Жобалар жемісті
Бүгін "Рухани жаңғыру" бағдарламасының Қостанай облысында жүзеге асырылу барысына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Оған облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Мендекинова, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Зәуре Байменова және "Тәрбие және білім" кіші бағдарламасының бас менеджері Нұржан Оразғалиұлы қатысты. Аталған тұлғалар "Рухани жаңғыру" бағдарламасының, "Атамекен" және "Тәрбие және білім" кіші бағдарламаларының облыста іске асу барысы туралы БАҚ өкілдеріне ақпарат берді.
"Бағдарламаны жүзеге асыру үшін аудандар мен қалаларда 21 арнайы жұмыс тобы құрылды. Соңғы тоғыз ай ішінде 2 мыңнан астам іс-шара өткен. Нақтысында, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, түрлі деңгейдегі жиындар мен семинарлар ұйымдастырылды. Бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнап, тақырыпқа сай 442 мақала, жүзден астам телебағдарлама жарық көрді, – деп баяндады Г.Мендекинова. – Әлеуметтік желілерде де "Латынша жазып үйренейік", "Батырлар қасымызда" сынды түрлі жобалар басталды. "Нұршаңырақ", "Келешек-2050" секілді көптеген үкіметтік емес ұйым да аудан-қалаларда әлеуметтік жобаларды сәтті іске асыруда". Сондай-ақ, ол латын қарпіне көшу міндетін талқылауға арналған республикалық конференция өткенін айтты. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, таяу арада транслитерацияның (кириллден латын қарпіне аудару – автор) мобильдік қосымшасы пайда болып, оны Play Market арқылы жүктеп алу мүмкін болмақ. Облыста мұндай қосымшаны әзірлеу үшін 300 мың теңгеге байқау ұйымдастырылып, оны "Би Холдинг" компаниясы жеңіп алған. Мұның сыртында, 2020-2021 оқу жылында мектепалды даярлық сыныптары латынша көшірілетіні мәлім болып отыр.Ал Зәуре Байменова "Атамекен" кіші бағдарламасының жетістіктеріне тоқталды. Ол ҮЕҰ мен еріктілердің қатысуымен өңірдегі көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған. Мұнымен қоса, облыстық ішкі саясат басқармасының "Көркейе бер, Қостанай" атты төл жобасын жандандыруға 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлініпті. Бұған аймақта 21 ІТ-технология кабинеті, 36 елді мекенде 39 әлеуметтік нысан ашылып, жөндеуден өткен. "Жыл басынан бері 69 ҮЕҰ 100 бастамалық жобаны қолға алды. Айталық, Арқалықтағы "Жас Ұлан", Сарыкөлдегі "Күнтимес" ұйымдары жергілікті тарихи орындарды зерттеп-зерделеуге көп үлес қосты, – деді ол. – Облыста табысты жүзеге асқан кіші бағдарламалардың бірі – "Рахмет саған, туған ел". Мұның аясында 37 шара жоспарланған. Осы уақытқа дейін елге танымал 15 тұлғамен кездесулер өткізілді. Облыста "Жомарт жүрек" байқауының басталғанын да айта кету керек. Мұнда "Жыл меценаты", "Жыл тұлғасы", "Ерен еріктілігі үшін" сынды т.б. бес аталым бойынша жеңімпаздар анықталып, қазан айында марапатталмақ".
Зәуре Әнуарбекқызы өңір тұрғындарын "ВКонтакте" әлеуметтік желісінде өтіп жатқан "Жыр керуені", "Сана серпіні", "Латын қарпінде жазып үйренейік" сеілді жобаларға қатысып, жүлдегер атануға шақырады. Үміткер атану үшін облыстық ішкі саясат басқармасының ресми сайтынан толық мәлімет алуға болатыны айтылды.
Брифингте "Тәрбие және білім" кіші бағдарламасының да жыл басынан бергі қорытындысы жария етілді. Нұржан Оразғалиұлы аудандар мен қалаларда өткізілген шаралардың атын атап, түсін түстеді.
"Өңірде ірілі-ұсақты 585 шара ұйымдастырылды. Бұған қоса жалпы сомасы 143 млн теңге болатын 293 жоба іске асты. 42 млн теңгеге 24 ІТ-сынып ашылып, 172 млн теңгеге 21 мектеп цифрландырылды. Ұзын саны 1720 компьютер сатып алынды. 505 мектеп кең жолақты интернетке қосылды. 295 мектеп жанында ағылшын тіліне үйрететін курс жұмыс істейді. Бұған қоса, биыл облыста 7 бала ҰБТ-ны ағылшынша тапсырғанын айта кету керек. Орташа балл – 97, – деп егжей-тегжейлі ақпарат берді ол.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев