«Жас өркен» жаққан жұлдыздар
"Жас өркен" республикалық балалар байқауының ұйымдастырушылары биылғы марапаттау рәсімін өткізуге Қостанай қаласын таңдапты. Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармония төрінде жаңа жұлдыздар жарқырады. Елдің барлық облысын қамтыған ауқымды сында 20 аталым бойынша жеңімпаз балалар және үздік ұжымдар анықталды. Дарынды жастар додасының қорытынды салтанатына арнайы қатысқан облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өзінің жылы лебізін білдірді."Құрметті жас достар! Баршаңызды "Жас өркен" байқауының сыйлығын тапсыру салтанытының ашылуымен құттықтаймын! Бұл іс-шараның Тобыл-Торғай өңірінде өткізілуі бекер емес. Бұл – тұңғыштар мекені. Тұңғыш Тархан Шақшақ Жәнібек, тұңғыш ағартушы ұстаз Ыбырай Алтынсарин, тұңғыш саяхатшы ғалым Шоқан Уәлиханов, тұңғыш журналист Мұхамеджан Сералин, тұңғыш кәсіби дәрігер Мұхамеджан Қарабаев, тұңғыш роман авторы Міржақып Дулатов және өзге де ұлы тұлғалар осы қасиетті өлкеде дүниеге келген. Бүгін сіздер де алғашқы жеңістеріңізге қол жеткізгелі тұрсыздар. Байқауда топ жарып шыққан жас өрендеріміз егемен еліміздің көк байрағын желбіретіп, халықаралық деңгейде көптеген асуларды бағындырады деген сенімдемін, – деді Архимед Бегежанұлы.
"Жас өркен" сыйлығы 20 номинация бойынша өз иегерлерін күтті. Оларды анықтау үшін осы жылдың 20 ақпаны мен 20 сәуір аралығында үш кезең бойынша дауыс беру жүргізілген еді. Оның қорытындысы бойынша Қостанай облысынан 5 қатысушы жүлдегерлер қатарынан көрініп, үш оқушы Гран-при иеленіп, екі қатысушы лауреат атанды. Атап айтар болсақ, "Жас зерттеуші" номинациясы дарынды балаларға арналған "Білім-Инновация" лицей-интернатының оқушысы Алдияр Әміровке бұйырды. "Жас толағай" аталымы бойынша Қостанай қаласының №15 орта мектебінің оқушысы Аян Молдағалиев пен Ғ.Жұмабаев атындағы Боровской орта мектебінің оқушысы Жансая Смаилова марапатталды. Рудный қаласындағы Балалар көркемсурет мектебінің тәрбиеленушісі Валерия Радивилова "Жас суретші" жүлдесін иеленсе, "Жас музыкант" сыйлығын Қостанайдағы №1 Балалар музыка мектебінің тәрбиеленушісі Николенко Глеб еншіледі.
Жұртшылық ерекше ықыласпен күткен сәт – Ресейдің "Голос" байқауының финалисі, дарынды әнші Ержан Максимнің сахна төріне шақырылуы болды. Ғаламтордың жарық жұлдызына айналып, елге есімі танылған Ержан көрермендерге Естайдың "Құсни-Қорланын" және М.Магомаевтің "Синяя вечность" әнін тарту етті.
Болашағынан зор үміт күттіретін жас өнерпазға "Жыл қалауы" аталымы берілді. Бұл сыйлықты Ержанға облыс әкімі А.Мұхамбетов табыс етті.
"Кезінде Ақтөбеде әкім болып тұрғанымда Димаш Құдайбергеновті "Славян базарына" шығарып салып, күтіп алған едім. Қазақстандықтар бағындыра алмай келген сол әлемдік байқауды Димаш ұтып әкелген болатын. Бүгінде ол даңқты әншіге айналды. Міне, сен қатысқан "Голос" байқауында бағыңды кезеті рет сынағалы жатырсың. Сәттілік тілеймін! Сондай-ақ, сенің де әлемдік деңгейдегі әйгілі әншіге айналарыңа ешқандай күмәнім жоқ!", – деп оның қолын алып, арқасынан қақты аймақ басшысы.
Әсел ҚИБАШ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев