Аяулы жандарға құрмет

   
Халықаралық әйелдер күніне орай көп балалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгісімен көпбалалы аналарды марапаттау рәсімі өтті. Жастар сарайында өткен жиында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов алтын құрсақ аналарға төсбелгілерді табыс етті.  ⠀
Аймақ басшысының айтуынша, бүгінде елімізде әйелдер қауымы ерлермен тең дәрежеде барлық саланы игеріп, жақсы нәтижелер көрсетуде.
  -Егер Қостанай облысы туралы айтатын болсақ, онда біздің әйелдер өңірдің қоғамдық және саяси өміріне белсенді атсалысуда. Бүгінде барлық деңгейдегі мәслихаттардың 267 депутатының 40%-ы (102 адам) әйелдер. Қазіргі уақытта облыс бойынша 5500-ден астам мемлекеттік қызметшілерінің 60%-ы әйел заты. Айта кету керек, 155 нәзік жанды жергілікті атқарушы органдарда басшылық лауазымдарда қызмет атқарады. Оның ішінде: облыс әкімінің бір орынбасары, облыстық басқармалардың алты басшысы, қалалар мен аудандар әкімдерінің жиырма екі орынбасары және аппарат басшылары, отыз бір ауылдық округ әкімі бар. Қазіргі қазақстандық әйелдің бейнесі сан қырлы: әйел-саясаткер, әйел-кәсіпкер, әйел-қоғам қайраткері. Бірақ әйелдің басты миссиясы – ошақтың берекесін сақтау және солай болып қала береді, – деп атап өтті өз сөзінде Архимед Мұхамбетов.⠀
Мереке қарсаңында Қостанай облысының әкімі жеті және одан да көп баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеген аналарға «Алтын алқа» алқасын табыс етті. Марапатқа 7 адам ие болды. Алты бала дүниеге әкеліп, тәрбиелеген 9 әзиз жанға «Күміс алқа» табысталды.
  -Біздің айрандай ұйыған отбасымызда үш ұл және үш қыз тәрбиелеп отырмыз. Отбасының әр мүшесінің өз құқығы бар, барлық шешімдерді ақыласып, бірге қабылдаймыз. Жанұямыздың ұраны – бірге болу, үлкендерді құрметтеу, туған елдің игілігі үшін жұмыс істеу. Үлкен отбасы болғанымызға қуаныштымын, – дейді көпбалалы ана Кәмшат Балашова.   
    
Салтанатты концертке шақырылған арнайы қонақ – «Қазақтың Қыз Жібегі» аталған танымал кино және театр әртісі Меруерт Өтекешева.
  -Қазақ халқының тарихында Қыз Жібек даналықтың, сұлулықтың эталоны және ошақтың сақтаушысы болып саналады. «Қыз Жібек» фильмінде басты рөлді сомдаған Меруерт Қаратайқызы біздің заманымыздағы қазақ қыздарының үлгісіне айналды, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Қазақтың Қыз Жібегін зал тік тұрып тұрып қарсы алды.
  – Сіздерді келе жатқан мерекемен шын жүректен құттықтағым келеді, – деді актриса. – Біз елімізде өмір сүріп, жақсылық жасау үшін өзімізді қорғауымыз керек. Барлық әйел затына денсаулық пен отбасылық жақсылық тілеймін. Әрине, Отанымыз тыныш болсын. Біздің ел ұлылар өмір сүрген қасиетті жер. Сондықтан да барша жанға жақсылық, бейбітшілік пен тыныштық тілеймін. Мен осыдан жиырма жыл бұрын Қостанай облысына марқұм жұбайым Құман Тастамбековпен (актер, ҚР Халық әртісі) бірге келген едім. Біз «Қыз Жібек» фильмін көрсеттік. Бізді қалай қарсы алғаны әлі есімде. Керемет күтті, концерт залында бос орын болған жоқ. Қостанай облысы туралы осы жылы естеліктер әлі күнге дейін сақталған, – деді Меруерт Өтекешева.
Салтанатты шара қостанайлық әртістердің мерекелік концертіне жалғасты.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓