STEM-нің үстем үлгісі
ERG-дің қолдауымен Қазақстан мектептерінде биыл 10 STEM-зертхана ашылды. Атап айтқанда, Павлодар, Ақсу, Хромтау, Рудный, Лисаков, Екібастұз және Ақтөбе сынды Еуразиялық Топ кәсіпорындары орналасқан қалалардың білім ордалары жабдықталды.
STEM бағыты оқушылардың алған теориялық білімін нақты тәжірибемен ұштастыруға септеседі. Бастысы, олар өндірістік өңірлердегі қарапайым, қатардағы мектептерде ашылды. Мәселен, STEM-зертхана Рудный қаласындағы №2 гимназияға орнатылған. Мұндағы жабдықтар қатарында роботтардың бірнеше топтамасы, ЛЕГО конструкторлар, 3D-принтерлер мен ноутбуктар да бар. Енді гимназияның 5 пен 8 сынып оқушылары өз қолдарымен робот жасап, оларға қажетті бағдарламаларды әзірлеп көрмек.
‒ Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев инженерлерлер дайындау керектігін жиі айтады. Өйткені, бұл – болашақтың мамандығы. Механика мен технологияны тереңдете оқытатын осындай зертханалардың пайдасы ұшан-теңіз екені айтпаса да түсінікті. Сол себепті Рудныйдың №2 гимназиясы мен Қашардағы №1 мектепті жабдықтау үшін қала құраушы кәсіпорын «ССКӨБ» АҚ 13 миллион теңге бөлді, – дейді қалалық STEM орталығының жетекшісі Виталий Кудрявцев.
STEM-зертхана кабинеті білім ұясынан гөрі өндірістік зертханаға көбірек ұқсайды. Өйткені бала мұнда кітап, қалам мен дәптерден гөрі робот жасау, моделдеуге қажетті саймандар мен компьютерлерді жиі қолданады. Оның үстіне сабақ 5-11-сынып оқушыларына 40 минуттық факультатив форматында өткізілмек.
Мұғалімдердің айтуынша, жаңа зертхана оқушыларды тек робототехника, интернет-технологиялар ғана емес, гидравликамен де жақын таныстырып, тіпті темір жонушы кәсібінің бастапқы қырларын сезінуге сеп болмақ.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ