Елдің 80 үздік студентінің бірі атанды
Рудный индустриалды институтының 4-курс студенті Алена Дерябина ҚР тұңғыш президенті Қоры стипендиясының иегері атанды. Республикалық байқаудың қорытындысы бойынша шәкіртақымен марапаттау рәсімі Алматы қаласында өтті. Байқауға күндізгі бөлімде оқитын ЖОО ғана емес, арнайы оқу мекемелерінде білім алатын ҚР студенттері қатысуға мүмкіндік алған еді.
Елдің әр түкпірінен келген дарынды жастар лайықты марапатты иемденбес бұрын байқаудың сындарлы сынағынан, іріктеу тезінен өтті. Биыл 41 оқу орнынан барлығы 400 студент бағын сынап көрмек болды.
РИИ-нің студенті А.Дерябина "Менеджмент" мамандығы бойынша төртінші жыл оқып жатыр. Озат бойжеткеннің елдің және бірнеше шетел баспасөздерінде ғылыми мақалалары жарық көрген. Толып жатқан марапат иегері. Міне, ол енді Қазақстанның 80 үздік студентінің қатарынан көрінді. Қордың стипендиясы – дербес, бір оқу жылына белгіленеді және әр ай сайын төленіп отырады. Стипендияның биылғы көлемі былтырғыдан екі есе көп – 40 мың теңге.
Айта кетейік, ҚР тұңғыш президентінің қоры мұндай байқауды 2011 жылдан бері ұйымдастырып келеді. Үздік студенттерді тек үлгерім сапасы бойынша ғана емес, ғылыми, шығармашылық және ЖОО-ның, қаланың қоғамдық өміріндегі белсенділігі үшін де бағаланады.