Ауыр индустрия алыбы
Ауыр индустрия алыбы жаңа инновациялық жобалар алаңына айнала ма?
Елбасы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 62-қадамында: «Экономиканың шикізаттық емес салаларындағы орта бизнестің нақты көшбасшы компанияларын қолдауға бағытталған «Ұлттық чемпиондар» белсенділігін жүзеге асыру. Бизнес-көшбасшыларды айқындау ноу-хау трансфері үшін біліктілік орталықтарын құру мүмкіндігін береді» делінген.
Енді саралап көрейікші, «Ұлттық чемпиондар» кімдер? Оның санатына қосылу үшін не қажет? Өздеріңізге мәлім, біздің облыста «Ұлттық чемпиондар» тізіміне енген жалғыз кәсіпорын бар. Ол – «Баян сұлу» кондитерлік фабрикасы. Алып кәсіпорын шығарған тәттілер бүгінде әлемнің қырықтан астам еліне саудаланады. Яғни, фабрика ел экономикасының ілгері басуына бірден-бір ықпал етіп отырған өндіріс ошағы. Президенттің өзі ел аумағында осындай отандық өнеркәсіп кешендерін арттыру туралы жиі айтып жүр.
Өнеркәсіп халық шаруашылығының жетекші саласы болғандықтан, республикадағы қоғамдық өнімнің жартысы соған тиесілі. Сондықтан, ел экономикасын жандандырудың тың тәсілі – индустриалдық-инновациялық жобалардың өмірге дендеп енуіне жол ашылды. Бұл алдымен Қазақ елін әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына қосуға серпін беретін үлкен жоба. Елбасы Н.Назарбаевтың Ұлт жоспарына негізделген 100 нақты қадамы осы ауқымды істерді алға жылжытудың негізгі тетігі іспетті.
Осыған дейін тек шикізатқа ғана тәуелді республика бірден индустрияны дамытса, кейін оған экономиканың қозғаушы күшіне баланған инновациялық жобалар қосылды. Яғни, сырттан белгілі бір мөлшерде инвестиция тарту арқылы ішкі мүмкіндіктерді мейлінше сарқа пайдалану басты мақсатқа айналды. Соның нәтижесінде бұрын-соңды болмаған тың идеялар жүзеге аса бастады.
Мәселен, «ЭКСПО 2017» халықаралық көрмесіне ұсынылған жобалардың бірі Қостанай зауытында өндірілетін электромобильдер. Елбасы өз Жолдауында экспортқа негізделген экологиялық таза автокөлік өндірісін дамытуды тапсырған болатын. Жергілікті мамандар оның жүзеге асуы отандық автоөндіріс саласының дамуына серпін береді деген пікір айтады.
Мәселен, «ЭКСПО 2017» халықаралық көрмесіне ұсынылған жобалардың бірі Қостанай зауытында өндірілетін электромобильдер. Елбасы өз Жолдауында экспортқа негізделген экологиялық таза автокөлік өндірісін дамытуды тапсырған болатын. Жергілікті мамандар оның жүзеге асуы отандық автоөндіріс саласының дамуына серпін береді деген пікір айтады.
Қостанайдағы зауытта құрастырылған электромобильдер қазірдің өзінде тұтынушылардың зор қызығушылығын тудырып отыр. Қостанайдағы автозауытта осы уақытқа дейін 27 электромобиль құрастырылды. Олардың бірқатары автосалондарға жіберілсе, қалған бөлігін сынақтан өткізді. Бастапқы нәтиже тоқпен жүретін көліктердің тиімділігін көрсетті. Ауаны ластамайды, үнемді. Тегіс жолда сағатына 140 шақырым жылдамдықпен жүйткиді.
Қазір кәсіпорын инновациялық өнімді экспортқа шығару мүмкіндігін қарастырып жатыр. Алдымен электромобильдерді Ресей мен Орта Азия елдеріне өткізу жоспарланған. Әсіресе, Қостанайдың орналасқан жері, теріскейдегі көршіміздің жақындығы бұл жобаны жүзеге асыруға аса қолайлы. Биыл отандық көлік құрастыратын «СарыарқаАвтоПром» зауыты сыртқа 86 жеңіл көлік сатты. Бұл әрине, мұнымен тоқталып қалмақ емес.
Бұл өңірдегі ірі өндіріс санатындағы біз атап отырған бір ғана жоба. Жалпы, облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары ел экономикасының өркендеуіне шама-шарқынша үлес қосып келе жатқаны аян. Олардың әрқайсысы «Ұлттық чемпион» болуға әбден лайық.
Облыстық индустриалдық-инновациялық және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Иса Құдабековтің айтуынша, біздегі ірі өндіріс ошақтарының басым бөлігі ішкі-сыртқы нарықта өздерінің аса белсенділігін танытып отырған сыңайлы. Мәселен, Рудныйда өндірілетін темір кені Қытай мен Ресейге экспортталады. Ал асбестті ТМД мен алыс шетелдер сатып алып жүр. Қостанайда шығарылатын көліктер Ресейге, Тәжікстан мен Қырғыстанға жол тартса, «Баян сұлу» АҚ кәмпиттері Монғолияға, Германияға, Қытайға, ТМД елдеріне жөнелтіледі. Сүт өнімдерін Ресей елі сатып алуға мүдделі. Ұн және ұн өнімдері Ауғанстанға, Иранға, ТМД елдеріне тасымалданады. Енді биылдан бастап мыс концентраттары Қытайға жөнелтілетін болды.
Үстіміздегі жылдың жарты жылдығында «Баян сұлу» фабрикасының 9691 тонна кондитерлік тауарлары экспортталды. Сондай-ақ, 3,5 мың тонна сүт өнімдері сыртқы нарыққа шығарылды.
-Жыл басынан бері Ресейге, Өзбекстанға, Ауғанстанға, Қырғыстанға, Түркіменстанға және Грузияға 97 мың тонна ұн мен макарон өнімдері жіберілді. Ал тау-кен өндірісі саласында «ССКӨБ» АҚ, «Өркен» ЖШС-нің Лисаков филиалы, «Қостанай минералдары» АҚ, «Қазогнеупор 2015» ЖШС, Қазақстан алюминийі» АҚ филиалы – Торғай боксит-кен басқармасы. Биылғы жылдың қаңтар-маусым айларында олар 103,6 млрд теңгенің өнімдерін экспортқа жөнелткен. Бір ғана «ССКӨБ» АҚ өзі алты айдың ішінде 4584,5 мың тонна өнімді саудалады. Ал «Қостанай минералдары» АҚ осы аралықта 101,2 мың тонна асбест тиеп жіберді. Мұның сыртында үстіміздегі жылы 450,5 млн теңгеге бағаланған ауылшаруашылық техникаларының қосалқы бөлшектері, тырмалар, су соратын насостар, басқа да тұрмысқа қажетті заттар экспортталды ,- дейді басқарма басшысы.
Екі-үш жылдан бері Қостанайда құрылысқа қажетті арматуралар шығарылып келеді. Отандық өнімдерге ішкі нарықтан бөлек шетелдерде де сұраныс жоғары. Мәселен, «МехЛитКом» және «ЕуразКаспианСталь» серіктестіктері алғашқы жарты жылдың бедерінде Ресей, Тәжікстан мен Қырғызстанға жалпы сомасы 3 млрд теңгеге бағаланған құрыш және шойын құймаларын, арматураларды жөнелтті.
-Биыл «Баян сұлу» АҚ жаңа нарыққа шықты. Кондитер фабрикасы өз өнімдерін Қырымға, Самараға, Шешен республикасына, Украинаға, Беларусь пен Арменияға саудалай бастады. Ал «Өркен» ЖШС-нің өнімдері Қытай мен Қырғызстанға жол тартты. «Казогнеупор зауыты 2015» ЖШС –Румыниямен, «Варваринское» АҚ Қытаймен, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС Қырғызстанмен келісім-шартқа отырды,-деді Иса Құдабеков.
Жалпы, жыл басынан бері өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындар 411 млрд-тан астам теңгенің өнімдерін өндірген. Өнім көлемін арттыруда облыс республика бойынша тек Атырау мен Жамбыл облыстарынан ғана қалып қойған. Яғни, үздік үштікті түйіндеп тұр. Өнеркәсіп құрылымындағы ең қомақты үлес ол, өнім өңдеу саласына тиесілі – 51,6 %, Одан кейін тау-кен өндірісі тұр. Олардың еншісінде 40,3% , электрмен жабдықтау – 6,5%, сумен жабдықтау – 1,5 %–ке тең.
Сайып келгенде, экономиканың қуатты көзіне айналған индустрия һәм инновациялық теңгерімнің нәтижесі ілгерілеген үстіне ілгерілей беруі заңды құбылыс. Бірақ, тоқмейілдікке салынуға әсте болмайды. Қазақстан шикізат өндіруші елден өнім өндіруші елге айналуына жоғарыда айтқанымыздай «Ұлттық чемпиондар» легі үлес қосып жатса, кәні?!
Әлібек ЫБЫРАЙ