Жөндеу жұмыстары аяқтала ма?
Бүгін бір топ депутат жөндеу жұмыстары созылып, ісі сотқа жеткен облыстық балалар ауруханасының ғимаратына барды. Ғимарат іші аңғал-саңғал. Шешуі күрмелген мәселеге ҚР Парламенті сенатының депутаты С.Карплюктің де араласуына тура келіп тұр. Бұл жерге мердігер де, облыстық аурухананың бас дәрігері де, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы да келді. Басты мәселе – аурухананың жөндеу жұмыстарын аяқтап, қолданысқа беру.
Туындаған мәселе белгілі болса да түйткілі көп. Екі жыл бұрын басталған жөндеу ісі әлі күнге бітер емес. Тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы дау-дамай да сағыздай созылды. Бұл іс насырға шауып, сотқа да жеткен болатын. Ал сырқат балалар өзге ғимараттарда ем алып жатыр. «Бұл балаларға да, дәрігерлерге де ыңғайсыз» дейді облыстық аурухананың бас дәрігері Н.Ержанов. Ал мердігер компания «Вершина» ЖШС жқмысты бастау үшін арнайы келісім шартқа отырғысы келеді. Ал тапсырыс беруші жақ арнайы құжаттарды әлі алмағанын айтуда. Бұл жерде шешімді қажет ететін мәселе көп. «Вершина» ЖШС директоры Т.Хамитов: «істі бастамас бұрын заңды құжаттарға қол қойып, сенімді болғымыз келеді. Екі жақты келісім шартқа қол қойсақ біз іске кірісер едік. Сонымен қатар осы уақытқа дейін 200 миллионға жұмыс атқардық, ал қаражат берілмеді» деп ақталады.
-Бұл істі тездету керек. Мердігер ретінде тиісті құжаттарды ұсыну керек. Өз тарапымнан бұл істің шешілуін қадағалаймын. Ал жергілікті депутаттар жөндеу жұмыстарының аяқталуын назарға алса деймін, - деді С.Карплюк.
Естеріңізге сала кетер болсақ, Қостанай облыстық балалар ауруханасын күрделі жөндеу 2020 жылдың тамыз айында басталған. Оған республикалық бюджеттен 1 миллиард 204 миллион тенге бөлінген. Бұл ақшаға қарағандылық мердігер компания алты айдың ішінде аурухананың екі корпусын да жаңартып шығу керек еді. Бірақ жұмыстарды уақтылы бітіре алмады. Енді жыл соңына дейін жөндеу жұмыстары аяқталып, қолданысқа беріліп қалар дейді депутаттар. Ал тапсырыс беруші мен мердігер компания құжаттарды реттеп, іке кірісеміз деп сереттесті.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА.