Республикалық байқауға қатысады
Меңдіқара ауданындағы «Фирма «ПИК» ЖШС фирмасы өсімдік, мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімін өңдеумен айналысады.
Мұндағы шұжық цехы жылына 12 000 тонна өнім өндіреді. Кәсіпорында шұжық қана емес, тұшпара, құлақшанан тәрізді жартылай дайын өнімдер де әзірленеді. Өнімге қажетті ингредиенттердің барлығы цехқа жақын жерде өсірілген. Өнім жаңа алынған әрі тексерілген шикізаттан дайындалады деп сеніммен айтуға болады. Кәсіпкерлік тұрғыдан алғанда, тағы бір артықшылығы – кәсіпорын жеткізушілерге тәуелді емес. Жеткізілімді сарыла күтіп, ет сапасына алаңдаудың еш қажет жоқ.
-Біз барлық өнімдерді өзіміз өндіреміз. Барлығы табиғи деп айтса болады. Сауда маркамыз «Крестянкий двор» деген атаумен белгілі. Әзірге өнім Меңдіқара мен Ұзынкөл аудандарына ғана өткізіледі. Өнімді басқа аудан тұрғындары келіп, сатып алып жатыр, – дейді «Фирма «ПИК» ЖШС өкілі Наталья Попова.
Бүгінде кәсіпорын қарқынды даму үстінде – жабдық үнемі жаңартылып, жаңа рецептер қолданылады. Жаңа өнімдер күн сайын шығып жатыр. «Фирма «ПИК» ЖШС кеңейіп, жаңа нарықтарға шығуға дайын. Шаруашылық басшылары былтыр «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысуды көздеген болатын.
Биыл кәсіпорын байқауға тиянақты дайындалды. Ең үздік өнімдер – қақталған, жартылай қақталған, піскен шұжықтар, вакуумды қаптамадағы еттен жасалған жартылай дайын өнімдер, сарделькалар өндіріс ошағының брэдніне айналған.
Наталья Попованың айтуынша, шұжықтардың ішінде «Красковская» сұрыбына айырықша назар аударылған. Өйткені, бұл шұжық түрі кәсіпорынның мақтанышы. Таңдау дұрыс жасалған. «Фирма «ПИК» ЖШС «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауында «Үздік азық-түлік тауары» аталымында үздік үштікке ілінді.
Енді қостанайлық шұжық 12-13 қазанда Астанада өтетін республикалық байқауға қатысады.
Әлібек ЫБЫРАЙ