Әлемнің әйгілі әйелі Құрметті агроном, Социалистік Еңбек Ері Вера Васильевна Сидорова Қостанай жерінде
Тобыл өңірінде өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен, жұмыстың көзін білетін табандылығымен дараланған әйелдердің қатары аз емес. Олардың Отанымыздың өркендеуіне бір кісідей үлес қосқаны келешек ұрпаққа үлгі боларлықтай. Бүгін 80 жасқа келіп, мерейтойын жерлестерімен бірге атап өтіп отырған Вера Васильевна Сидорова елі үшін аянбай еңбек еткен жандардың бірі. Атақты тұлғаны Қостанай жерінде облыс әкімі Н. Садуақасов кең пейілмен қарсы алып, құшағын гүлге, көңілін ақ тілекке толтырды. Мерейтой иесін Елбасының өзі құттықтап, жеделхат жіберген.
Облыстық әкімдіктің іші бүгін ерекше көңіл-күйге бөленді. Жиналған жұртшылық өткенді еске алып, мерейтой ие-сіне ыстық лебіздерін арнады. Ер азаматтармен бірдей иық тіресе еңбек етіп, туған жердің гүлденуі үшін талай жұмысты тойтар-ған В.Сидорованың өмір жолы жайында көп айтуға болады. Өзін көреген басшы, жұртшылықты соңынан ерте білетін шебер ұйымдастырушы ретінде көпші-ліктің көңілінде жағымды әсер қалдырған жан жайында сөз көп болды. Әрине, оның өткен жылдардағы тындырған ауқымды істері замандастарының есінде.
В.Сидорова БҰҰ-ның "Әлем-нің әйгілі әйелдері" кітабына есімі енген қазақстандық жал-ғыз әйел. Социалистік Еңбек Ері, сондай-ақ Ленин орденінің, үш Еңбек Қызыл Ту ордені және бірнеше медальдардың иегері. Еліміздің еңбек сіңірген агрономы ретінде де есімі көпке таныс.
Тың игеру кезінде Қазақстанға жолдамамен келген Вера Васильевнаның өмір жолы ерекше өрбіді. Осынша атақ пен мансапқа жету үшін, әрине, еңбек ету керек. Қостанай жерінде өзінің өшпес ізін қалдырған орыс қызы мұндағы барша әріптестерінің арасында үлкен абыройға бөленіп, еңбегі де бағаланды.
– Биыл Қостанай облысында атаулы даталар көп. Біз өткенді бағалай білуіміз керек. Себебі, Қостанай өңірінің дамуына үлесін қосқан азаматтар бүгінде бұл облыста тұрмаса да біздер үшін қымбат. Жақында ғана Шәңгерей Жәнібеков те келіп, қуанышпен қарсы алдық. Енді, міне, төрімізде нағыз тұлға В.Сидорова отыр, – дей келе Елбасының құттықтау жеделхатын оқып берді облыс әкімі. Еліміздің депутаттары да қалыс қалмай, лебіздерін жеткізген хат жолдапты.
Жиында мерейтой иесіне Қостанай ауданының құрметті азаматы атағы беріліп, мінберге шығып сөз сөйлеп, өткенді жаң-ғыртып, еске алғандар аз болмады. Тың кезінде бірге еңбек еткен үзеңгілестер де жиналды. О.Киколенко, П.Черныш, В.Семенова, Л.Мацупа сынды азаматтар кеш иесімен бірге атқарған еңбек жолдары жайында айта кетті.
Осынша жылы тілек пен дарқан көңіл В. Сидорованың көңілін босатқандай.
– Бүгінгі кеш үшін қостанайлық қауымға, облыс әкімі Нұралы Мұстафаұлына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Бүгін өткенге оралып, қанаттанып отырмын. Қаншама таныс жандар, бірге еңбек еткен азаматтарды көріп, қуанып қалдым, Мен сіздердің алдарыңызда басымды игім келеді. Мен үшін Қостанай жерінен қымбат мекен жоқ. Осы жасқа келіп, артқа қарағанда сіздермен бірге еңбек еткен жылдар есіме оралады. Мен тағдырыма тәубе деймін, – деп ал-ғысын жеткізді. Қазақ топырағына жолдамамен келіп, алғаш агроном, сосын экономист, кейін комсомол, партия қызметінде өткен өмір жолын еске алды кеш иесі.
Бүгінде бүкіл еліміздің бетке ұстар іскер әйелдерінің біріне айналып, әлі күнге дейін тұғырынан таймаған жан бар өмірін әлі де еңбекке арнап келеді. Қазір немерелерінің ортасында. Десе де қоғамдық жұмыстардан қалыс қалмай, тұрғылықты жері Алматыда ардагерлерге көмектесіп, жастарға ақыл-кеңесін айтып келеді.
Айтолқын
АЙҚАДАМОВА
СУРЕТТЕ: облыс әкімі В.Сидороваға құрмет көрсетуде.