Тұмаулатып қалмаңыз
«Доңыз тұмауы» Қазақстанға да жетті. Қауіпті кеселден бір отандасымыз көз жұмған деген ақпараттан қазір елдің бәрі шошынып жатыр. Бірақ мамандардың айтуынша, соншалықты қорқатын дәнеңе жоқ екен. Осы орайда бірнеше сауалға облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Байменова жауап берді.
–Сәуле Әнуарбекқызы, қазіргі уақытта тұмаудың өршіп тұрған кезі. Биылғы жылы көрсеткіш былтырғыдан көп болып отыр ма?
–2015 жылдың 1-қазанынан облыс көлемі бойынша жіті вирусты инфекциялардың 18970 жағдайы кездесіп отыр. Бұл жылдағы көрсеткіш. Тұмау өршіп тұр деуге келмейді. Мысалы былтыр 18607 жағдай тіркелген еді. Ал қазіргі жұрт шошып жүрген “доңыз тұмауы” бұл бар болғаны осы тұмаудың бір түрі десе де болады. Оны А(Н1N1) pdm деп атаймыз. Бұл жағдай бойынша әзірге 2 науқас тіркелген. ЖРВИ-мен науқастанғандардың жалпы санының 79 пайызы 14 жасқа дейінгі балалалар. Соның ішінде 8,7 пайыз бір жасқа дейінгі сәбилер болып отыр. Жыл сайын ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанудың өсімі халық арасында белгілі әлеуметтік қарбаластық пен алаңдаушылықты тудырады. Сол сияқты жаңа айта кеткен “доңыз тұмауы” деп бекерден шошуға болмайды. Ол да тұмаудың бір түріне жатады. Кез келген сырқатты дер уақытында қаралып, емделіп жеңуге болатынын естен шығармаңыздар.
–Бүгінде қандай емдік шаралары жүргізіліп жатыр?
–Қазіргі уақытта тұмаудың алдын алу бойынша түрлі эпидемиялық шаралар жүргізіліп жатыр. Алдын алудың бірінші шарасы тұмауға қарсы вакцинация егілді. Облыс бойынша өткен жылдың күзінде 56147 тұрғын тұмауға қарсы егілді, оның ішінде ақысыз түрде егілгендер де бар. Мектептерде түрлі семинарлар өткізілуде. Сондықтан тұмаудың алғашқы белгілерін байқасаңыз бірден медициналық көмекке жүгінген дұрыс.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА