БАҒДАРЛАМА ҚАРҚЫНЫ БАЯУ
«7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Алматы қаласы алда келеді. Арнайы ипотекалық бағдарлама басталғалы оңтүстік астананың 480 тұрғыны баспана алып үлгерген. Қостанай қазірше 12-ші орында. ҚР Ұлттық банкі облыстық филиалының мәліметінше, «7-20-25»-тің көмегімен бүгінге дейін 28 қостанайлық пәтерлі болған. Өткен айдың 8-і күні Ұлттық банк филиалына хабарласқанымызда, «7-20-25» бағдарламасы бойынша 24 адамның өтініші мақұлданды, – деген жауап алған едік. Содан бергі айдан астам уақыт ішінде 4-ақ тұрғын ипотекалық несие алған. Жаңа бағдарламаның өңірдегі жай-күйі мәз емес екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Аталған бағдарламаға тұрғындар да айтарлықтай қызығушылық танытпай отыр.
Жалпы, «7-20-25» бағдарламасына Қостанай қаласында жаңа салынған және салынып жатқан тұрғын үйлерден 74 пәтер енгізілген.
«7-20-25» бағдарламасы бойынша берілетін пәтерлер (Қостанай қ.)
№
|
Тұрғын үй кешені орналасқан жер
|
Құрылыс компаниясы
|
Пәтер саны
|
1ш.метрге шаққандағы орташа құны. теңге.
|
Құрылыс-тың аяқта-лу мерзімі
|
1
|
«Юбилейный» шағын ауданы,
№39- үй
|
«БК-Строй» ЖШС
|
20
|
–
|
Қараша, 2018 жыл
|
2
|
«Юбилейный» шағын ауданы,
№40- үй
|
«БК-Строй» ЖШС
|
14
|
–
|
Қыркүйек, 2018 ж.
|
3
|
«Юбилейный» шағын ауданы,
№41- үй
|
«БК-Строй» ЖШС
|
20
|
–
|
Қараша, 2018 ж.
|
4
|
Герцен көшесі, 15-үй
|
«Агрофирма «Ирина и К» ЖШС
|
6
|
175 000
|
Шілде, 2018
|
5
|
5 апрель көшесі, 30 -үй (мансард)
|
«Агрофирма «Ирина и К» ЖШС
|
10
|
175 000
|
Шілде, 2018
|
6
|
Толстой көшесі, 25- үй
|
«Агрофирма «Ирина и К» ЖШС
|
4
|
187
|
Шілде, 2018
|
БАРЛЫҒЫ
|
|
74
|
|
|
Кестеде көрсетілгендей, «БК-Строй» серіктестігі бағдарламаға 54 пәтер ұсынған. Алайда олардың құрылысы әлі аяқталған жоқ. Аяқталу мерзімін білмек болып, құрылыс компаниясына хабарласып едік, «жыл аяғына дейін бітіп қалар» деген екі ұшты жауап алдық. Қазір Қостанайда баспанасыздарға «7-20-25» бойынша нақты дайын пәтер ұсынып отырған жалғыз компания – «Ирина и К» ғана. Алайда серіктестік өзі ұсынып отырған 20 пәтердің қай-қайсын болмасын кез-келген уақытта бағдарламадан тыс сатып жібере салады. Өйткені табысты болуды көздейтін кез-келген жекеменшік компания үшін халық мүддесінен гөрі, нарық мүддесі маңыздырақ.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасында «7-20-25» бағдарламасына қатысуы тиіс 15 құрылыс компаниясы тіркелген. Алайда олардың көбінің бағдарламаға ұсына қоятын дайын үйі жоқ. Басқарма тізіміне үй құрылысымен айналысатын «Айткужинов» серіктестігі де енген. Бірақ аталған серіктестіктің басшысы Кенжетай Айтқожинов өзі салып жатқан тұрғын үйлердегі бір пәтердің ең төменгі құны 17 млн. теңгеден басталатындықтан, «7-20-25» бағдарламасына сай келмейтінін айтады.
Бүгінде өңірде арнайы бағдарламаны тиімді жүзеге асыру жолдары іздестірілуде. Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Анар Байымбетованың айтуынша, алдағы уақытта «7-20-25» бағдарламасына қатысты жаңа ереже қабылдануы мүмкін. – Қазір «Тұрғын үй жинақ банкіне» тиесілі тұрғын үйлердің біразы алдағы уақытта «7-20-25» бағдарламасына өтуі мүмкін. Өйткені жуырда қабылдануы тиіс жаңа ереже бойынша, аталған банк бір пәтерге қатысты екі рет байқау жариялай алмайды. Мәселен, бұрын байқау жарияланған пәтер өтпей қалса, банк одан кейін де екі-үш қайтара байқау жариялай беретін. Жаңа ереже бойынша, бірінші байқауда иесі табылмаған пәтер бірден «7-20-25» бағдарламасына өтеді, – дейді бөлім басшысы.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша беріліп жатқан Заречныйдың «Северный» шағын ауданындағы 135 пәтер де жаңа бағдарлама шеңберінде сатылуы мүмкін. Бұл пәтерлер мен қаладағы пәтерлердің құны бірдей. Сондықтан бағдарламаға қатысушылардың дені «Северныйдан» гөрі «Юбилейный», «Алтын арман», «Әуежай» шағын аудандарындағы пәтерлерді алуға тырысады.
Санай берсең, өңірде «7-20-25» бағдарламасының жүзеге асуына кедергі көп. Соның бірі – 20 проценттік бастапқы жарна. Қостанайдағы ең арзан пәтер 6 000 000 теңге деп есептесек, оның бастапқы жарнасы 1млн. 200 мың теңге екен. Айлығы шайлығынан аспайтын қатардағы отбасылар үшін қысқа мерзім ішінде мұндай қаражат жинау, жұмсартып айтсақ, қиындау. Айтпақшы, бастапқы жарна оңтүстікте екі есе азайып, 10 процентке түскен. Мәселен, Шымкентте «7-20-25» аясында «Жасарман» және «Қамқорбаспана» атты арнайы бағдарлама ашылып, бастапқы жарнаға кіретін 20%-тің жартысын жергілікті билік өз мойнына алған. Игі бастама Қостанай облысында қолға алынса, пәтер жалдап күнелтіп жүрген жас отбасылар мен бюджетте жұмыс істейтіндердің баспана бақытына ие болуына үлкен мүмкіндік туары сөзсіз.
Нұрқанат Құлабаев