ЕЛ мен ЖЕРДІҢ тарихына құштарлық (Қостанайлық Қ.Т.Ормановтың еңбектерін оқығанда туған ойлар)
Еліміздің тәуелсіздігі Отанымыздың және халқымыздың тарихына деген ынта-ықыласты күрт арттырды. Кеңестік тоталитарлық жүйе тұсында қазақ тарихы атүсті зерттелгендіктен, бүгін-де тіптен жиырма жыл өтсе де, отаншыл азаматтардың кәсіби тарихшылар еңбектеріне деген көзқарастарында қанағаттанбаушылық айқын байқалады. Мұ-ның себептері көп. Олардың бә-рін бірдей санап жатпай, ең басты екеуіне тоқталар болсақ, ал-ғашқысы – ұзақ жылдар бойы тарихшыларымыздың ескі методологиялық ұстаныммен тарихты жазып келуі дер болсақ, екіншісі қазақ деген халықтың тарихының шын мәнінде жүйелі реттелмегендігінде, және бұл тарихты арнайы қарастыруға, кеңінен зерттеуге Мәскеудегі биліктің мүлде ынта танытпауы деп ойлаймыз.
Осындай қалыптасқан біржақты, ұлттық тарихты менсінбейтін ахуал Қуанышбай Орманов тә-різді кәсіби журналистердің де өз-дерінің мамандықтарынан ал-шақ жатқан туған ел тарихын зерттеуге бет бұрып, осыған байланысты тарихшылардың өздері де әлі жан-жақты терең талдау жасауға бара қоймаған деректер мен еңбектерді қарастырып, өзіндік соны және тың пікірлер ай-туға итермеледі. Әрине, мұндайда аталмыш мәселенің екі жағы бар екендігін де айтпасқа болмас. Біріншіден, кәсіби емес тарихшылар деректерге байланып қалмай, өздерінің көкейдегі ойларын қаймықпастан еркін айтатын болса, екіншіден, әлі де зерт-теле қоймаған тың тарихи тақырыптарға байланысты олардың асығыстау, ұшқары пікірлер айтып жіберетіндері де бар. Соң-ғысының тарихы сананы жаңадан қабылдай бастаған жас ұр-пақты объективті ойлау жолынан ауытқытуы мүмкін екендігін де айтпай кете алмаймыз. Міне, сондықтан да кәсіби тарихшылар та-рихшы емес әріптестерінің ең-бектеріне әдетте аса сақтықпен қарайды. Қ.Ормановтың еңбектерін алғаш қолға алғанымызда да осындай секемшілдіктен бас тарта қойған жоқ едік.
Десек те, Қуанышбай Ормановтың ізденістеріндс біз атап көрсеткен екінші олқылықтың кездесе бермейтіні қуантады. Оның еңбектерін оқи бастағанда бәрінен бұрын назар аудартатыны, автордың дін тарихын нақты зерттеуге бейімділігі. Бұл өзі кәсіби дінтанушылардың өздері де сақтықпен барып, "аңдап басатын аймақ", және түйіні шешіле қоймаған күрделі мәселеле екендігін бәріміз де білеміз. Солай бола тұрса да, автор осындай "шырғалаң соқпақты" таңдап, кәсіби зерттеушілердің өз-дері де абайлап баратын ауыр тақырып төңірсгінде ой қорытуға тәуекел етіп, осылайша иудаизм, индуизм, буддизм, даосизм, конфуций діні, христиан діні, православие, ислам діні, зороастризм діні тәрізді адамзаттың тарихи ойлау жүйесінде өзіндік орын алып, іргелі де, ғаламат ауқымды төңкерістер жасаған рухани бағыттарды айқындай түсуге батыл әрекеттер жасаған, және бұл мәселелерді ұғымға жеңіл де жатық тілмен оқырманға жеткізе алған.
Айта кеткен жөн, аталған маңызды жайттарға қатысты автор тарапынан айтылатын ойлар тартымды да қызықты, бәрінен бұрын нақты. Ол өзінің негізгі талдауларында аса маңызды мәселелерді бөліп көрсету арқылы бұл діндердегі рухани ортақтастықты және тарихи жалғастықты айтарлықтай сәтті және тиімді көрсете білген. Мысалы, Қ.Орманов өзінің "Ат жалындағы өркениет" атты еңбегінде (Алматы, 2012. 328 б.) христиан дінінің негізгі екі ұстанымына оқырманның назарына аударса (28 бет), ал ислам дінін баяндағанда оның басқа діндерге қарағанда өзіндік үш ерекшелігін арнайы екшеп, бөліп көрсетеді [39]. Мәселенің нақты қойылуы автор еңбегінде көтерілетін басқа діндерге байланысты оның талдауларында да байқалады. Автор құран қағи-даларын талдағанда, иудей және христиан діндері пайғамбарларының Құранда да атап айтылатынын атап көрсете келе, шын мә-нінде мұсылмандық идеологияның бұрынғы діндерді қорытушы, үздік діни құндылықтарды біріктіруші ретіндегі рөлін айқындай түседі. Еңбектің бір артықшылығы діни-нанымды негіздеген Мұхаммед пайғамбардан бұрын-ғы пайғамбарлардың адамзаттың рухани тұлғалары ретіндегі жағымды рөлі мен орнын нақтылап айқындай түсуінде болып отыр. Автор еліміздің ежелгі тарихына тәуелсіз жаңаша көзқараспен назар аудара отырып, "қазақ" атауының мән-мағынасына, шығу себептеріне және оған байланысты әртүрлі ғылыми көз-қарастарға жан-жақты және тікелей тоқталады. Ол осы мәселе төңірегінде кезінде қалам тарт-қан Шоқан Уәлихановтан бастап, Т.И.Сұлтановқа дейінгі көптеген зерттеушілердің көзқарастарын оқырманға түсінікті тілмен беріп, мәселені ұғымды да ұтымды баяндай алған. Егер бұрынғы ғылыми зерттеулерде "қазақ" атауы ауыр ғылыми тілдермен, әртүрлі қасаң көзқарастарға негізделген үзінділермен түсінді-ріліп келсе, автор бұл мәселені ұғымға жеңіл, қысқа тұжырымдармен оқырманға жеткізіп, және өзіндік соңғы қорытындыны айтуды оқырманның өзіне қалдырады.
Тағы бір назар аударатын мә-селе, күні бүгінге дейін кәсіби тарихшыларымыздың өздері де байыбына бара қоймаған ежелгі тарихымыздағы әртүрлі тайпалық бірлестіктер атаулары, этнонимдер тәрізді ғылымда әлі де басы ашыла қоймаған тың тақырыптарға автордың батыл қалам тартуы дер едік. Нақтылар болсақ, мәселе табрлар, киммерліктер, скифтер мен сколоттар, сақтар мен массагеттер, шошақ бө-ріктілер туралы болып отырған айта кеткеніміз жөн (78-108). Автордың өзіндік ізденістері оқырманның ұғымына ауыр осынау тайпа атауларын жеңіл де айқынырақ қабылдауға мүмкіншілік-тер береді. Мысалы ол, "таврос" атауының "өгіз айдаушылар" дегенді аңғартатынын өзінің қыс-қаша тұжырымдарында айта кетеді. Мұндайда, б.з.д. өгіз айдаушылардың кейінгі түркі халықтарының үлкен этникалық "бұтағын" құраған кейініректегі оғыздар мен байланысы бар ма? – деген сауал осы жолдарды оқып отырғанда еріксіз туындайды. Мұның өзі тарихшыларды жаңа ізденіс-терге ұмтылдыратынын да ұмытуға болмас…
Автордың дайлар мен исседондар туралы пікірлерінің де жаңа зерттеулерге мұрындық болатыны сөзсіз. Өйткені дайлардың орналасқан аймағы кейінгі қазақ адайларының ата-қонысы болып табылатыны оқырманда еріксіз ойлантса, ал исседондарды Кемал Ақышев пен Нығмет Мыңжан айтқандай, кейінгі үйсін-дер мен тарихи сабақтастықта қарастыру туралы жаңа ойлар да қылаң береді.
Автордың өзіндік ізденістерінде байқалатын, тарихшылардың өзі де мән бере қоймайтын деректер мен шығармаларды куәға тартуы да қызықты. Мысалы, ол Дарий I заманында қолданыста болған "сақ" атауына байланысты ежелгі зерттеушілердің пікір-лерін ғана емес, парсы елінің ой-шылдары Рудакидің, Фирдауси-дің, Омар Хаямдардың және кейінгі зерттеушілердің Н.Карамзин мен Б.Ғафуровтың шығармаларын да ізденіс айналымына қосқан (88-98 беттер). Өзінің пікірлерінде автор жаңа тұжырымдарға негіз қалап ғана қоймай, сонымен бірге бұрыннан айтылып келе жатқан зерттеушілер қағидаларынан "сақ" атауы мен "қазақ" атауы арасындағы байланысты іздестіретін қорытындыларға да қайта барып, оларға байланысты тәуелсіз, қосымша өзіндік пікірлер айтады.
Оқырманды қызықтыратын мәселе, автордың "шошақ бөрік-тілер", туралы өзіндік көзқарасы. Әңгіме, әрине, тиграхауда сақтары туралы болып отыр. Автор-дың "шошақ бөріктілер" атауы мен "дулыға" және "түрік" этнонимдері арасынан тарихи сабақтастықты іздестіру де тарих ғылымында осы кезге дейін назардан тыс қалып келген жаңа тұжырым болып табылатын атап айтқымыз келеді. "Түрік" атауының "күшті" деген ұғымды білдіретіндігін бел-гілі түркітанушы А.Н.Кононовтың айтқаны ғылымға белгілі. Мұны автор да еске сала кетеді. Бірақ ол, сонымен қатар, өзіміздің Ш.Құдайбердиевтың "түрік" сөзін "дулыға" деп аударатынын да, мұнда оның белгілі қытайтанушы Н.Бичуринмен пікірлестігін де айта кетеді.
Шын мәнінде бұл айтылғандардың бәріне ежелгі Қытай жылнамасында жазылған тарихи шындық негіз болып отыр. Соңғы жылдары Шыңжаңдағы қазақ бауырларымыз Қытай жылнамаларын үш кітап түрінде ежелгі қытай тілінен бүгінгі қазақ тіліне аударып шықты. Онда, кезінде Ашина тайпасы көшіп барған Алтай тауының алыстан қарағанда дулығаға ұқсайтындығы, сондықтан да бұл атаудың оларға таңылып қалғандығы, яғни "түрік" деген сөздің ежелгі манжур-монғол тілдерінде "дулыға" деген мағынаны білдіретіндігі нақты жа-зылған. Бұның өзі кейініректе Түргеш (Сарыүйсін) қағанатының негізін қалаған Бес түрік дулудың (Дулаттардың бабаларының) атауларының түрік ұғымымен тарихи сабақтастықтан туындағанын айқын аңғартатыны тәрізді. Жетісу байырғы заманнан-ақ әртүрлі қағанаттардың, яғни ежелгі қазақ мемлекеттілігінің отаны болып табылатынын ескерер болсақ, және кейініректе Қазақ хандығының да алғаш осы аймақта бой көтергенін еске түсірер болсақ, түріктердің "дулығалылар" деп аталғанына таң қала алмаймыз.
Осындайда қазақтың "дос басқа қарайды, дұшпан аяққа қарайды" деген белгілі мақалы еріксіз еске түседі. Мұндағы айтарымыз, сонау тиграхауда сақтарынан бері қарай халқымыздың атауы бас киіммен тығыз байланысы болған. Осындай логикалық тұрғыдан қисынды пікір-лерді туындататын Қуанышбай Ормановтың жазбаларын мақұлдай келе, автордың кейде ғылымда дәлелденуі қиын тұжырымдарды да ұсынатынын айтпасқа болмас. Мысалы, ол былай деп жазады: "бұлжымас логикаға сенетін болсақ, "кассактағы" "кас" дегеніміздің түп-төркіні "каска" (шлем, дулыға) дегендегі "кас" – та жатқан сияқты. Сонда "кассак" дегеніміз – "дулығалы сақ" болып шығады. "Кассак" сөзі жылдар өтіп, біртіндеп "қазаққа" айналды дей аламыз" (108 бет). Мұндай көзқарас тіл ғылымы тұрғысынан қисынды болғанымен б.з.д. қолданыста болған "сақ" атауының б.з. ХV ғасырында тарих сахнасына шыққан "қазақ" атауымен тікелей байланыстылығын тарих ғылымы дәлелдей алмайтындығын принципті түрде атап көрсетеміз.
Өйткені бұл екі атаудың арасында он ғасырдан астам уақыт жатыр, және бұл мерзім "сақ" атауының қолданыстан мүлде шығып ұмытылған ұзақ мерзімі болып табылады. Осы он ғасырда бабаларымыз сақ атауынан мүлде қол үзіп, бірде түрік, бірде түргеш, немесе қарлық, қыпшақ, оғыз, ноғай тәрізді көптеген жаңа атауларды қабылдап, бастан өткізді. Сондықтан да біздің заманымызға дейінгі сақ атауын он ғасырдан астам уақыттан соң өмірге келген қазақ атауымен тікелей байланыстыру қисынсыз. Осынау үлкен тарихи кезеңде халқымыздың атауы тұрмақ, оны құраған рулар мен тайпалар атаулары да талай рет өзгеріске ұшыраған болатын.
Алайда, мұндай дау тудыратын тұжырымдардың ежелгі тарихта көптеп кездесетінін ескерер болсақ, Қ.Ормановтың жазғандарының өзектілігі жойыла қоймайды. Керісінше, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, автордың өзіндік ізденістері тарихшыларға қозғау салып, оларды жаңа зерттеулерге ұмтылдыратыны күмәнсіз.
Ж.Таймағамбетов, Т.Омарбеков,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің
профессорлары.