Рудныйлықтар игі істі қолға алды

«Еліміздің барлық аулалары көркейтіліп, балалар үшін қауіпсіз ойын алаңдары ұйымдастырылуы тиіс. Ал жастардың спортпен айналысуына қажетті жағдайды қалыптастырамыз», – деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне рудныйлықтар нақты ісімен қолдау көрсетуде. Көпшілік қауым аспандағы айға қолын созбай, өздері белсенділік танытып, аулаларын өзгертуге тырысып отыр. Мәселен, Октябрьдің 50 жылдығы көшесіндегі 40 және 40А үйлерінің тұрғындары жаңа ойын алаңының салынуына ұйытқы болды.1
– Ортақ жиналыстардың бірінде ауламызға балалар алаңы қажет екендігін айтып мәселе көтерген болатынбыз. Сөйтіп, «Хорошее дело» газеті жариялаған «Қайырымды істердің жинақ сандықшасы» жобасына қатысамыз деп бел будық. Қажетті қаржыны жинақтаған соң редакцияға хабарласып, көмек сұрадық. Олар біздің өтінішімізді орындап, көп ұзамай балалардың ойын алаңын орнатып берді, – дейді қала тұрғыны Камила Мауленова.
Ауланың көркін келтірген экологиялық таза ойын алаңын финдік TALO фирмасы жасап шығарған. Ресей мен Еуропаның сапа белгісімен сертификатталған. Жалпы құны – 400 000 теңге.2
Қайырымдылық акциясы – «Хорошее дело» газетінің бір жылдан бері жүзеге асырып келе жатқан игі бастамасы. Сатылған әр газет пен такси қызметінен түскен әрбір 5 теңге балаларға арналған ойын алаңын салу үшін арнайы қорға жинақталады. Акцияның шарты бойынша, қор 300 000 теңге бөледі де, қалған қаражатты тұрғындар өздері жинауы тиіс.
Бұдан бөлек, жақын күндері қала тұрғыны Валерий Галимзяновтың бастамасымен "Октябрьдің 50 жылдығы" көшесіндегі аулалардың бірінде нағыз баскетбол алаңы пайда болды.
– Мен осы үйдің тұрғынымын. Көшіп келгеніме көп уақыт болған жоқ. Келген кезде бірінші болып көзіме түскені баскетбол алаңы болды. Оның жағдайы мәз емес еді. Себебі, тек қалқандар ған тұрды, ал дөңгелектері мен дәлдеу белгілері мүлде болған жоқ. Сондықтан бұл жерде жастар спортпен айналысуы үшін алаңды ретке келтіру керек деп шештім, – дейді ол.
Валерийдің бастамасын қалалық спорт бөлімі, жеке пәтер иелерінің кооперативтері, «Рахат» кәсіпорны мен «Тарлан» таксиі қолдап, бірлесе отырып ойын алаңын қалыпқа келтірді. Осы алаңда алғашқы ойын да ұйымдастырылып, әлеумет қуанышқа бөленіп, жастар жігерлене түсті.
Қазіргі уақытта мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Атамекен» жобасы бойынша Рудныйда бірнеше әлеуметтік жобалар іске асырылуда. Негізгі мақсат – қаланың инфрақұрылымын дамыту. Осы бағытта қалалық әкімдік тарапынан ауқымды жұмыстар басталды.
– Бүгінде жергілікті билік өз ұсынысы бар бастамашыл тұрғындар мен қолында мүмкіндігі бар меценаттардың басын қосып, туған жерге қайырымдылық жасауды қолға алды. Сол себепті, рудныйлықтарды болашағымыз саналатын балалар мен жастардың жағдайына немқұрайлы қарамауға шақырамын, – дейді Рудный қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Данияр Сәбитов.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓