Еріктілер ауылдарға аттанды
Қостанайлық ерікті жастар бүгін ауылдарға аттанды. Олар екі ай бойы ауыл балаларына ағылшын тілін үйретпек.
Аталған жастар – облысымыздағы жоғары оқу орындарында білім алып жатқан 3-4-курстардың студенттері. Олар ағылшын тілін жетік меңгерген болашақ шет тілі мамандары. Алдын ала іріктеуден сүрінбей өткен ҚМУ, ҚМПУ, АРҚМИ-дің 9 студенті және Жітіқара политехникалық колледждің бір оқытушысы ерікті жобаға қатысып отыр. Бұл топқа ағылшын тілінде еркін сөйлейтін қосымша екі шетелдік қосылады. Жоба «English for Jastar” деп аталады. Партиялық жобаны «Жас отан» жастар қанаты мен «Болашақ қауымдастығы бірлесіп, биылғы тамыз айында іске қосқан болатын. Мақсат – біреу, шалғайдағы елді-мекендердегі балаларға ағылшын тілін үйрету.
Осындай игі бастамаға қатысуға тілек білдірген бір топ жастарды «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалының ұжымы қабылдап, салтанатты түрде шығарып салды. Ресми басқосуға облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Жанабай Бисембаев, аудандық филиалдар төрағаларының бірінші орынбасарлары және ҚМУ-дың ректоры Х.Уәлиев пен ҚМПУ-дың ректоры Е.Әбіл қатысты. Аға буын кейінгі толқынға сәт-сапар тілеп, партияның жобасын қолдайтындарын жеткізді.
– Елбасының тапсырмасына сәйкес, партия қызметінің жұмысын жаңғырту қарқынды жүргізілуде. Осы мақсатта жиырмадан астам жоба қолға алынды. Олардың қатарында жастар саясатын жандандыруға қатысты тиімді бастамалар да бар. Өйткені, жастар мәселесі партия жұмысындағы басым бағыттардың бірі болып қала бермек. Соның ішінде ауыл жастарына ағылшын тілін үйрету үшін партия ауылдарға еріктілерді жіберуді бастады,-деді облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Жанабай Бисембаев,
Жобаның алғашқы қарлығаштары Таран, Сарыкөл, Аманкелді, Жітіқара, Федоров, Жанкелдин және Денисов аудандарына барады. Сол жерлерде 20 қыркүйек пен 20 қарашаның аралығында, екі ай бойы болып ауылдағы оқушыларға шет тілдерін үйретеді. Шамамен 500-ге жуық баланы қамту жоспарланып отыр. Еріктілерді іріктеуде сабақ бере білуі, балалармен жұмыс істей алуы, шет тілдерін еркін меңгеруі басты назарға алынған.
Еріктілердің тамақтануы, жатар орындары тегін. Олардың қауіпсіздігін партияның аудандық филиалдарының бірінші басшылары бақылайтын болады. Жоба аяқталғанша облыстық филиалдың ұжымы аудандарға барып, еріктілердің жағдайларын біліп тұрады.
Жобаға қатысушылардың бірі Кенжегүл Аширова Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының 4-курс студенті екен. Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданының тумасы Кенжегүл Арқалықтағы институтқа «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша түсіпті.
-Мен ағылшын және неміс тілдерін оқып жатырмын. Аманкелді ауданына барғалы жатырмын. Балаларға шет тілдерін үйретуге дайынмын. Мен бар күш-жігерімді, білімімді салатын боламын. Жоба туралы тамыз айында институттағы оқытушыларымнан естідім. Өзіме тәжірибе жинап, ел көріп, жұрт тану үшін алыс сапарға шыққалы отырмын. Бір жағынан болашақ педагог ретінде балалармен танысып, өзімді шыңдайтын боламын,-деді К.Аширова.
Салтанатты іс-шараның соңында еріктілерге ағылшын тіліндегі әдістемелік оқу-құралдары мен аудиожазбалар сыйланды.