Махартова өлімі: полицейлер тұтқындалды
Қостанай аудандық сотына аудандық ІІБ патрульдік полиция бөлімінен екі полицейге қатысты қылмыстық іс түскен. Оларға қызметтік міндетін дұрыс орындамады деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2018 жылдың 20 шілдесінде Р. және Е. атты қос полицей қылмыс орны туралы нақты ақпаратты ала отырып, оның алдын алуға мүмкіндігі болса да, «SsangYong» маркалы көліктің салонынан шықпастан, тасжол учаскесін көзбен ғана шолып шыққан. Сосын немқұрайдылық танытып, оқиға орнынан кетіп қалған. Аймақты шолып шыққан соң полицейлердің бірі түскен хабарламаның расталмағаны жөнінде рапорт жазған және 2018 жылдың 21 шілдесінде материал номенклатуралық істерге енген», – деп түсіндірді облыстық сотта.
Іс материалдарында көрсетілгендей, полицейлердің өз міндетін дұрыс атқармауынан куәгерлер хабарлаған қылмыс орны жіті қаралмай, Қостанай АІІБ жедел кезекші көмекшісінің нұсқауы еленбеген. Соның салдарынан Дарья Махартова зорлықпен өлтірілді. Полицейлер 2018 жылдың 1 қазанында сот алдында жауап береді.
Еске салайық, 18 жастағы Дарья Махартова 20 шілде күні сағат 22.00 шамасында үйінен шығып, қайтып оралмаған. Із-түзсіз жоғалған Затобол ауылы тұрғынының денесі Қостанай қаласының іргесіндегі орман алқабынан табылды. ҚР ҚК 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Кейінірек полицейлер 26 жастағы күдікті азаматты тұтқындады.