Электр қуаты қымбаттайды
Қостанай облысында халық тұтынатын электр қуатының бағасы қымбаттайды. Қазіргі тариф бойынша өңірдегі әр отбасы орта есеппен 175 кВт электр қуатын тұтынып, оған айына 2433 теңге төлеп келген. Енді 1 ақпаннан бастап мұның үстіне 175 теңге қосылып, әр отбасы төлейтін тоқпұл көлемі 2608 теңге болады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыстық департаментінің басшысы Ақан Ташпанов электр қуатының қымбаттау себебін түсіндірді. Оның айтуынша, мұндай шешім электр энергиясының шекті тарифінің өсуі мен тасымалдауға кететін шығындардың көбейіп кетуімен байланысты қабылданып отыр.
"Бізге «Қостанай Энерго Центр» ЖШС-нен 2020 жылдың 1 ақпанынан бастап 1 кВт/с электр қуатының бағасы, қосымша салық құнын қоспағанда, 17,64 теңгеден 18,97 теңгеге дейін өсетіні туралы хабар келіп түсті. Осыған байланысты 14 ақпан күні ашық талқылау өткіздік. Оған мемлекеттік органдардың, тұтынушылар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, тәуелсіз сарапшылар қатысты. Нәтижесінде, 1 кВт/с электр қуатының бағасы, қосымша салық құнын қоспағанда, 18,92 теңге болып белгіленді. Алдағы айдан бастап жеке тұлғалар 1 кВт/с электр қуаты үшін 14,6 теңге, ал заңды тұлғалар 23,3 теңге төлейтін болады", – деді департамент басшысы.
Нұрқанат Құлабаев