55 мың адам тегін егіледі
Қостанай облысында тұмаудың алдын алу мақсатында вакцина егу шаралары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қостанай облысына Ресейде шығарылатын «Гриппол» екпесінің 55 мың данасы сатып алынған. Бүгінде 37 мың адам тегін екпе қабылдады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің облыс филиалының маманы Ольга Бугайко мәлім етті. Вакцина халықаралық стандартан өткен.
«Бір ескеретіні, екпе егілгеннен кейін 14 күннен соң күшіне енеді, оның қорғаныш белсенділігі 6-дан 12 айға дейін созылады. Жалпы, қазіргі күні Қостанай өңірінде тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты», – деді маман.
Тегін екпе егу жұмыстары барлық азаматтарға жасалмайды. Мемлекеттік бюджет қаражатына жұқпалы ауруларға шалдығу қаупі ең көп әлеуметтік топтар – созылмалы өкпе, жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауыратын, иммунитеті төмен және жиі ауыратын балалар, медицина қызметкерлері мен жүкті әйелдерге тегін егіледі.
Тұмауға қарсы вакцинаны ақылы түрде алуға болады. Мәселен, Қостанай қаласында «Мәриям», «Медсервис плюс» жеке медорталықтары мен емханалардың екпе бөлмелеріне жүгіне аласыз. Жалпы, 1 желтоқсанға дейін халық көп шоғырланған елді мекендердің тұрғындарына екпе егу жоспарланған.