Медициналық пойыздар жолға шықты

Еліміздің өңірлерін аралауға шыққан медициналық пойыз бұл  жолы Қазақстанның шалғай станцияларындағы тұрғындарына көмек көрсететін болады.
пойыз2
“Samruk-Kazyna Trust” Қорының басқарушы директор-ресми өкілі Мирас Іргебаевтың айтуынша, “Денсаулық” және “Саламатты Қазақстан” пойыздары үш ай бойы еліміздің шалғайдағы теміржол бекеттерінде тоқтап, елді-мекен тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді. Пойыздардың медициналық бригада құрамына терапевт, педиатр, невропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, стоматолог сияқты білікті дәрігерлер кіреді. Пойыз заманауи диагностикалық құралдармен жабдықталған, оның ішінде компьютерлік спирометрлік жүйемен, эхоэнцефалографпен, диагностикалық жүктеме сынақтарын жүргізу үшін кардиологиялық мониторинг жүйесімен, сондай-ақ рентген, стоматологиялық, ЛОР және офтальмологиялық жабдықтардың соңғы үлгілерімен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ,  “Денсаулық” пойызы Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан және Алматы облыстары бойынша барлығы 71 бекетке тоқтайды. Ал, “Саламатты Қазақстан” пойызымен Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды және Қостанай облыстары бойынша шалғайдағы 57 станцияның тұрғындарын қамту жоспарланып отыр.
пойыз
-Біз үшін еліміздің шалғай аудандардағы тұрғындарының қолжетімді және сапалы медициналық көмек ала алуы өте маңызды. Яғни, тек ірі қалаларда ғана емес, шағын ауылдар мен елді мекендердегі халық та сапалы ем ала алуы керек. Сол себепті біз “медициналық пойыздар” жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Бұл пойыздар еліміздің шалғай орналасқан бекеттеріне тоқтап, ондағы білікті дәрігерлер халыққа тегін медициналық көмек көрсете алады. Пойыз толығымен заманауи медициналық көмекті көрсете алады. Сонымен қатар, пойыздарда жеңіл-желпі оталар да жасалады, – дейді М.Іргебаев.
пойыз3
Жалпы,  “Медициналық пойыздар” жобасы алғаш рет 2010 жылы іске қосылған болатын. Осы уақыт ішінде консультациялық-диагностикалық пойыздардан еліміздің барлық облыстарынан 1326 станция тұрғындары тексеруден өтті. Мамандар 379 000 қазақстандықты тексерістен өткізді, оның 83 806 балалар. Дәрігерлік қабылдаулардың жалпы саны шамамен 2,5 млн құрады. Жоба “Самұрық-Қазына” АҚ компаниялар тобы атынан “Samruk-Kazyna Trust” әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және ҚР Денсаулық министрлігімен, сонымен қатар, “Қазақстан Темір Жолы” ҰК” АҚ-ның “Әлеуметтік жобалар” Корпоративтік қорымен жүзеге асырылады.
Айта кетер жәйт, медициналық пойыздар Қостанай облысындағы станцияларда қыркүйектің 4 мен 20-сы аралығында болып, өңірдің шалғайдағы тұрғындарына медициналық қызмет көрсететін болады.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓