ТЕҢГЕ НЕГЕ ТҰРАҚСЫЗ?

Жалғыз бізде емес!
ақша
 
Тамыздың орта шенінен төл теңгеміздің тұрақсыз күй кешіп, құнсызданып кеткені баршамызға аян.  Айналдырған екі аптаның ішінде Ұлттық валютамыз 9 теңгеге жеңілдеп, АҚШ-тың бір  доллары 380, кейбір жерлерде 385 теңгеге дейін бағаланды. Психологиялық шектен шыққан доллар бағамы осымен шектеледі ме, әлде, әлі де өсім болады ма? Осы сауал саясаткерлер мен экономистерді былай қойғанда, қарапайым халықтың да дегбірін кетірген еді.
ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышевтің пайымдауынша, теңгенің тұрақсыздануына дамушы мемлекеттердің валюта нарығындағы ауытқулары түрткі болған. «Ауытқу – қысқа мерзімді. Бір айдың көлемінде қаржы қайтадан қалпына келуі тиіс» – деген болатын ол. Айтқандай-ақ, өсім тоқтады. Тек, доллар бағамы қалпына қайтып келмеді. 
Жалпы жыл басынан бері мемлекеттік қаржымыз 13,8 %  арзандапты. Ал құдайы көршіміздің қаржысы осы мерзім ішінде 22 % құнсызданған. Саяси-экономикалық байланысы бағзыда орнатылып, қарым-қатынасына сызат түсіп көрмеген қос мемлекеттің бұл жолы да «бар қиындықты» бірге бөлісіп көріп отырған жайы бар. Батыстың көршімізге сілтеген қамшысының бір ұшының біздің елге де тиіп жатқанын бағамдау үшін «артық білімнің» қажеті жоқ. Дей тұрғанымызбен, қаржы институтының басшысы Ресей рублінен бөлек Аргентина песосының екі есеге, Түрік лирінің – 69 %, Бразилия – 23 %, Оңтүстік Африка – 23 %, Үндістан – 12 %, Қытай қаржысының 5 % құнсызданғанын алға тартады.
 
АҚШ әсері
Дамушы мемлекеттерге доминодай әсер еткен қаржылық құлдыраудың басында әрине, АҚШ тұр. Қытаймен сауда-саттық бәсекесіне түскен алпауыт ел ішкі саудасын реттеуге кіріскен. Ел ішіндегі салықтық қысымды сәл босаңсытып, жаһанды кезіп кеткен инвесторлардың Америкаға қайта оралуларына барыншы мүмкіндік жасады. Онсыз да Таяу Шығыс пен Африка елдеріндегі қарулы қақтығыстар мен саяси тұрақсыздықтан қажыған инвесторлар Трамптың бұл бастамасын қуана қабылдады.
Батыс сарапшыларының пайымдауынша, АҚШ-тың Федералды қор жүйесін күшейтуі әлемдік қаржы нарығына қауіп төндіруде. Мұндағы ставка күшейген сайын дамушы мемлекеттердің валютасына түсетін қысым да арта бермек. Ақыр аяғында 2007 жылғы қаржы дағдарысы қайта оралуы ықтимал. «Қалыптасып отырған жағдай өзгермесе 2019-2020 жылдары қаржы дағдарысының жаңа толқынын сезетін боламыз» – дейді мамандар.
Тығырықтан шығар жолдың бірі  – АҚШ валютасының ішкі нарыққа әсерін барынша азайту. Толықтай бас тартуға да болмайды. Себебі, мемлекеттік қорға құйылатын қаржының басым бөлігі АҚШ ақшасымен есептеліп, сыртқа саудаланатын шикізаттан түседі. Ал республикалық бюджет – теңгемен қалыптастырылады. Өзбектің тәуелсіз сарапшысы Рафаэль Саттаровтың пайымдауынша қанша тырысқанымызбен, АҚШ ақшасынан құтылу мүмкін емес. «Кез-келген мемлекет қаржысын тұрақты валютада сақтауға тырысады. Ұлттық валютада сақтау үшін, төл қаржыңның бәсекеге қабілеттілігіне көзің жетуі керек, – дейді ол Karavan.kz  порталына берген сұхбатында. – Бір кездері Ресей Федерациясы Венесуэлла мемлекетімен келісім-шарт жасап, қорғаныс саласына қажетті тауар алған болатын. Келісімді 4 млрд АҚШ долларын Ресей тарапы Венесуэлла ақшасымен өтеуі тиіс болған. Қаржы дағдарысымен тұс келген сәтінде Венесуэлла қаржысы құнсызданып, Ресей тарапы екі есе шығын шеккен болатын. Саяси келеңсіздіктен тайсақтаған тараптар қыруар шығын шексе де, амалдың жоқтығынан жұмған ауыздарын аша алған жоқ» – дейді ол.
 
Қайтпек керек?
АҚШ әкімшілігінен қысым көрген кейбір мемлекеттер доллардан түбегейлі бас тарту керектігін жиі айтып жүр. Әсіресе, Түркия мемлекеті ұлттық валютасымен  ғана есеп айырысуға ұйғарған. Көрші елдің кейбір сарапшылары да рубльдің рөлін арттыру керектігін айтады. Тіпті, өзге валюталардан бас тартып, сыртқы сауданы да төл қаржысымен жүргізу керек дейді. Рафаэль Саттаровтың пайымдауынша, қауқарсыз қаржымен инвесторларды ұстап тұру мүмкін емес. Кез-келген бизнес өкілі өз кәсібінің тұрақты дамып, тұрақты қаржымен бағаланғанын қалайды. Шетелдік инвесторларды бір валютаға байлау – олардың сол елден кетуіне себеп болуы ықтимал.
– Қазіргі қаржы нарығында АҚШ доллары мен Қытай юані үстемдік құрып тұр. Ресей мен Түркия елдерінің ұлттық қаржымен ғана күнелтеміз дегені бекершілік. Ұлттық валютаны, ішкі қорды тұрақты сақтау үшін, бәрібір тұрақты қаржыға жүгінуге тура келеді, – дейді ол.
Ал Қазақстан қаржысы Ресейдің рублі мен АҚШ долларына тәуелді көрінеді. Ұлттық валютамыздың нығайту үшін, бізге көп нәрсенің қажеті де жоқ екен. Ең бастысы, тұтыныс тауарлары – отандық болса жеткілікті. Импортты шектеп, экспорт көлемін ұлғайту керек. Яғни, табыс – доллармен есептеліп, шығын – теңгемен шығуы тиіс. Сонда, төл теңгеміздің құны көтеріліп, әлемдік нарықтағы беделі нығая түспек. АҚШ ақшасына тәуелділіктен арылудың тағы бір жолы – қаржылық қорды құнды металлмен сақтау. Ақша айырбастау қосындарында алтын құймаларын сатуға рұқсат етілуі – Қазақстанның осы бағытты дұрыс таңдағанын көрсетеді,  дейді сарапшы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓