Спорт шебері атағы табысталды
ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында Қарағанды облысының Теміртау қаласында өткен самбо күресінен ел чемпионатында және Қостанай академиясында өткізілген жауынгерлік самбодан Қазақстан Республикасының чемпионатында жеңімпаз атанған курсанттарға “Қазақстан Республикасының спорт шебері” атағы салтанатты түрде табысталды. Марапаттау сәтінде академия бастығы полиция генерал-майор Мирлан Қызылов спорт шебері атанған курсанттарды құттықтап, бұдан да биік белестерді бағындыруларын тіледі, сондай-ақ басқа курсанттардың да осындай дәрежеге жетулеріне тілектестік білдірді.
Салтанатты шара барысында академия бастығы Теміртау қаласында өткен самбо күресінен ел чемпионатының жеңімпазы атанғандар Бексұлтан Оразымбет, Бақтияр Болатов, Қажығали Қожабеков, Сәбит Жан және сонымен қатар жауынгерлік самбодан Қазақстан Республикасының чемпионатында жеңімпаз атанған Нұрбол Құрбанға “Қазақстан Республикасының спорт шебері” атағын өз қолымен табыстады.
Қазіргі таңда бұл курсанттар жауынгерлік және дене дайындығы кафедрасының қызметкерлері полиция подполковнигі Бағдат Өтенов, оқытушы Айдарбек Ақылбеков, полиция подполковнигі Руслан Таңқыбаев және полиция майоры Ержан Қабидуллиновтардың қол астында жаттығып, алдағы бәсі биік жарыстарға дайындалуда.
Думанжан ТҰРСЫНБАЙ
ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев
атындағы Қостанай академиясының
4-курс курсанты