Жеделсатылардың 42%-і жарамсыз
Бүгінде өңірдегі көп қабатты тұрғын үй лифтілерінің жай-күйі мәз емес. Облыс бойынша қолданыстағы 709 лифтінің жетеуі жөндеуді қажет етеді. Қалған 289-ын пайдалану мерзімі өтіп кеткендіктен, бүтіндей айырбастау керек. Алдағы 5 жыл ішінде Қостанай, Лисаков, Рудный қалаларындағы көп қабатты тұрғын үйлерде 289 лифтіні жаңарту жоспарланған. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Нұрлан Қатарбеков айтты.
Басқарма басшысының айтуынша, өңірде құрылыс нысандарына жүргізілетін тексеріс биыл 30%-ке кеміген. Десек те, соңғы жылдары жаңа бой көтеріп жатқан құрылыс нысандары көп. Олардың жұмыс сапасы жіті бақылауда болуы тиіс. Осы мақсатта өңірде жыл басынан бері жоспардан тыс 195 тексеріс өткізілген. Нәтижесінде 155 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 51,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.
Тексеріс барысында басқарма мамандары тұрғын үй құрылысын және инженерлік инфрақұрылым жобаларын жасаумен айналысатын 2 серіктестікті сот арқылы лицензиядан айырған. Оның бірі – «Юбилейный» шағын ауданындағы тұрғын үйлерді жобалауға қатысқан «Целинстрой» ЖШС. Бүгінде аталған серіктестікке қатысты әкімшілік іс материалдары қалалық мамандандырылған әкімшілік соты қарап жатыр.