Аяқталмаған сұхбат

Биыл 5 қыркүйекте Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республика оқытушыларының байқауы тұңғыш рет Қостанайда өтті. Редакция тапсырмасымен іс-шара өтіп жатқан «Мирас» мәдениет үйіне мен де жеттім. Байқауға қазылық ететін алқа құрамында халық ақыны Қонысбай Әбіл де бар екен. Әй-әй ақын Қостанайға ат басын жиі бұра бермейді. Сәті келіп тұрғанда сұхбат алып қалайын деген оймен ақынды сырттай аңдап отырмын. Байқаудың бірінші кезеңі аяқталған соң, қысқа үзіліс жарияланып, Қонысбай ақын сахнаға көтерілді. Ахаңның туған күніне орай ұйымдастырылған ауқымды шараға жиналғандарды құттықтап, ұлт кемеңгері хақында тебірене ой толғады. Ақын сөзін арнау өлеңмен аяқтады. Домбырасын баппен шертіп, көпшілікке таныс мақамына салып, әуелете жырлай жөнелді:  
 
"Мен бүгін тойды қалай бастамайын,
Құшағың ашық, елім, беу, досқа дәйім.
Тірілттің Ахметтей алыбыңды,
Ұлы той құтты болсын, Қостанайым!
 
Қазағым, кезің келді оянатын,
Жайым жоқ жыр төгуден аянатын.
Үкісін бөрігінің желбіретіп,
Алдыңа шықты тағы әй-әй ақын.
 
Қаймақтай түзілген сүт бетіндегі,
Алашқа әрбір сөзі өтімді еді.
Үлесін тілге қосқан салмақтасаң,
Бір өзі бір институт секілді еді.
Айналдым халқым,
Пейілің алтын сақтаулы,
Қазақы қалпың,
Дәстүр мен салтың халәләйку-лиләй, ли-ләй-әй!" –
Аяулы ақынымен сағыныса қауышқан көпшілік қошеметін аямады. Шайырды шапалаққа көміп, сахнадан оңайлықпен жібере қоймады. Көптің қошеметінен сытылып, оңашалана берген Қоныс ағаға  жақындап, өзімнің газет тілшісі екенімді айтып, "сұхбаттасуға мүмкіндігіңіз бар ма?" – деп сұрадым. Уақыты тығыз екен. Сонда да сыртқа шығып бірер сауалыма жауап берді.КОНЫСБАЙ ӘБІЛ
             – Қазір қайда жүрсіз, аға?
–  Мен Астанада, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту орталығындамын. Қазір зейнеткер жасына жеттік. Алланың берген бұл қызығын да көріп жатырмыз. Немерелеріміздің жанында, балаларымыздың қасында.
– Студент кезімізде сіздің әндеріңізді жиі айтушы едік. Лирикалық әндеріңізді айтам…
Иә, менің әндерімнің жанры әр түрлі ғой. Толғау, термелерім, біраз лирикалық әндерім бар. Алматыда Қожекеев ағамыз журналистика факультетінде декан болды. Сонда «Ләйлім шырақ» деген ансамбль ұйымдастырдым. Бұрын болмаған екен біздің факультетте. Ол кезде гитарада ойнаймын. Кейін гитараны азырақ, домбыраны көбірек қолға алатын болдым. Ауыл ішіндегі қариялардың көбінің көзі тірі ол кезде. Небір керемет абыз ақсақалдар болды ғой. Олардың алдында гитараны даңғырлатып отырмайсың ғой. Сондықтан осы жолға түстік. Мұным дұрыс болды деп есептеймін. Осы қара домбыраның арқасында халықтық, дәстүрлі өнердің тереңіне бойлап, Қазақстанның халық ақыны атандым.  
– Әлгі біздің студент кезді айтам. «Бала махаббатыңызды» көп айтушы едік. Домбыраға да, гитараға да келе береді.
– Мен тоғызыншы сыныпты бітіргенде шыққан ән бұл. Ескендір Хасанғалиевтің «Анаға сәлем» деген әні жаңа шыққан. Ол кезде, өзің білесің, бір жақсы ән шықса ол өрттей болып тарайтын. Оны айтылмайтын жері жоқ, дастархан басында да, машина үстінде де, көшеде де сол ән естіліп жататын. «Анаға сәлемді» радиодан күніне он шақты рет орындайды. Сонда үй шаруасымен айналысып жүрген анам радиоға мейірлене қарап тұрады да, шіркін мынандай ән жазған ұлдың анасында не арман бар екен? – дейтін. Содан мен басында күліп, ерен санамай жүр едім, артынан намыстана бастадым. Ол кісіні тапқан ана мені де тапты ғой. Шешеме оны күніне мың қайталатып қойғанша, өзім неге жазбаймын деген ой келді. Содан, ол кезде әлгі шөп ораққа мінеміз. Айқайлап ән салып отырамыз.  Орақшылар түстенетін жерде қызыл бұрыш бар болатын. Ол кезде қызыл бұрыш дейді. Бір күні сол қызыл бұрышта газет-журналдар жатыр екен. 69-шы жылы ғой. Март айы. «Жұлдыз» ғой деймін. 3-ші нөмірі шыққан екен. Ішкі мұқаба бетіне Қарақалпақ АССР-інен  Тұрғали Жетесов деген жігіттің «Бала махабаты» деген өлеңі шығыпты. Қаншалықты ақын екенін білмеймін. Одан кейін оның өлеңін де көрген жоқпын. Өте жақсы, сәтті шыққан екен үш шумағы. Соған бір нәрсе жетіспей тұрғандай көрінді. Соны өзімше өңдеп, ән жазып, орындап жүрдім. Сөйтіп көпке тарап кетті бұл әнім.
– Аға, осы сіздердің кездеріңізде таза бір табиғи саф айтыстар болушы еді. Қазіргі айтыс жайында не айтасыз?
– Қазіргі айтысқа көңілім толмайды. Масқара болғанда мен саған айтайын, аталы сөз дегеннен айырылып қалдық біз. Қазіргі танымал деген айтыскердің теледидар арқылы боғауыз-былапыт сөздерін естіп, жаға ұстадық. Ал біздің кезде мәдениет болатын. Бірде маған бір журналист сұрақ қойды. – Сіз неше рет жеңілдіңіз айтыста, –  деп.  – Мен ешқашан жеңілдім деп сахнадан тұрып кеткен жоқпын. Мен жеңілсем, өзімнің мәдениеттілігімнен, ақжүрек-адалдығымнан, мәрттігімнен жеңілемін. Қаншама керемет дегендердің барлығымен сөз қағыстырдым. Соның бәрінде де мен қарсыласымның бір тал шашын жерге түсірмей, алақаныма салып отырып айтыстым. Сенбесең, Көкен мен Қонысбайдың немесе Ерік пен Қонысбайдың айтысын алып оқы. Сонда көзің жетеді оған…
 
Әңгімені «Аға, қайда жүрсіз? Басталды ғой… Сізді күтіп отырмыз!» – деп аптыққан  ұйымдастырушылардың бірі шорт үзді де, ақынды жетектеп ала жөнелді. Көкейде көп сұрақ қалды. Кеңірек отырып, көсіле сөйлесер бір күн болар. Қазірше осыған да қанағат.
 
Нұрқанат Құлабаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓