Шәкірттерін шыңға бастаған Білікті басшы, тәжірибелі ұстаз Бекежан Көшмырзин туралы сөз
Ұстаз деген сөз біз үшін қашанда қадірлі, қасиетті саналады. Небір данышпан да, қарапайым еңбек адамы да осы ұстаз алдынан өтеді. Ал, ұстаз болу кез-келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Сондықтан, осы құрметті атаққа кір келтірмей, бар саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге аямай жұмсаған ұлағатты ұстаздар арамызда аз емес. Сондай жандардың бірі, қарапайым ұстаздықтан директорлыққа дейін көтеріліп, осы салада аттай қырық жыл абыройлы еңбек етіп келе жатқан Бекежан Көшмырзинді облыс жұртшылығы тәжірибелі ұстаз, білікті басшы ретінде жақсы таниды.
Бекежан Көшмырзаұлы 1955 жылдың 24 қаңтарында Меңдіқара ауданының Қантомар ауылында дүниеге келген. Әкесі Көшмырза қарапайым шаруа адамы, ал анасы Рақыш аспазшы болған көрінеді. Отбасында жеті ағайынды, ал Бекежан аға үйдің кенжесі. Ағалары Жұмаш та, Қажен мен Әлмұқан, Құттыбай, Ермұқан да мұғалім, мектеп директоры болған кісілер, тек Дәулетбай ағасы ғана дәрігер мамандығын таңдапты. Бүгінде сол жеті ұлдан тараған ұрпақтың дені әке жолын жалғастырып, ұстаздық еңбек етуде. Сондықтан, Көшмырзиндер әулеті өңірге ұстаздар династиясы ретінде жақсы таныс.
Бекежанды әкесі төртінші сыныптан кейін Әулиекөлде тұратын ұлы Құттыбайдың қолына береді. Сондықтан, оның балалық шағы осы өңірде өтті, аудан орталығындағы С.Баймағамбетов атындағы орта мектебінде орысша оқып, білім алды. Ағаның тәлімді тәрбиесі мен жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп өсті. Мектепте оқып жүргенде балаң жігіт Дәулетбай ағасы сияқты дәрігер болуды армандады. Дегенмен, ол арманы жүзеге аспай, дәрігерлік оқуға түсе алмады. Асылы, оның білімге деген құштарлығы басылған жоқ, қайтсе де жоғары білім алуға талпынды. Осылайша, Қарағандыдағы милицияларды даярлайтын жоғары оқу орнына түседі. Бірақ, жолдасы әскерге баруға қолқа салып қоймаған соң, ол түсіп тұрған оқуын тастап, Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге аттанып кетеді. Әскерден келген соң, алғашқы еңбек жолын Қамысты ауданының Бестөбе ауылындағы орта мектеп жанындағы интернатта тәрбиеші болудан бастайды. Кейін ұйымдастырушылық қа-білетімен, зор жауапкершілігімен көзге түскен ол осы интернаттың меңгерушісі болды әрі бұл қызметті он жылдай абыроймен атқарды. Қостанайдың пединститутын сырттай оқып бітірген ол аталған мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ та берді. Тынымсыз еңбегі мен жауапкершілігінің, білімі мен біліктілігінің арқасында ол қарапайым ұстаздықтан мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, кейін 1988 жылы мектептің директоры болып тағайындалады. Өзі алғаш еңбек жолын бастаған осы білім ошағында 24 жыл қызмет атқарса, соның 13 жылында мектеп директоры болды. Басшылық тізгінді алған екі-үш жылдың ішінде ол ауыл мектебін аудандағы үздік білім ошақтарының қатарына қосып, материалдық базасын жақсартып, мектеп ісінің ілгері дамуына, білім мен тәрбие беру ісінің нәтижелі болуына үлкен еңбек сіңірді. Білім ошағын біліктілігімен, іскерлігімен басқарып қана қоймай, білім сапасының артуына да қосқан зор үлесі басшылар тарапынан да ескерілмей қалған жоқ. Содан 2001 жылы Бекежан Көшмырзаұлы облыстық білім басқармасының шешімімен жаңа технологияларды дамыту аймақтық орталығы директорының орынбасары болып тағайындалады. Арада көп уақыт өтпей, оған облыс орталығындағы қазіргі №24 мектеп гимназияны басқару тізгіні сеніп тапсырылады. Міне, сол тізгінді абыроймен ұстап келе жатқанына 14 жылдың жүзі болыпты. Жасыратыны жоқ, іргетасы қаланғаннан бері ешқандай күрделі жөндеу көрмеген бұл білім ошағының жағдайы ол кездері мүшкіл болатын. Қабырғалары көк тартып, терезелері целофанмен қапталған, жылу жүйелері әбден ескірген мектепте ол кезде мыңның үстінде оқушы білім алып, жүзге жуық мұғалім еңбек еткен көрінеді. Материалдық базасы адам шошырлықтай мектепті қалыпқа келтіру үшін Бекежан Көшмырзаұлы сол кездегі облыс әкімі Ө.Шөкеевке білім ошағының мүшкіл халін баяндап, күрделі жөндеу жүргізу жөнінде хат жазады. Көп кешікпей мектептің жөнделетіндігі жайлы облыс әкімінен жауап хат келеді. Сөйтіп, 2003 жылы облыс қазынасынан 312 млн. теңге бөлініп, аталған білім ордасына бас-аяғы бес айдың ішінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал, оның ашылуына Елбасының қатысуы мектеп тарихында елеулі оқиға болып қала бермек. Кейін күрделі жөндеуден соң білікті басшының атсалысуымен мектеп гимназия дәрежесін алды. Осылайша, тәжірибесі мол, іскер басшы бұл мектепті де облыс аумағындағы үлгілі білім ошағы дәрежесіне жеткізді. Бүгінде гимназиядан түлеп ұшқан түлектердің дені еліміздегі таңдаулы оқу орындарымен қатар, берісі Ресейде, арысы Америка, Англия, Кореяда білім алып, еліміздегі министрліктер мен әкімдіктерде, түрлі басқармаларда әр сала бойынша жемісті еңбек етуде. Мектеп оқушыларының пәндік олимпиадалар мен спорттық сайыстарда да жүлделі орындарды бағындырып жүргендігі, жыл сайын ҰБТ-да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүргендігі де бәрімізге аян. Бұл әрине мектеп ұстаздары мен шәкірттерінің бойындағы қабілетті, іскерлікті, білімі мен біліктілігін дөп басып, өркениетті елдің болашақ ұрпағын даярлауға аянбай тер төгіп отырған іскер басшы Бекежан Көшмырзаұлының ерен еңбегі деп білеміз. Білікті басшы әріптестерінің білімі мен біліктілігіне ғана емес, олардың жүріс-тұрысы мен киім-киісіне де қатаң талап қоятынын жасырмайды.
– "Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді" деп Мәлік Ғабдуллин ағамыз жақсы айтқан. Расында да, оқушы мұғалімге қарап бой түзейді, тәрбие алады. Мен де басшы ретінде осыған баса назар аударамын. Өз басым әйел мұғалімнің мектепке шалбар киіп келуіне қарсымын. Сол сияқты ер мұғалімдер де ең бастысы бой бастарын таза ұстап, олар да киім-киісіне баса мән беруі тиіс. Өйткені, мұғалім мамандықтың төресі, сондықтан ұрпақ тәрбиесінде ұстаз да соған сай болуы керек. Жалпы, өзім ұқыптылықты, жауапкершілікті, еңбекқорлықты, талапшылдықты сүйемін. Сол себепті басқалардан да, балаларымнан да осыны талап ететінім рас. Өйткені, қазіргі оқушылар жан-жақты, үш тұғырлы тілді меңгерудегі құлшыныстары да өте жоғары. Сондықтан, жаңа ғасырдың ұрпағын тәрбиелеуде ұстаздарға жүктелер міндет те, талап та жоғары. Құдайға шүкір, біздің мұғалімдеріміздің бәрі де сауатты, тіпті арасында заңгерлік тәрізді екінші мамандық алғандары да жетіп артылады, – дейді білікті басшы Бекежан Көшмырзаұлы.
Елеулі еңбек қашанда ескерусіз қалмайды. Білім саласындағы жемісті еңбегі үшін білікті басшы 2012 жылы "Ерен еңбегі үшін" медалін омырауына тақты. ҚР Білім саласының үздігі, мұның сыртында Білім және ғылым министрлігінің, облыс және қала әкімінің Құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталды.
Бүгінде асқаралы алпысқа келген Бекежан Көшмырзаұлы жұбайы Айсұлу Рахметқызы екеуі екі бала тәрбиелеп отырған ұлағатты әке мен ардақты ана. Тұңғыштары Сәуле тұрмыста, өмірлік серігі Марал екеуі Маджан және Сабина есімді перзенттеріне тәлімді тәрбие беруде. Сәуле Қостанай мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдаған, қазіргі күні әділет басқармасында қызмет атқаруда. Ал, кіші балалары Самрат әлі бойдақ, мамандығы заңгер-экономист, ауыл шаруашылығын қаржыландыру қорында заңгер болып қызмет етеді. Айтпақшы, Бекежан ағаның жұбайы Айсұлу да мұғалімдік мамандықты таңдаған. Ол да білім саласында абыройлы еңбек етіп келе жатқан білікті ұстаздардың қатарынан. Отағасы білікті басшы ғана емес, отбасында үлгілі әке, сүйікті жар. Салауатты өмір салтын ұстанатын ол кісі демалыс күндері міндетті түрде қауызға барып жүзуді, сондай-ақ суатқа барып морждар тәрізді мұздай суға шомылуды да әдетке айналдырған көрінеді. Сонымен қатар, футбол, волейбол, баскетбол тәрізді спорт түрлерін де серік етіп, бос уақытында түрлі әдеби кітаптарды оқығанды жаны сүйетінін де жасырмайды.
Иә, "Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады" демекші, білікті басшы, ұжым мақтанышы, тәжірибелі ұстаз Бекежан Көшмырзаұлының өзі басқаратын ұжымды тек биік белестерге жетелеп келе жатқанын ерекше атап өткеніміз жөн. Сондықтан, білім сапасының артуына өз үлесін қосып, талай жыл талмай-қажымай еңбек етіп келе жатқан ол кісінің өз тұғырынан түспей, әлі де біраз белесті бағындыра беретініне сеніміміз мол.
Қарлығаш
ОСПАНОВА
СУРЕТТЕ: Б.Көшмырзин отбасымен бірге.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.