Сағынып еске аламын
Ата-бабаларының мекені – Тасты жері жас мамандарды сағындырмай қоймады.
Сөзге тиек еткелі отырған жас мамандар менің әкем – Әлібекұлы Ашықбай мен анам – Нұржақыпқызы Күлмаш.
Елуінші жылдары ауыл-ауылды аралап, оқуға адам жинаған "көшпелі" қабылдау комиссиясының іріктеу конкурсынан өткен жас-тар Қостанай қаласындағы Ауыл шаруашылық техникумының зоотехникалық факультетіне қабылданды.
Сол жастардың арасында әкесі мен анасынан ерте айырылған, арқасына жетімдіктің аяусыз таңбасы түскен әкеміз Ашықбай да бар еді. Бірге туған он үш бауырынан тек тірі қалған жалғыз апасы Күлшайра және жездесі Сабыржанмен қимай қоштасқан бозбала, жаңа өмір жолын бастауға белін бекем буды.
Киелі Торғай даласының кеңдігін, тарихтың әр кезеңінде өзін таныта білген қайсарлығын бойына сіңіріп өскен жас талап, техникумның зоотехника бөлімін абыроймен аяқтайды.
Қиын-қыстау жылдары апасы мен жездесінен басқа алыстағы ағайын-бауырдан бардымды көмек болмаса да, жолдастарымен бір жейдені кезекпен киіп, қара нанды бөлісіп жеп, өзінің ет тірілігінің арқасында құлан руынан шыққан жігіт, Торғай жерінің сауатты оқыған азаматтарының қатарын толықтырады.
Тегіне тартқан батыр тұлғалы, толқын қара шашты, көрікті әкеміз сол жылдары өзінің курстасы анамыз Күлмашқа үйленеді.
Отбасы анасы ғана емес, ел анасы бол-ған Күлмаш анамыздың руы Алтыбас. Қостанай қаласында туған. Туған шешеден ерте айырылған анамыз інісімен бірге нағашы жұртында тәрбиеленген. Орысша-қазақша білім алған. Сегіз жылдық мектептен кейін Қостанай қаласындағы Ауыл шаруашылық техникумын өте жақсы деген бағамен аяқтайды.
Техникумның жолдамасымен әкеміз екеуі Қостанай қаласының маңындағы "Қарағайлы" кеңшарына жол тартады. Әкеміз зоотехник, ал анамыз май шығару кәсіпорнының меңгерушісі болып орналасып, қызмет атқарады. Тәжірибе жинаған үш-төрт жылдан кейін туған жерімізге, елімізге, құландардың тарихи отанына оралайық деген әкеміздің тілегімен 1960 жылдың жазында "Тасты" кеңшарына көшіп келеді. Ата-анамыз аталған кеңшардың мал шаруашылығын өсіруге, ауыл экономикасы мен әлеуметтік саласын дамытуға аянбай тер төкті. Қызметтерін абыроймен атқарды. Зейнеткерлікке шықты.
Орысша тәрбие алған анамыз Күлмашқа ел ішімен бірден тіл табысу қиын болса да, шыдамдылық пен төзімділік танытып, сый-құрметке ие болады. Нағашы әжесінен үйренген іс тігу шеберлігі мен тоқу өнері, құлақтың құрышын қандыратын әндері мен жүректен шыққан өлең жолдары таң қалмасқа шек келтірмеді. Суырып салма ақындық қасиетін дамыта отырып, ойын-тойларда өз қатарларымен және ауданаралық ақындар жарысына қатысып, үнемі жүлделі орындарға ие болатын.
Төркін жұртын сағынғанда жазған "Ағаларыма" деген әнін тамылжыта салғанда, ағайын-бауырға деген сағыныштан ет жүрегің елжірейтін. Ал, "Алтыбақан" атты өлеңіндегі қазақтың салт-дәстүрінің тәрбиелік мәні мен мағынасы жадымызда қатталып, мәңгілікке орын алды. Сонымен қатар баспа беттерінде "Туған күніңмен", "Өзіме әні", "Сарыағашқа", "Наурыз тойына", "Той бастар", "Жездеме", "Көңіл сыры" және т.б. өлеңдері жарық көрді.
Аяулы анамыздың осы өлең-жырларының ішіндегі ерекше орын алатыны, көпшілік қауымға таныс "Қазақстан" ұлттық телеарнасынан берілген, барша қазақ халқына, қалың құлан еліне деген сүйіспеншілігі пен құрметі – Кейкі бабасына арнаған аманат жоқтауында орын алған демекпіз. "Аманаты" деп атауыма себеп болып отырғаны келесі шумақтағы өлең жолдары:
Мұң айтамын халқыма,
Үлкен, кіші жалпыңа.
Сүйекке сүйек қосылып,
Келер ме екен қалпына?
Құдіреті күшті жасаған,
Тамшыдан басты жасаған.
Далаға сүйек тастамас,
Қазағың болса дін аман.
Қызмет еткен азамат,
Түспесін жанға жарақат.
Осы өлең жолдарындағы арман-тілек тек менің анамның ғана емес, кешегі өмірден өткен Әубәкір әкеміздің, жарық жұлдыздай ағып өткен Ақан Нұрмановтың, күні кеше ғана керемет "Кейкі батыр" кітабын шығарған Шөптібай Байділдин ағамыздың, бүкіл қазақ халқының күтіп отырған арман-тілегі деп есептеймін. Баршамызды қуанышқа бөлейтін ол күн де алыста емес деген ойдамын.
Әкем мен анам өмір бойы өздерінің қолдарына оқудың қандай қиыншылықпен келгенін еш ұмытқан емес. Күні бойы қызметте шаршап жүрсе де, немқұрайлыққа салмай, кешкілік "Сабақтарың қалай, үй тапсырмасын орындадыңдар ма?" деп, үнемі бақылап отыратын. Мектептегі ата-аналар жиналысына үзбей қатысып, қажет болған жағдайда көмектерін аямайтын. Әрине бала тәрбиесі тек сабақ орындаумен шектеледі десек қателескеніміз. Әкем мен анамның арнайы педагогикалық білімдері болмаса да, балаларының рухани байлығын, танымын дамытуға, жан-дүниесін оятуға себеп болған бойларындағы туа біткен қасиеттері еді. Сөз таныған кезден бастап А. Байтұрсынұлы, Ы.Алтынсарин әңгімелерін, толассыз ғажайып ертегілер мен батырлар жырларын естіп өстік.
Біздің бала кезімізде қыста жетілеп, айлап соғып тұратын борандар жиі болатын. Осындай ұзақ кештерде маздап жанып жатқан пештің қасында, қайнап жатқан жылқы етінің аңқыған иісін жұта отырып, ғажайып ертегілерді тыңдаудан жалықпайтынбыз. Осы кездері қарап отырсам "әжемнің ертегілері" деп айтқан дүниелері ешқандай ертегі кітаптарында кездеспейді. Сол айтылған ертегілер желі-сіндегі керемет сұлу табиғат құбылыстары да, жағрапия атаулары да, ғылым мен білім де, батырлық пен мейірімділік те жадымызда қайталанып, керемет арман-қиялдарға жетелеп, терең ойға қалдыратын.
Анамыз уақытты тиімді пайдалануды да естен шығармайтын. Ертегілерді жай тыңдамаймыз жүн түтіп, түбіт қылшықтап отырып тыңдайтынбыз. Ұтымды, ауқымды шаруа бітіру үшін қызықтырып, алдарыңдағы түбіт мұрындарыңа жеткенде моншақ жауады деп, сол деңгейге жеткенде түрлі-түсті моншақ жаудыратын. Жаз айларында кілем тоқу мен іс тігудің қыр-сырын үйрететін.
Әкемнің қолынан екі үйдің бірінде кездесе бермейтін қалың-қалың батырлар жырлары түспейтін. Бізді қасына отырғызып алып, өлең шумақтарын әндетіп оқып отыратын.
Үйде арнайы балалар бөлмесі болды. Бұл бөлмеде қабырғада үлкен "Жер шары" картасы ілулі тұратын. Сабақ орындайтын дөңгелек үстел үстінде де үлкен және кіші глобустар тұратын. Ұзын бір қабырғаны бойлай тұрған кітап сөрелері қызықты кітаптар мен жорналдарға толы болатын. Әкем мен анам қайда жүрсе де бізге оқу құралдары мен неше түрлі ойыншықтардың сан түрін әкеліп, қуантудан жалықпайтын.
Осылайша тай төбеліндей ауылда тұрсақ та, карта мен глобустарға қараумен жұдырықтай жүрегімізге бүкіл жер шарын сыйдыртып, оқулықтар арқылы қала өмірімен де таныстық.
Жазғы үш ай демалысында том-том кітаптарды оқып, сыныптағы "ең көп кітап оқыған" оқушылардың қатарында жүретінбіз.
Сондықтан болар, бірімізді Алматы, Қарағандыда, ал бірімізді Қостанай, Арқалық қалаларында оқытып, жоғары білім алдырды. Дүниеге әкелген балалары да қолдарынан келгенше еңбектерін ақтауға тырысты.
Біздің қолымыздағы тілдей дипломдарымыз ата-анамыздың бейнеті мен зейнетінің, балаларын сағына күткен, түн ұйықтамай амандық тілеген, өздерінің қолдары жетпеген армандарын жүзеге асырады деген үміттерінің белгісі деп түсінеміз.
Бүгінгі таңда Ашықбай әкеміз бен Күлмаш анамыздан жеті бала, он алты немере, тоғыз шөбере тараған бақытты отбасылар өмір сүруде.
Үлкен қызы Құралай қатардағы есепшіден бастап "Тасты" кеңшарының бас бухгалтері лауазымына дейін өсті. Қазір құрметті демалыста.
Ал, Балшекер Экономика ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, "Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы" мемлекеттік грантының және ҚР Президентінің Халықаралық "Болашақ" стипендиясының иегері.
Өзім ұстаздық жолын ұстадым. Астана қаласы бойынша "Үздік оқытушы" байқауының бірінші орын және республикалық байқаудың жүлдегерімін. Мемлекеттік қызметшілерге сабақ беремін.
Төртінші қызы – Бақытжан бухгалтер мамандығын таңдаған. Қазіргі таңда туған елде, ата-анасының еңбек тері сіңген жерде "Табыс" ЖШС-те бас бухгалтер болып еңбек атқарады.
Шолпан атты айдай аппақ қызы қажырлы еңбегінің арқасында қазіргі уақытта Қостанай облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің Қаржылық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы.
Кенже қызы Ардақ Астана қаласында № 15 мектеп-лицейде ғылыми жұмыстардың меңгерушісі болып істейді. "Жыл мұғалімінің" иегері.
Қара шаңырақтың иесі Айса мемлекеттік қызметші. Бақытты шаңырақтың отағасы.
Әкеден және анадан алған өнегелі істі қолымыздан келгенше өзіміздің балаларымызға баулып, жақсы білім беруге, адал еңбек етуге тәрбиеледік. Бұл күндері немерелері де әр алуан мамандық иелері болып отыр. Арман Алматы қаласында жоғары оқу орнын бітірген соң, елордамыз Астанаға келіп, Ішкі істер министрлігінде еңбек жолын бастады. Қазіргі таңда басқарма бастығы, полиция подполковнигі.
Ботакөз жоғары оқу орнын қызыл дипломмен аяқтап, Күкірт қышқыл зауытының бас бухгалтері болып қызмет атқарып жүр.
Ал, Маржан немересі болса, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистратурасында грантта оқиды.
Қазыбек, Дамира, Нұрсұлтан, Ғазиза, Абай, Гүлжан, Олжас немерелері жоғары білімді мамандар. Болатбек атты немерелері болашақ қаржыгер. Есентай мен Ақсәуле мектептің үздік оқушылары.
Асқар таудай болған әкем мен аяулы анамның ортамыздан кеткеніне де 15 жыл уақыт өтіпті. Артында қалған ұрпақтары сағынышпен еске ала отырып, үлкенге деген құрмет, ізет ретінде аз да болса шексіз алғысымызды білдіріп, естелік әңгімемізді 2014 жылдың 29 тамызында берілетін "Еске алу" дұғамызға орай жазып отырмыз. Оқыған дұғамыз қабыл болып, әкеміз бен анамыздың жандары жұмақта болсын!
Еркелетіп өсірген ата-анамның,
Жылы жүзін әрқашан еске аламын!
Есейіп біраз жасқа келсемдағы,
Сағыныштан көзіме жас аламын.
Тірі жүрсе қуанып әр сәтіме,
Жатар еді төрімде ақ көрпеде.
Шынтағында құс жастық, уайымсыз,
Бақыт деген осы екен деп бұ дүниеде!
Құлдығың боп өтейін өмірлік деп,
Отырушы ең қылығыма мәз боп күліп.
"Ақ патшам" деп еркелеткен ақ қызыңа,
Жүрсің қазір түсіне түнде кіріп.
Әлібекова Балдырған
Ашықбайқызы.
Агаани еске алу
Агатайымды еске алу