Оңтүстік аудандар алда
Облыста егін орағы қызу жүріп жатыр. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда егіннің 33%-і орылған. Бұл 1 млн гектардан артық алқап жиналды деген сөз.
Мамандардың айтуынша, диқандар алдын-ала белгіленген жоспардан сәл кешеуілдеп келеді. Былтыр осы кезеңде 1,5 млн гектардың егіні орылып, бастырылған. Астықтың орташа шығымы гектарына 10,5 центнерден оралады.
-Өткен апталардағы телегей теңіз жауған жаңбырдан кейін шаруалар енді ғана орақ науқанына бел шешіп кірісті. Дегенмен, жекелеген аудандарда күндік норма жетіңкіремей тұр.Мәселен, диқандар тәулігіне 250 мың гектар алқаптың астығын ору керек болса, әзірге бұл көрсеткіш 50-80 мыңнан әрі аспай тұр,-дейді облыстық ауылшаруашылық басқармасының бөлім басшысы Сәлімжан Есенаманов.
Бүгінде Жанкелдин ауданында орақ науқаны бітуге жақын. Аманкелді ауданы да науқанның бел ортасынан асты. Таран ауданында барлық егіннің 43 проценті жиналды.
Дегенмен облыстың солтүстік өңірлері ораққа енді кірісті. Күн райының қолайсыздығы шаруаларды бірақ тығырыққа тіреді. Сынап бағанасының төмендігі астық сапасына едәуір әсер етуі мүмкін. Алдағы апталарда күн жылынады деп отыр синоптиктер. Ал жиын-терімді шашпай-төкпей жинап алу үшін кемі екі жеті уақыт керек.
Әлібек ЫБЫРАЙ