Қалибектің әні – жан дауасы
Біздің өңірде композиторлардың ішінде өзінің қолтаңбасы бар, өзіндік стилі менмұндалайтын Қалибек Деріпсалдинді білмейтін жан кемде-кем. Оның Серікбай Оспанұлының сөзіне жазылған "Айлы түнде", Жұмаш Сомжүрекұлының өлең мәтініне жазылған "Асыл құрбым" тағы басқа әндерін барша әнсүйер қауым білетіні айдан анық. Сол Қалекең – Қалибек аға жақында ғана Батыс Қазақстан облысы Орал шаһарында "Нұр Отан" партиясының концерт залында шығармашылық концертін берді. Өнерді кие тұтатын текті жұрты сол кешке тайлы-таяғы қалмастан жиналып, таланты мен азаматтығы қатар жүрген "қара баласының" өнеріне бас иді.
Әрине, халықтан асып қайда барасың?! Бірақ елің, жұртың сенің талантыңды мойындап, өнеріңді сүйсініп жатса, бұдан артық бақыт бар ма, шығармашылық адамға?..
Міне, сол бақытқа өз талантының өсу, даму жолында бір адамдай кенелген Қалекеңе – Қалибек Деріпсалдинге біздің берер бағамыз – халқынан асып түспес.
Сонда да сүйіспеншілікпен Қалекең жайында сөз саптағанымыз айып болмас?! "Сағыныш сазы" авторлық кеші өз мәнінде асқан ностальгиялық сипатпен, сырлы сазды лирикамен, терең толғаныстағы сезіммен, қазақи аңқымамен көпшіліктің көңілін, жүрек қағысын дөп тауып, әннің мән-мазмұнын арттыра түсті.
Жергілікті жердің Дәулеткерей атындағы қазақ халық ұлт-аспаптар оркестрі, оның көркемдік жетекшісі әрі бас дирижеры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, композитор Еркін Нұрымбетов өзі Қалибек Деріпсалдинді арнайы шақырып, дүйім ел, нөпір халықтың қуанышына бөленуін сұраған-ды. Міне, сол халықтың, абзал дос-інінің тілегінен шығып, жүрегінен орын тапқан өнер иесінің таланты тағы бір мәрте түлеп берді.
Бұл кеште Қостанай, Торғай өңірінің ақындарының сөздеріне жазылған әндер шырқалып, оны нәшіне келтіре орындаған ҚР еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенова, Жұмағаным Рахимова, бірнеше халықаралық байқаулардың жеңімпазы Жанатбек Қадыров, айтыскер ақын, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Қатимолла Бердіғалиев ән өнерінің бүгінгі болмыс-бітімін әспеттей білді.
Бір ғажабы, кеш иесінің осы топырақта тұңғыш рет "Жеңіс" күйі орындалып, тұсауы кесілді. Мұны автор биылғы жылы кең көлемде атап өтетін "Жеңістің 70 жылдық" мерекесіне арнапты. ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, "Білім беру ісінің үздігі" (Қалибек Деріпсалдин шәкірт тәрбиелеп, оқытқан ұстаз – автор), халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы Қалибек Деріпсалдин тағы да осы сыңайлы авторлық кештерге қатыспақшы. Енді сәтін салса, Оңтүстік Қазақстанға да шақырту алып отырған жәйі бар.
Нұрболат Мешітбаев
Суретті түсірген Айбек Жүзбай