Қазақ әдебиетінің ырыс-құты

«Елім-ау, бір сен үшін міндім атқа,
Көзге жем қылмаймыз деп енді жатқа.
Көтеріп Алаш туын ұрандадық,
Қарамай шапқан қылыш, атқан оққа»-деп елінің болашағы үшін еңіреп өткен қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі – ұлттық сөз өнерінің аса ірі өкілі, ақын, жазушы, публицист, драматург, халқымыздың біртуар перзенті, зұлмат жылдар құрбаны, ел-жұрты ерекше құрметтеп, «Би аға» атанған Бейімбет Майлин 2019 жылы 125 жасқа толады. «Бейімбет Майлин кім?» дегенде туған жері Қостанай, Торғай өңірі емес, исі Алаш жұрты «Би аға»  деп білетіні ақиқат.
Әйтсе де, бүгінгі жас ұрпақ Бейімбет Майлин туралы терең біле қоймайтыны шындық. Сондықтан, қысқаша мағлұмат бере кеткеннің артықшылығы жоқ деген  ойдамын. Бейімбет Майлин қазіргі Қостанай облысы, Таран ауданы, Ақтөбе елді мекенінде «бұрынғы Торғай облысы, Қостанай уезі, «Дамбар» болысы, Әйет өзенінің бойындағы Шанқан деген жерде» дүниеге келген. Алғаш ауыл молдасынан хат танып, кейін Троицк қаласындағы «Уәзифа» мектебін тәмамдап, сосын Қостанайдағы орысша-қазақша мектепте білім алады. Табиғатынан зерек, талапты жас Бейімбетті бұл білімі қанағаттандырмайды. Ол одан әрі оқуды Уфадағы «Ғалия» медресесінде жалғастырып бітіріп шығады. Алғашқы өлеңі – «Мұсылмандық белгісі» «Ғалия» медресесінің жанынан шығатын «Садақ» журналында 1913 жылы жарық көреді. Бейімбет Майлин – «Егемен Қазақстан»  (бұрынғы «Еңбекші қазақ») басылымын, алғашқы әдеби журнал – «Жұлдызды»  (бұрынғы «Әдебиет майданы», одан кейін «Әдебиет және искусства»), қазіргі «Қазақ әдебиеті» газетін алғашқы шығарушылардың бірі. Тұңғыш қазақ көркем киносы «Амангелді» фильмінің сценарийін жазған да – Бейімбет Майлин еді. Жазушы жаңа бағыттағы туындыларымен қазақ әдебиетіне қарама-қайшылыққа толы қуатты дүниелер қосты. Атап айтқанда, оның «Қарашаш», «Азамат Азаматыч», «Ауыл», «Қоңсылар», романдары, «Раушан коммунист», «Шұғаның белгісі», «Берен», «Он бес үй», «Тартыс» сынды повестерімен қатар, «Шаншар молда», «Әмеңгер», «Неке қияр», «Пұрткел», «Қос қақпан», «Келін мен шешей» тәрізді жиырма беске тарта пьеса мен «Мырқымбай», «Зәйкүл», «Маржан», «Байдың қызы», «Өтірікке бәйге» секілді оннан аса поэма да жазған.
          Бейімбет Майлин шығармаларының өміршеңдігі кейіпкерлерінің сол дәуірге сай әрі шынайы суреттелуінде болса керек. Оның қаламынан туған туындылар қоғамдағы келеңсіз жағдайларды жоюға, жас ұрпақты отаншыл рухта тәрбиелеуге, елі мен жерін сүюге, оған қызмет етуге үндеді.
         Бір кереметі Қазақстан Жазушылар одағын құруда да Бейімбет Майлин өзінің қаламдас достары Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіровтермен бірге атсалысты. Осы үш арыстың еліміздің кең байтақ даласының үш өңірінен келіп, әдебиет деген ұлы мұхитта табысуында, оның арты үлкен сыйластыққа, достыққа ұласуы  тағдырдың ісі болатын. Сұңқар сері Сәкен арқадан болса, әңгіменің қара торысы Бейімбет Қостанайдың сары даласынан еді, ал  дегдар құлагер ақын Ілияс болса жер жәннаты Жетісудың тумасы-тын. Осыған байланысты қазақтың дүлдүл, суырып салма ақыны Иса Байзақов «Сен – Тобылдың өзенісің, Сәкен – Арқаның асауы, Ілияс – Қоңтажының шыңындағы жартасы» – деп бекер айтпаған ғой.
         Сөйтіп бірге жүрген қазақ әдебиетінің үш алыбының бірі Сәкен Сейфуллинге  қаланың аты бұйырды, ал Ілияс Жансүгіровке ауданның аты берілген. Осындай құрметке қазақ әңгімесінің ырыс-құты Бейімбет Майлин де лайық емес пе еді? Еліміздің көк байрағы желбірегелі бері классик жазушымыз Бейімбет Майлиннің 1994 жылы 100 жылдығы, 2004 жылы 110 жылдығы, 2014 жылы 120 жылдығы туған жерінде аталып өтті. Осы мерейтойлардың қарсаңында біраз іс-шаралар атқарылғанымен, оның туған ауданына Бейімбет Майлиннің атын беру мәселесі шешімін таппай келеді. Енді Таран ауданының қазіргі атауына келер болсақ, большевик Лавренти Игнатьевич Таран атында екені барша жұртқа аян. Ал сол «В.И. Таранның ауданға аты берілетіндей қандай еңбегі сіңді?» дегенде өзіне бекітіліп берілген қызыл отрядымен Қостанай, Торғай өңіріндегі жергілікті қазақтарды қан жылатып, Кеңес үкіметін орнатуға атсалысқан большевик болғанын тарихтан оқып-білдік. Иә, әр заманның өз құрқылтайы болады демекші, сол кездің солақай саясатының салдарынан Би ағаның туған ауданына Таранның аты беріліп, қазақтың біртуар арда ұлы, классик жазушымыз Бейімбет Майлин ысырылып қалды. Енді осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында арқаны кеңге салмай, мәселені артқа ығыстыра бермей, кешеуілдетпей, кейін қапы қалыппыз демей, 2019 жылы өтетін 125 жылдық торқалы тойының қарсаңында Таран ауданына сол жердің төл тумасы, Алаштың арда ұлы, классик жазушымыз Бейімбет Майлиннің атына беру  керек. Сонда ғана әділеттің ақ туы желбіреп, Би ағаның алдындағы парызымызды,  қазақ тарихы алдындағы кемшілігімізді өтейміз.
        Бұл өзгерісті бүкіл Алаш жұрты тағатсыздана күтіп, қолдап отыр. Бұл мәселеге Қостанай елінің ел-жұрты да түсіністікпен қарап, өз жерлесі қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, Қазақстан Жазушылар одағын құрушылардың, қазақ баспасөзінің негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері, классик жазушымыз Бейімбет Майлиннің атын беруді қолдайды деп сенемін. Игіліктің ерте, кеші жоқ. Таран ауданына Бейімбет Майлин есімі берілсе, ол біздің тарихқа қайта оралғанымыз, ұлт болашағы үшін шыбын жанын қиған боздақтың рухына деген тағзым, ұлттың рухы мен руханияты үшін сөзсіз үлкен олжа болары анық. Сондықтан Алаш жұртының арманы Би ағамыздың торқалы тойы қарсаңында күн тәртібінен түспеуі тиіс. Қазақтың дүлдүл ақыны Ғафу Қайырбековтің  1994 жылы Бейімбет Майлиннің 100 жылдық торқалы тойы тұсында Қостанай қаласында орнатылған ескерткішінің түбінде оқыған «Ескерткіш» атты өлеңі есіме түсті. Бірге оқып көрелік:
                   Тағы оралып тұр, міне,
                    Бар шабыты бойында.
                    Сол бір тірі күнінде,
                    Сол бір жайсаң шағында.
                    Сол баяғы асыл күй, 
                    Бізге мәңгі мақтаныш.
                    Кел, әлеумет, басыңды и,
                    Кел, жолаушы, аттан түс!
                    Аттан түс те сәлем бер,
                    Бүкіл қазақ сыйлаған,
                    Бәрін сүйген кемеңгер,
                    Алдыңда тұр Биағаң!..
 
Жұмабек Табын, Бейімбет Майлин қоғамдық қорының директоры,
Алматы қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓