Заң орындалуы керек
«100 нақты қадам. Ұлт жоспарын» жүзеге асыру бағдарламасының «Индустриаландыру және экономикалық өсім» бағытындағы 35 және 35-шы қадамында ауылшаруашылығына қатысты жер телімдерін тиімді пайдалану туралы жан-жақты көрсетілген. Бұл бүгінгі күні ең өзекті мәселеге айналып отыр. Яғни, Жер Кодексіне және басқа да заңнамалық актілерге сәйкес енгізілген бірқатар өзгерістер мен толықтырулар жергілікті жерлерде қатаң бақылауға алынуы тиіс.Өткен жылдың қараша айында жарыққа шыққан « Қазақстан Республикасындағы Жер Кодексіне енгізілген өзгертулер мен толықтырулар туралы » Заң биылғы жылдың 1-ші шілдесіне өз күшіне енеді. Онда шаруа қожалығын немесе ауылшаруашылығы өндірісін қолға алғысы келетін ҚР азаматтары мен мемлекеттік емес заңды тұлғалар ауылшаруашылығына тиесілі жер телімдерін уақытша пайдалану құқығы туралы нақты жазылған.
Бұдан былай жер телімдері ел азаматтарына аукциондар арқылы сатылымға шығарылмақ. Өкінішке қарай, жерді жекеменшікке алу мәселесі біздің өңірде нақты жүзеге асырылып жатқан жоқ. Мәселен, облыста барлығы 10 млн.506 мың га жер сатуға шығарылса, күні бүгін соның тек 45,3 мың.гектары ғана өз иелерін тапқан.
Шаруалар бос, игерілмей жатқан жердерді сатып алуға әлі күнге асығар емес. Аудан, қала әкімдіктері тарапынан да белгіленген нақты шаралар жүзеге аспаған. Облыстық жер қатынастары басқармасының жетекшісі Нұрлан Әбдуовтың мәлімдегеніндей, облыстың тек 9 ауданында ғана түсіндіру жұмыстары жүргізіліпті. Ал, Заңның орындалуына үш ай қалғанын ескерсек, бұл жұмыстар көңіл көншітпейді. Сондықтан, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов басқарма басшысына қысқа мерзім ішінде барлық аудан,қала әкімдерімен бірлесе отырып, семинар-кеңес өткізуді тапсырды.
-Мәселені қатаң бақылауда ұстаған жөн. Қазір көптеген шаруа қожалықтары өздерінің иелігіндегі жер телімдерін күтіп,баптауға қауқарсыз. Бірақ, олар жерден айрылғысы жоқ. Не өздеріне бұйыртпайды, не өзгелерге қимайды. Екі ортада кеп проблема туындайды. Осыған жол бермеу керек,-деді облыс басшысы.
Анығын айтсақ, жер телімдерін сатып алушылар белгіленген соманың 50%%-ін алдын-ала төлеп, қалғанын кейінгі он жыл мерзім ішінде бөліп төлеуге міндетті. Сондай-ақ, осыған дейін, ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді шаруа қожалығын немесе фермершік шаруашылық құрған, қандай да бір ғылыми-зерттеу, тәжірбие жұмыстарын жүргізуге, бақша өсіруге, мал өсіруге, шөп шабуға пайдаланып келген, 50 %-ік үлесі шетелдіктерден,оралмандарға тиесілі заңды тұлғалар жиырма бес жылға жалға ала алады.
Елдік мәселені ертеңге қалдыруға болмайды. Облыс әкімі Заңға немқұрайлы қарайтын аудан, қала басшылары жауапкершіліктен құтылмайтынын айтты.
Айбек КӘДІРҰЛЫ