Денсаулығың өз қолыңда!
Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының мамандары “Қазпошта” АҚ облыстық филиалында акция ұйымдастырды.
Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізілген шара аясында қаламыздағы №1 емхана мамандары акцияға қатысушылардың қан қысымын өлшеп, қандағы қант пен холестерин мөлшерін анықтап, тұрғындарға тегін медициналық кеңес берді. Ал, орталық мамандары жиналғандарға ұзақ өмір сүрудің құпиясы туралы, салауатты өмір салтын ұстану мен таңғы жаттығудың да адам денсаулығын нығайтуға зор әсер ететіндігін айтып, салауатты өмірді насихаттаған тегін кітапшаларды таратты.
-Біз бұл акцияны аталмыш мекеме басшылығының өтініші бойынша өткізіп жатырмыз. Бүгінгі шараға тек біздің орталықтың мамандары ғана емес, қаламыздағы №1 емхананың дәрігерлері де жұмылдырылды. Жалпы, күнделікті күйбең тірлікпен емханаға барып, денсаулықты тексертіп тұруға уақыт таппайтынымыз рас. Сондықтан, бүгінгідей шаралардың адам денсаулығы үшін берері мол. Әр мекеме осындай шаралар өткізу туралы ұсыныс жасаса, біздің орталық мамандары қашан да дайын, – дейді орталықтың валелогы Р.Нәукенова.