелемекпіз.
Тоқсаныншы жылдары ел ішіндегі жағдай әмбеге аян. Қымбатшылық жайлаған уақыт. Шал-ғай ауылдардағы ахуал тіптен нашар. Сондай бір қиын кезеңде белді бекем буып, қалаға көшкендердің бірі – Гүлбану Кабимуллина. Кейіпкеріміз – Тор-ғай өңірінің тумасы. 1993 жылы Қостанай қаласына көшіп келген. Алғашында мектепте қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. 1997 жылы тұрмысқа шығып, отбасылы болды. Сәбилі болған соң біраз уақыт үйде отырды. Жолдасы Жұмабай Қасқабасов – науырзымдық. Ол құрылыста жұмыс істеді. Бір адамның еңбекақысына қарап өмір сүру қалалықтар үшін тым қиын. Сондықтан, отанасы Гүлбану жұмыс істеуге бел шеше кіріседі. Осылайша, күнкөрістің қамымен мұғалімдік қызметін тастайды. Себебі мұғалімдердің жалақысы аз болатын. Сонымен ұстаз болу жайына қалады. Гүлбану көп ойланбастан базар жағалап, сауда-саттықпен айналысты. Жас отбасының басында жеке пәтері жоқ. Жастықтың отымен көшіп-қонып жүре берді. Бұл 1999 жыл еді.
– Қалада тұрмаған жеріміз жоқ. Арзан пәтер қайда болса, біз де сонда жүгірдік. Пәтер ақысы қымбаттай түссе буынып-түйініп көшіп кететінбіз, – дейді Гүлбану Кабимуллина.
Арада аттай 14 жыл зымырап өте шықты. Осы уақыт ішінде Қасқабасовтар отбасы небір қиындықты еңсеріп, қуанышты сәттерде бірге шаттанды. Есіл еңбектің арқасында тұрмыстары да тәп-тәуір түзеліп қалды. Отағасы Жұмабай құрылыс саласында жұмысын жалғастыра берді. Ал Гүлбану темір жолға ауысты. Жеті жылдан бері жолсерік болып жүр. Үлкен ұлы Аян ҚинЭУ-дің 1 курсын тәмамдаған. Кішісі Бекзат 3 сыныпқа көшті.
– Он алты жыл уақытымыз қалада пәтер жалдаумен өтіпті. Былтырғы жылы тапқан-таянғанымыздың басын қосып, төрт сотық жер алдық. Үйтіп-бүйтіп үй салдық. "Үй" деген аты болмаса іші-сырты жөндеу көрмеген. Әйтеуір паналайтын бір қуыстың барына ризамыз. Бір күн жұмыс, бір күн демалыс. Үйдің жөндеу жұмыстарына уақыт тапшы және қаражат та қажет, – деді Гүлбану.
Бұл отбасының меншігіндегі мекен қала іргесіндегі саяжайда орналасқан. Бір жыл бұрын саяжайдағы төрт сотық жерге төрт қабырға тұрғызып алды. Дәл осы үйде сегіз адам тұрып жатыр. Гүлбану мен Жұмабай, екі ұлы, 86 жастағы енесі және жиені әйел-баласымен. Саяжайдағылар ауыз суды былтыр қаладан тасып ішті. Жұмысқа бару үшін қала іргесіндегі аялдамаға дейін жаяу барады.
Кейіпкеріміздің баспанасы сыртынан қараған жанға ауылдағы жер үйді еске салады. Ал ішінде жөндеудің жоқтығы көзге ұрып тұр. Ондағы әр қуыстан жұпыны тірліктің ұшқыны сезіледі. Бірақ, маңыздысы бұл емес. Ең бастысы бұл үйдің іші жанға, сырты шат-шадыман көңілге толы.
Қымбат
ДОСЖАНОВА
Суреттерде: Отанасы Гүл-бану ас дайындауда; бала Бекзат.
Суреттерді түсірген
Айбек ЖҮЗБАЙ.