Министрлік өкілі мәселенің мәнісін түсіндірді

Рудныйдағы перинаталдық орталық пен балалар ауруханасын қалалық ауруханаға қосу туралы мәселеге нүкте қойылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің  амбулаториялық-емханалық көмекті ұйымдастыру басқармасының басшысы Б.Жүсіпов және облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мен ауруханалардың бас дәрігерлері мәлімдеді.
брифинг
Бұл мәселе ағымдағы жылдың тамыз айында көтерілген болатын. Бұған қарсылық танытқан бастамашыл топпен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Е.Слободенюк алдымен жабық кездесу өткізді, артынша жиын тілшілердің қатысумен жалғасты. Енді міне, бұл мәселеге нүкте қойылып, министрліктен келген өкіл мен денсаулық сақтау басқармасының басшысы мәселенің мәнісін түсіндіріп берді. Алдағы уақытта медициналық мекемелерді біріктірудің нәтижесінде 600 орындық көпбейінді кешен пайда болмақ. Сондықтан, басқарма басшылары мұның өз кезегінде Рудный қаласында қоғамдық денсаулықты дамытудың тамаша бастамасы болатындығын айтады. Әрі министрлік өкілі ешқандай төсектік орындардың қысқармайтындығын алға тартты.
минитср
-Халықаралық сарапшылар сырқаттарды емдеу үшін мультидисциплинарлық әдісті қажет деп санайды. Науқастар үшін барлық ресурстарды шоғырландыру қажет, себебі ол ауруханаға барғанда білікті мамандардың көмегіне жүгініп, заманауи медициналық жабдықтарды пайдалануға мүмкіндік алуы керек. Ал, еліміздегі шағынбейінді медициналық ұйымдар бұл мәселелерді шешпейді. Сондықтан, мемлекеттік бағдарлама аясында ауқымды әрі сапалы қызмет көрсететін көпбейінді медициналық кешендер  құру туралы шешім қабылданды, өңірлерде денсаулық сақтаудың инфрақұрылымын дамытудың ұзақ мерзімді жоспарлары әзірленді, – дейді Бауыржан Жүсіпов.
Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Е.Дәуітбаевтың айтуынша, үш аурухананы біріктіру арқылы тек 29 миллион теңгені үнемдеу ғана емес (әкімшілік-техникалық қызметкерлерді және бас дәрігер мен оның орынбасарларын қысқарту), сонымен қатар оңалту төсек орындарының санын көбейтіп, балалар хирургиясы мен травматология, реанимация қызметтерін дамытуға да мүмкіндік береді. Бала травматологына немесе хирургқа оқыту да  қиын емес, ол әрікетсе 4-6 айға созылады.
WhatsApp Image 2018-09-13 at 17.51.13
-Тиімділігі өте көп. Бұдан бірде бір сырқат зардап шекпейді. Керісінше, қалалық ауруханадағы компьютерлік томография балалар үшін қолжетімді болады, перинаталдық орталықтың пациенттері үшін де тиімді, олар қалалық аурухананың білікті мамандарынан тегін кеңестер ала алады. Келер жылы оңалту қызметін кеңейтеміз, әсіресе балаларға оңалту көмектерін көрсету бойынша қаржыландыруды ұлғайтуға тырысамыз. Қостанай-2 қаласында ересектер мен балаларға арналған оңалту орталығын салу үшін инвестормен келіссөздер жүргізілуде, -дейді Е.Дәуітбаев.
Рудный қалалық ауруханасының бас дәрігері Т.Қайкеновтың айтуынша, жыл соңына дейін Рудныйдағы перинаталды орталық та, қалалық және балалар ауруханалары да ешқандай қиындықсыз сол режимде жұмыс істейтін болады. Тек, келер жылдан бастап, біртіндеп халықтың қажеттіліктерін есепке ала отырып, қайта құру жұмыстары басталады.
кайкенов
-Мәселен, үш ауруханада да химиялық зертханалар бар. Әрине, сөзсіз біреуі ғана қалдырылады. Ауруханаларда кір жуу, ас дайындау сияқты жиі қайталанатын қызметтер де бар. Алдағы уақытта асхананы балалар ауруханасының базасында, кір жуу нысанын перинаталдық орталықта қалдыруды көздеп отырмыз. Сондықтан, қажет деген мұндай бөлімшелер қысқармайды әрі техникалық және шаруашылық сала қызметкерлері де зардап шекпейді. Зейнет жасына таяп қалғандар да жұмыстан шығарылмайды. Ал, қосымша қызметте жүрген зейнеткерлермен қоштасуға тура келеді, алғысымызды айтып шығарып саламыз. Сондай-ақ, кадрлар бөлімшелері мен бухгалтерияларда қысқартулар болатыны рас, бірақ біз олардың барлығына жұмыс тауып беруге тырысамыз, – дейді бас дәрігер Талғат Қайкенов.
Айта кетер жәйт, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Е.Дәуітбаевтың сөзінше, ендігі кезекте Қостанай перинаталды орталығын, офтальмологиялық аурухананы, онкологиялық диспансерді, тері аурулары диспансерін көпсалалы облыстық ауруханаға біріктіру жұмыстары тұрған көрінеді. Арқалықтағы ауруханалар да біріктіріледі. Жыл басынан бері психиатриялық және наркологиялық қызметтерді психикалық денсаулық орталықтарына және облыстық жедел жәрдем қызметін біріктіру жұмыстары жүргізілуде. Туберкулезге қарсы қызмет те бірінші жыл оңтайландырылып жатқан жоқ. Сондай-ақ, қайта ұйымдастыру жұмыстары М.Қарабаев атындағы туберкулезге қарсы санаториясында да басталады. Ол тек туберкулезге қарсы  ғана емес, сонымен қатар өкпе патологиясы бар науқастарға арналған санаторияға айналады. Болашақта толық шаруашылық есепке көшірудің арқасында мұнда ақылы қызметтерді де кеңейту жоспарлануда. Ең бастысы, медицина қызметкерлері қысқартылмайды.
Басқарма басшысы денсаулық саласындағы өткір мәселелердің бірі – кадр тапшылығы проблемасына да тоқталды. Айтуынша, облыста 280-нен астам дәрігер  жетіспейді, ал жұмыс істеп жатқандардың 36 пайызы зейнет жасындағылар. Өткен жылы жас мамандарға төленетін бір реттік көтермеақы үшін бюджеттен 30 млн. теңге бөлінсе, биыл бұл мақсатқа 100 млн теңге бөлініп отыр. Сондай-ақ, биыл алғаш рет медициналық мамандықтарға 100 грант бөлінгендігін де айта кеткен жөн. Сондықтан, екі жылдан кейін кадр тапшылығы мәселесі түбегейлі шешілмесе де, біртіндеп шешім табатыны сөзсіз.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓