Табыс көзі түйеде
Қазақтың жылқыдан кейін қадірлейтін түлігі – түйе. «Нары бардың малы бар» деп айтуы да бекер емес. Сүті мен еті, түгі мен жүнінен бөлек, көшпелі халықтың былайғы тұрмысына, көші-қонына қолайлы болған. Жұрт санасында «сахараның сұлуы», «дала кемесі» деп танылған түйе теріскей аймақта да өрістеп келе жатыр.
Тобылдың Таран ауданының тұсын тіліп өтетін бір сағасында Юбилейный деген ауыл бар. Бұл елді мекен кеншілер қаласының маңынан орын тепкен. Осынау аядай ғана ауылда Алмат Нұрмаханов Ойсылқара төлін түлетіп отыр. Әл-әзір кәсіптің кенжелеп тұрған түрін қолға алған азамат бізге өзінің шағын шаруашылығын көрсетті.
-Мен Өзбекстанның Үшқұдық деген қазақ ауылында туып-өстім. Ол жақ шөлейт жер. Басты кәсіп – түйе шаруашылығы. Тек 2003 жылы Рудныйға қоныс аудардым. Мамандығым – агроном. Ерте жастан малға жақын өстік. Үнемі аңсарым ауып тұрғасын қалада ұзақ тұрақтамай, іргедегі Юбилейныйға көшіп келдік. Біраз жыл Соколов-Сарыбай кен байыту орнында еңбек еттім. Ойлана келе, жеке кәсіпке бет бұрғанды жөн санадым. Қарасам, Қостанай төңірегінде мұндай кәсіпті дөңгелетіп жүрген ешкім жоқ. Оның үстіне, бала күнімнен түйе көріп өскесін жай-күйін жақсы білемін. Содан, 2016 жылы Қостанайдағы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында «Бизнес кеңесші» курсынан өтіп, 4 млн теңге көлемінде3 жылға есептеп шағын несие алдым. Сол жылы берілген қаржыға Аманкелді ауданына қарасты Үрпек ауылынан бір аталық, төрт аналық түйе әкелдім. Қалған ақшаға қора-қопсы салдық. Несие алғасын алты ай сенен ақша сұрамайды. Яғни, бастаған кәсібіміз айналымға шыққасын ғана төлеуге рұқсат етеді. Мемлекеттік бағдараламының бір тиімді тұсы осы. Қазір ай сайын 120 мың теңгеден төлеп тұрамын,-дейді түйеші Алмат.
Жануарлар бұл жерге тез бой үйретіп, жерсінген. Биыл боталап, берекесін беріп отыр. Алматтың жары Роза түйелерді өзі сауып, сүтінен саумал, шұбат, құрт, жүнінен көрпе-жастық жасайды.
-Міне, екі жыл өтті, біраз төселіп қалдық. Қыр-сырын меңгердік. Өзім сауамын, өнімін де өзім әзірлеймін. Қазір үш сауын бар. Жаз уақытында далада жайылады. Бақташы үш мезгіл қайырып әкеледі. Таңертен, түсте, кешке сауамын. Әр түйе бір литрден ақ береді. Қыста кейде одан да аз. Шұбатты негізінен күбіде пісіруге болады, бірақ мен қолмен-ақ әзірлей беремін. Бүгіндері түйе сүтіне деген сұраныс көп. Литрі – 900 теңге. Әуелде ешкім біле бермейтін, қазір жан-жақтан келіп алады. Әсіресе, жаз кезінде той-томалаққа көптеп тапсырыс береді,-дейді Роза Ізбаева.
Иә, үш сауын түйенің сүті көпке жетпейді. Сондықтан, кәсіпкер тағы қаржы алып, төл басын көбейтуді көздейді.
-Бізде қазір алты түйе бар. Негізінен қос өркешті інген түйелер және бір мая түйе бар. Соның үшеуі ғана сауын. Інгеннің сүті қою, 7 пайызға дейін майлы болады. Мәселен, сиыр сүтінің майлылығы 2 жарым пайыз болса, бұныкі екі есеге артық. Басында ауылдастарымыз жатырқап, таңықраушы еді, бүгін бәрі үйренген. Юбелейный ауылының жан-жағынан Лисаков, Рудный, Жітіқара, Қостанай сияқты қалалар қоршаған. Оған ірілі-ұсақты аудан мен ауылдарды қосыңыз. Түгел бізден алады. Тіпті, Ресейден келетіндер бар. Сұраныс көп қазір. Сондықтан, алдағы уақытта тағы шағын несие алып, Атырау жақтың сүтті түйесін әкелсем бе деймін. Бір түйенің құны 1 млн-ға дейін жетеді. Өнімдерімізді Қостанайда өтетін көрмелерге апарып тұрамыз. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Тимур Құлыбаев пен облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жоғары бағасын берген болатын. Мемлекеттен талай мақтау-мадақ пен сыйақылар алдық. Әйтеуір, тынымсыз еңбегіміздің жемісі деп білемін. Бүгіндері Астанадан келген азаматтар «Бизнес бастау» тренингін өткізіп жатыр. 25 күн тәлім аламыз. Біткесін бизнес-жоспар құрып, оны қорғау керек. Сәтті өтіп жатсақ, мемлекеттен тағы қаржы береді. Менікі – ата кәсіпті қайта жандандырсам деген ой. Өйткені, оның күтімі де жеңіл. Қасиетті жануар. Құранда айтылған түліктің бірі емес пе. Сол себепті берекесі мол деп білемін. Түйенің сүті де, жүні де ем ғой. Алдағы уақытта жол бойына киіз үй тігіп, шұбат, қымыз сату да ойда бар,-дейді А.Нұрмаханов.Кәсіпкердің айтуынша, түйенің тек сүті ғана емес, еті де өтімді. Былтыр олар оның етін 1400 теңгеден сатқан. Алам деушілердің саны артып тұр дейді.
-Былтыр бір тайлақ пен қысыр түйе сойып, етін саттық. Сөйтсек, оған да сұраныс бар екен. Кәсіп өрге домалап, мал басы арта түссе, әрине, бұны да қатар алып жүруге тырысамыз.
Алмат бұл кәсібіне көл-көсір пайда табу емес, әйтеуір соңынан ерген бала-шағаға қалар еңбек ретінде қарайды. Әрісі өзінің де аңсары – ауыл, мал-жанның қамымен жүруді жөн көреді. Қаладағы жайлы үйінен де көшіп кеткені сол. Үлкен қызы әке ізін жалғастырмақ. Болашақ агроном. Ортаншысы, ұлы әлі мектеп оқушысы. Кішісі ойын қуып жүр. Міне, солар жалғастырар оңды іс болса екен дейді.
Кенже ҚОНЫСБАЙ,
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.