Жастар – өндірістің қозғаушы күші
«ССКӨБ – күш!». Осындай атаумен Алтынсарин ауданындағы «Горняк» шаңғы базасында «Көшбасшылар мектебінің» түлектері өз жобаларын қорғады.
«ССКӨБ» АҚ Кадрларды оқытып даярлау орталығында мамыр айында басталған оқуға кәсіпорынның барлық бөлімшелерінен болашағы зор, білікті, озат ойлы 40 жас маман таңдап алынған болатын. Төрт ай бойы олар өндірістен қол үзіп, энергетика, экология, еңбекті қорғау, механика, құрылыс және IT-технологиялар бағыты бойынша өз білімдерін шыңдады. Енді міне, меңгерген білімдерін сынайтын кез де келіп жетті.
Қарағайлы орманның аумағында алдымен қатысушылар үшін «ұқыпты өндіріске» арналған белсенді тренинг ұйымдастырылды. Жастар жұмыс орны мен жағдайын жақсартудың басты қағидаларын түйсігіне түйіп, өзара тәжірибе алмасты.
Шараның басты бөлімінде болашақ көшбасшылар 8 секция бойынша топ-топқа бөлініп өз жобаларын қорғады. Мысалы, көлік секциясындағылар автошиналарды жоюға кететін шығындарды азайту мәселесін алға тартса, «энергетиктер» электр қозғалтқыштарды жөндеудің сапасын арттыру бойынша өз жобаларын ұсынды. Баяндамалар сан қилы тақырыпты қамтып, бағалау комиссиясының жан-жақты қызығушылығын тудырды. Дегенмен механикалық секцияның «Фабрикалық кешендегі мойынтіректі монтаждау үшін индукциялық жылытқышты енгізу» жобасы ең үздік деп танылып, алдағы уақытта өндіріске енгізілетін болды. Сондай-ақ жеңімпаздар біліктіліктерін одан әрі арттыруға мүмкіндік алды.
– Жастар – өндірістің қозғаушы күші. Жастар бар жерде даму да, алға жылжу да болады. Осыны ескеріп, жалынды жастарға сеніп артып, қамқорлық көрсетіп отырған бірлестік басшылығына зор алғыс айтамын. Біздің команданың жобасы жеңімпаз атанғанына қуаныштымыз. Өйткені әріптестерімнің идеялары да экономикалық тиімділігі мен өміршеңдігі жағынан кем емес еді, – дейді жеңімпаз команданың мүшесі, «ССКӨБ» АҚ Технологиялық жабдықтарды жөндеу басқармасының инженері Абат Ермағамбетов.
Осылайша екінші жыл қатарынан «Көшбасшылар мектебінің» түлектері түрлі басшылық қызметтердің кадрлық резервіне қабылданбақ. Бұл, өз кезегінде, еңбектің өнімділігін арттырып, өндірістің дамуына алып келетіні анық.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ