Үш зауыт салынады
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Мамин Қытай компанияларымен қазақ-қытай арасындағы инвестициялық жобаларды талқылау үшін Пекин қаласына барды. Жалпы, инвестжобаның үшеуі Қостанай облысында жүзеге аспақ.
-Қостанай қаласындағы Инудстриялды аймақта теледидар шығаратын зауыт салынады (HKC Corporation Limited);
-Қостанай облысында YTO маркалы тракторларын құрастырмақ (YTO Group Corporation);
-Қостанай облысында ауыл шаруашылығы дақылдарын терең өңдеуге арналған заманауи кешен салу («BioGrain» ЖШС).
Қазақстандық делегация құрамында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев бар.
Теледидар шығару үшін қытайлық компания басында 50 млн АҚШ долларын бөлуді жоспарлап отыр. Зауыт бір жылда 3 мың дана теледидар шығармақ. 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Негізгі нарық көзі – ТМД мемлекеттері.
HKC Corporation Limited компаниясының Вице-Президенті Ли Джиннің айтуынша, Қостанай облысы шетелдік инвесторларға бар жағдайды жасап отыр және өңірдің географиялық орналасуы да тиімді. Сондай-ақ, салық және кеден жеңілдігі қарастырылған, жермен қоса, инфрақұрылым мәселелері шешілген. Инвестициялық жұмыстар қолайлы әрі тез шешіледі, барлық жүйе "бір терезе" қағидаты арқылы іске асады.
Кездесу барысында тараптар жобаның жол картасын жасап, ортақ келісімге қол қойды. Зауыт құрылысы биыл басталмақ. Еске сала кетейік, бұған дейін облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев қытайлық компаниямен жүздесіп, жобаның ықтималдығы жайында сөйлескен болатын. Бұдан соң тамыз айының басында қытайлық инвесторлар Қостанайға келіп, Индустриялды аймақты аралап, өңір басшысы Архимед Мұхамбетовпен кездескен еді.
YTO Group Corporation – ауыл шаруашылығы мен құрылыс үшін сапалы трактор жасайды. Әлемдік нарықта өз орны бар компания. Енді Қостанай облысында зауыт салуды көздейді. Жуырда ғана аталмыш компания өкілдері Тобыл өңірімен танысқан болатын. YTO Group Corporation компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Чжао Ишуи мырза бұл әріптестіктің маңыздылығын атап өтті. Олар әуелде 25 млн АҚШ долларын салуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда тараптар қажетті құжаттарды әзірлеуде.
Елбасы тапсырмасы бойынша елімізде көлік құрастыру үшін барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар ең тиімді жеңілдік пен субсидиялау да осы салада. Сол себепті, Қытайлық inotruk, Hanteng automobile Co., Ltd., SANY Group компаниялары мен Ресейдің «Красногвардейский машиностроительный завод» АҚ және ООО «Сибеко» зауыттары біздің өңірге қызығушылық танытып отыр.
Бұдан соң қазақстандық BioGrain компаниясы қытайлық әріптестерімен ауыл шаруашылығы дақылдарын терең өңдеуге арналған заманауи кешен салуды қолға алмақ. Себебі, Қостанай облысында соған қажетті барлық жағдай жасалған. Яғни, сапалы және тұрақты сумен қамтамасыз етілген, электр көзі мен табиғи газ бар. Ең бастысы, ауыл шаруашылығы шикізатының сапасы мен қол жетімділігі.
Жалпы, Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу таңсық шаруа емес. Мемлекет басшысының агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін 5 жыл ішінде ұлғайту және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды кемінде 2,5 есе арттыру туралы нақты тапсырмасы бар.
Жобаға сәйкес, MYANDE Group Co. Ltd. компаниясы жабдықтарды жеткізуші, ал бас мердігер – China CAMC Engineering Co., Ltd. – EPC. Инвестиция көлемі – 300 млн АҚШ доллары. Құрылыс жұмыстары 2019 жылдың басында басталмақ. Осынау үш жобаны "Бір белдеу – бір жол" және "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында қазақ-қытай инвестициялық жобасын қуаттау үшін арнайы құрылған 51 жоба тзіміне қоспақ.
Мейіржан Мырзалиевтің айтуынша, бұл жобалар, өңір экономикасын дамытуға жаңа серпін береді. Жаңа жоғары кәсіби жұмыс орындары құрылып, отандық өндірістің экспорттық әлеуеті артпақ.
Кенже ҚОНЫСБАЙ