Гаухар БАЛҒАБАЕВА: “Торғай свастикасы – әлем назарында болмақ…”
Бүгінде ғалым-археологтардың қызығушылығы Торғай өңіріне ауған тәрізді. Мұның себебі, осы атыраптан бірнеше геометриялық өрнек (геоглифтар) табылған-ды. Қазір осы маңдарда ғылыми ізденіс жұмыстары жүруде. Археологтар осы геоглифтарды 2007 жылы Торғай үстіртінің ғарыштан түсірілген суретін зерттеу кезінде байқаған-ды. Міне, содан бері әлгі аймақтарға небір ғалым археологтар үсті-үстіне ағылуда. Осы жайында Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының тарих және өнер факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Гаухар Балғабаевамен әңгімелескен едік.
– Торғай аймағындағы ғарыштан түсірілген құпия бейнелер туралы аз айтылып жүрген жоқ. Осы өрнектер жайында ғалым ретінде не айтар едіңіз?
– Ең алдымен, "Геоглиф" термині дегеніміз не? Соған тоқталайық. Бұл күні әдетте ұзындығы 4 метрден жоғары геометриялық немесе бейнелі айшықтар салынған жерлерді белгілеуді – геоглиф дейміз. Оны жасаудың екі тәсілі бар – айшық желісі өтетін жерге топырақ немесе тас себу арқылы, айшықтың параметрі бойынша жер қыртысының жоғарғы қабатын алу немесе керісінше. Көптеген геоглифтер ұзын әрі үлкен, оны тек қана жоғарыдан көруге болады.
Иә, аталған өрнектерді естігенде мен де қызығушылық білдірдім. Тіпті, археолог маман болмасам да, бұған дейінгі зерт-теулерімнің саласы басқа тақырыпты қамтыса да, тарихшы маман ретінде осы жаңалыққа сүйсіне түстім. Тарихи құжаттар қарап, кәдуілгідей зер салдым. Торғай өңірі әлі біз ашпаған, қалам тербемеген тың тақырыптарға толы. Бұл өзі арасы екі-үш жылды қажет ететін зерттеу емес. Әр археолог тұжырым жасап, ғылыми сараптамасын айтуда. Меніңше, ең алдымен тұжырым айтпас бұрын ол жерлердің географиялық орналасу тарихына мән беру ләзім. Оған негізді біз қайдан аламыз? Тақырыптың өзектілігін ашуға қай жағынан барамыз? Міне, осындай сұрақтардың түп төркінін біз әлде де талдай түсуіміз керек.
– Сонда сіз ғалымдар ең алдыменТорғай өлкесінің жағрафиялық жағдайын білу керек. Сосын барып сол жағрафияға сәйкес ежелгі қоныстанушы халықтың тұрмыс-тіршілігін, қолданған бұйымдарын зерттеу қажет дегенді меңзеп отырсыз ба?
– Әлбетте. Оны мен ғана меңзеп отырғаным жоқ, жалпы, тарих ғылымы соны алға тартады. Мәселен, Торғай үстірті, өлкесі батысында Оңтүстік Орал мен Мұғалжар тауымен, шығысында Сарыарқамен шектесетін жазықты аймақ. Солтүстігі Тобыл маңы аккумуляттік жазығынан оңтүстігінде Шалқартеңіз қаласы ағысына дейін созылады. Үстірт негізінен Қостанай облысының аумағында, аздаған бөлігі Ақмола және Қарағанды облыстары жеріне кіреді. Геологиялық құрылымы жөнінен эпигерциндік Тұран тақтасына жатады. Үстірттің дәл ортасын жарып меридиан бағытында Торғай қолаты жатыр. Тұран – еліміздің оңтүстік батысынан шығысына дейін созылып жатқан кең жазық.
Тіпті, оған Маңғыстау үстірті, Торғай үстірті, Арал маңы, Сырдария бойы, Қы-зылқұм, Бетпақдала, Мойынқұм, Балқаш-Алакөл аймағы тұтасымен кіреді. Жер бедері мен оның пайда болу тарихы ғалымдар пікірінше біркелкі емес. Аймақтың негізгі бөлігін палеозойда қалыптасқан эпигерциндік платформалық құрылым – Тұран тақтасы құрайды. Географтардың айтуынша, жер бедері мен топырақ жамылғысы палеогендік карбонатты терриген жыныстары мен неоген-антропоген дәуірлерінің құмды, малта тасты үгінділері түзілген.
Осы жерде тарихы терең Торғай өзенін айта кеткен жөн. Ол Ұлытаудан бас алып, Шалқартеңіз сорына, яғни суаяғы құрдым топыраққа барып сіңетін ұзын өзен. Кейбір тарихшылар бұл суатты жерлерде қола, тас дәуірінде адамдар тіршілік еткенін жазады. Тоқсан салалы Торғай өзенінің қазіргі Шилі маңайында Шыңғысхан әскері болып, ат шалдырыпты-мыс. Өзеннің басты-басты су көздері – Қара-торғай, Жалдама, Өлкейік, Асарыторғай, Қайыңды өзендері болып жалғаса береді. Сонау 1845 жылдары осы өзеннің жағасында Орынбор бекінісі салынып, орыс-әскерлері көшіріліп әкеліп қоныстанады. Соның негізінде Торғай облысы құрылып, 1868 жылдары Торғай уезі уездік қала мәртебесіне ие болады.
Қысқасы, өңірдің жағрафиялық тарихы осындай. Енді әлгіндегі бағзыдан қалған өрнектерге келейік. Бұл пайда болған құпия белгілер тек жоғарыдан жақсы көрінеді.
Төмпешіктерден жасалған қорымдардың ең зоры "Үштоғай төртбұрышы". Ол 101 үйіндіден тұрады. Әр қабырғасының ұзындығы 280 метр. Одан басқа да сақина, екі сызықша тәріздес болып келетін фигуралардың да көлемі айтарлықтай үлкен. Әзірге мамандар мұндай нысандарды әлемде жоқ-ау деген томпақ тұжырым жасауда. Томпақ деуімнің сыры – біз әлі еш дәйексіз жатқан дүниеден долбар жасауға құмармыз ғой. Мұндай қорытындыны әбден пісіп, жетілгеннен кейін айтсақ та болады.
Бірақ Торғай өңірінде табылған геоглифтер рас. Оны біз жоққа шығармаймыз. Оларды зерттеп, әлемдік археологиялық тарихқа енгізу керек.
– Сөзіңізге мен де қосыламын. Осындай өрнектер жалпы, жер бетінде жетіп артылатынын ғалымдар айтуда. Тіпті, Перудегі Наска шөлін де ғылыми айналымға енгізіп жіберіпті. Осыған не дейсіз?
– Әлгі Наска шөліндегі өрнектерді алғаш рет 1920 жылдары американдық зерттеуші Поль Коссок тапты дейді. Ол жайында кейбір мамандар мұндай геоглифтерді астрономиялық күнтізбеге те-лісе, кейбірі планета аралық ғарыш кемелері ұшып-қонған айлақ деп те жүр. Білуімше, мұның құпиялары бізге әлі күнге дейін тылсым бір жұмбақ.
Сол Наска шөліндегі суреттер еш қиылыспайтын үзіксіз бір түзумен салын-ған-мыс. Оларда колибри, өрмекші, сондай-ақ, кондор, бірқазан, кесіртке секілді бейнелер бар екен. Өрмекші бейнесі әлемдегі өте сирек кездесетін түр болып саналады. Оны тек қана Амазония ормандарының ең шеткері және адам аяғы бара бермейтін бөліктерінен кездестіруге болады дейді зерттеушілер. Геоглифтерді зерттеу-мен айналысып жүрген ғалымдардың бірі – Мария Райхен бұл астрономиялық күнтізбе болуы мүмкін деген-ді. Бірақ онысы дәйекке келмей расталмады. Зерттеулер барысында астрономиялық дәлдіктің деңгейі төмен екендігі анықталыпты. Келесі болжам – алқаптарды суару жүйесі делінеді. Себебі, мұндағы құпия суреттер сызықтарын дәл бойлай орналасқан құдық жүйелері табылыпты. Тағы бір нұсқа – суреттер жердің флорасы мен фаунасын бейнелейтін оның паспорты-мыс. Міне, Торғай өңіріндегі өрнектер де осындай болжамдарға құралып айтылуда. Қалай десек те, геоглифтердің құпиясы болашақта ашылады. Бүгінгі дәуірімізде қанша рет ғылыми технологиямыз дамып жатса да, біз әлі де дәрменсіздік танытудамыз.
– Иә, ол рас. Қазір жергілікті археолог зерттеушілеріміз Дмитрий Дей мен Андрей Логвинов бұл жайында ғылыми экспедиция жүргізді. Бірақ өзіңіз айт- қандай, әзірге нақты толық қорытынды болмай тұр.
– Әрине болмайды. Себебі, бұл геоглифтер жақында ғана табылды ғой. Оған жүйелі ғылым мен осы саланы зерттеуші ғалымдар керек. Дегенмен де, Дмитрий мен Андрейдің бастамаларына қуану қажет. Қолдау қажет. Тіпті, олар зерттеген "Торғай свастикасы" аталатын екінші нысан зерттеуге тұрарлық дүние. Мұндай нысандар Торғай өңірінде қазір жетеуге жетіпті. Бұл шаршы, айқыш (крест) тектес және 25 төмпешік үйіндісінен тұратын алып шеңберлі жеті нысанды әлем назарына біз ұсынып, археология саласындағы сан-салалы лабораториялық зертхана ашып, қазіргі заманға сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, әлем ғалымдарымен тізе қоса жұмыс істеу шарт. Себебі, олар әзірге онда жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде белгісіз нысандардың құпиясын аша алмай отыр.
Торғай қолатына, яғни Торғай жыра-сайына жақын орналасқан құпия үйінділер – қазақ археологиясына ғана емес, әлемдік археологияға жаңалық енгізетіні рас. Ежелгі тарихты сөйлетер болсақ, бұл маңайларда үлкен теңіз болған деген дерек бар. Әлгінде біз әңгімелеген Торғай қолаты солтүстіктен оң-түстікке қарай созыла жатқан кең ойыс кайназой дәуірінде Батыс Сібір теңізін Тор-ғай теңізімен жалғастырып тұрған бұғаз болған-мыс. XVIII ғасырдың 60-70 жылдары Тор-ғайға экспедицияға шыққан орыс офицері Николай Рычковтың жазбаларында Қараторғай өзені бойынан ежелгі арық-каналдардың арналарын, тас пен кірпіштен қаланған алып қор-ғандардың бол-ғандығын суреттеп жазады. Оның көрген бірнеше төмпешіктері қисынға салсақ, біз айтып отырған ғарыштан түсірілген суреттерге қатысты болуы әбден мүм-кін. Бұл экспедицияға Екатерина патшайым арнайы қолдау білдіріп, тіпті, сонау Германиядан академик Петр Симон Палласты да басшылыққа алдырыпты дейді. Сол ғалым Торғай жерін көзімен көргеннен кейін "Орталық Азияны адамзат дамуының ошағы" дегенді айтыпты. Бұл тегін емес.
Бұдан шығатын қорытынды – әлемдік маңызы бар бұл өрнектер бізді Ресейдегі Арқайым сияқты тарихи археологиялық аймаққа жататындығымызды дәлелдей түседі. Торғай "свастикасына" қадірі жетер ғалым болса, оның Арқайымнан кем еместігін, тіпті, қайталанбас археологиялық-мұрағаттық қазына екендігін зерттеуі керек. Түбі – "Торғай свастикасы" әлем назарында болмақ. Бұл менің жеке пікірім.
– Сіз басқаратын тарих және өнер факультетіне қарасты мұражайды аралап көрген едім. Біраз тарихи жәдігерлерді көзім шалды.
– Біздің мұражай енді-енді ғана жинақталып жатыр ғой. Қолдан келгенше, бар күш-жігеріміз жеткенше әупірімдеп құрастырып қойдық. Әлі де толықтыратын ой бар. Сонау ерте замандарда қолданған қыш құмыралар, аңшылық құрал-саймандар мұражайымыздың құнды жәдігерлері.
– "Торғай свастикасын" зерттеуге Сіз де атсалысыңыз. Тұшымды ойларыңыз көп екен. Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
СУРЕТТЕРДЕ: Мұражайдағы тарихи жәдігерлер.
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.
Керемет тақырыпты қозғапты. Торғай даласы тұнған тарих қой. Гаухар ғалымның айтқаны рас. Қостанай таңы осындай тың тақырыпты жақсы қозғауда. Ертең көпшілік бұған пікір қосады. Астанада тұрып, осындай мақалаларды тосып, күтіп жүремін. Нұрболат бауырымды сырттай білемін. Тақырыпты сұхбаттасқан кейіпкері екеуі кеңінен аша түсіпті. Ризамын. Қостанай таңынан тағы да осындай материалдар күтеміз.
жаксы, танымды материал екен. Торгай свастикасы дегенди бурын естимеуши едим. Осы материалдан кейин тусиндим.
Торғай жері – тылсым дүние, шежірелі тарих. Мынау сухбаттан кейін біраз ойға баттым. Расында да, осыған қолы жетер ғалым болса, әлемдік тарихқа есімі жазылар еді. Торғай елі тек қана свастикамен емес, Мақат сақанасы сияқты қорымдарға толы. Міне, осыны мықтап зерттеп, қолға алу керек. Мен журналист бауырым, Нурболаттың мына жаңалыққа үн қатқанына разымын. Осындай материалдарды Қостанай таңынан көптеп оқи берейік.